Рухани жаңғыру

Латын – бізге жат емес

   Қоғам  үшін бүгін өте өзекті мәселе – латын графикасы. Соған орай көпшілік толассыз айтылған толымды пікір мен ұтымды ұсыныстарды таразы тезінен өткізуде.  Жаңа әліпбиден ұтар-ұтпасымызды сараптаған сан алуан ойлар ортаға салынып-ақ жатыр. Баршасын  латын графикасына көшудің ел ертеңі үшін маңыздылығы ұйытады. Түрлі деңгейдегі семинар, кездесулер, жүздесулерде жіті жіліктелудегі латын әліпбиіне көшетін күні жеткенін ғалымдар да, тіл саласының мамандары да, көпшілік қауым да түйсініп отыр. Қарағанды экономикалық университетінде өткен «Қазақ әліпбиінің латын графикасына көшу мәселелері» семинарында сөз алған ғалымдар мен қатысушылар тағы бір мәрте әліпби хақында пікір алмасты.

«Қазақ тілі және Қазақстан мәдениеті» кафедрасының  меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Клара Қабатаева семинардың мақсаты  – латын әліпбиі туралы ақпарат беру, түсінік қалыптастыру, қоғамда әліпбиді насихаттай отырып, оның дамуына ықпалдасу екенін айтады. Сол арқылы латын графикасын қолданудың мәніне үңілу.

Филология ғылымдарының кандидаты, ғалым Мейіржан Топашов қатысушыларға латын әліпбиінің тарихынан мағлұмат берді. Латынның бізге бөтен еместігін, өткен ғасырдың қырқыншы жылдарына дейін тілімізде қолданылып келген әліпбидің еш қиындық тудырмайтындығын атайды.

Мейіржан ӘБДІҚАДЫРҰЛЫ, филология ғылымдарының кандидаты:

– Жалпы, латын әліпбиі бізге жат емес. Өздеріңіз білесіздер, 1929 жылдан бастап, 1940 жылға дейін латын әліпбиін қолданғанбыз. Негізі, латын әліпбиінің тамыры тереңде. Мәселен, әлемге әйгілі Гомер шығармалары латын тілінде. Шығыс медицинасында Ибн Синаның трактаттары латын тілінде. Тіпті, медицинадағы бүгінде латынша қолданылатын терминдердің өзі Ибн Синадан келуі мүмкін деген пікір айтылуда.

Ғалымның айтуынша, латынға көшуден ұтарымыз көп.Ендеше, одан үркетін негіз жоқ. Оған қоса, әлемдегі көптеген тілдердің бастауында тұрған латын тіліне көшудің халықаралық тәжірибесі де семинар да кеңінен сөз болды. Бұған филология ғылымдарының кандидаты Шұға Ақатаева тоқталды. Баяндамашы бұл күнде әлем елдерінің бірқатарында айтарлықтай жетістікпен қолданысқа енген латын графикасындағы үдерістерді қозғады.  Ал семинарға арнайы шақырылған ҚарМУ-дың ғалымы, филология ғылымдарының кандидаты Мархаба Тұрсынова латынға көшу арқылы басы артық дыбыстардан, әріптерден құтыламыз дейді.

Мархаба ТҰРСЫНОВА, ҚарМУ, филология ғылымдарының кандидаты:

– Латын графикасы арқылы біз, ең алдымен, басы артық дыбыстардан құтыламыз. Орфографияға қа­тысты ережелерді азайтамыз. Бүгінгі қолданыстағы әліпби ең көп 42 әріптен құралған әліпби. Сол себепті, егер біз латын графикасында халықаралық озық тәжірибелерді пайдалансақ, еш ұтылмасымыз анық.

Сондай-ақ, семинарда ұйымдастыруға ұйытқы болған кафедраның  оқытушылары латынға қатысты, оның технология, білім саласына ықпалы хақында ой бөлісті. Жалпы, жарыссөзге шыққан, әңгіме өрбіткен ғалымдар бір арнаға тоғысты. Ол  – қоғам латын әліпбиіне көшуге дайын.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button