Руханият

Ғұлама ғұмырының ғибраты

Қазақ ғылымындағы геологиялық қызметтің негізін қалаушы, Қазақ ССР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті, геологиялық ғылымдар институтын құрушы Қаныш Сәтбаевтың туғанына кеше 124 жыл толды. Күнтізбедегі Ғылым күніне орай, Қ.Сәтбаев атындағы мектепте академиктің еңбегін қамтыған экспозициялық зал ашылды. Арнайы залдағы жәдігерлер Қ.Сәтбаевтың жиен немересі Меруерт Назарованың қатысуымен таныстырылды.

Қазақтың тұңғыш инженер-геологы, ғылым докторы, академик және Қазақ ССР Ғылым Академиясының құрылуының бастауында тұрып, оның бірінші президенті болған Қ.Сәтбаев – өмірдің «тар жол, тайғақ кешуінен» аз да болса оның зейнетті күндерін де көрген бірегей ғұламаның бірі. Оның атқарған істері мен ерен еңбегі – ел аузында. Алайда, отбасы мен қазіргі таңда арамызда жүрген туған-туыстарынан хабарсызбыз.

– Менің әжем – Қаныш Сәтбаевтың туған ағасының қызы. Мен оған жиеншар болып келемін. Әкемнің айтуынша, Қаныш Сәтбаев біздің отбасымызға көп көмек берген. Тіпті, үй салып, материалдық-моральдік тұрғыда қолдаған екен. Мен ол кісінің көзін көрдім дей алмаймын. Десек те, ол кісі түзде қандай жарқын, жайдары болса, үйде де сондай болыпты. Мінезі өте жұмсақ әрі жағымды, қарапайым деседі көзкөргендер. Ол кісі кез келген адаммен тіл табысып, өзіне үйіріп алатын қасиетімен танымал болған деп еститінмін. Тарихшымен тарихи тілде, ғалыммен ғалымша, әдебиет маманымен әдеби тілде сөйлескен. Бала-шағамен де солардың тілінде араласып, ойнап, сан қырын таныта білген, – деп атап өтті академиктің жиеншары Меруерт Ғинаятқызы.

Расында, көп жұртшылық жадында Қ.Сәтбаевтың ғылымдағы аты ғана сақталған. Оның отбасы мен әулеті жайлы көп деректі әркім біле бермейтіні бар. Мысалы ғалымның ізін қуып, еңбегін геологиямен байланыстырған қызы Мейіз Сәтбаева туралы да көп білмейміз…

Тарау-тарау тарихты тар уақытқа сыйдыра білген мектеп оқушылары мен ұстаздар қауымының ұйымдастыруымен экспозициялық залға таныстыру басталды. Онда оқушылар қабырғаға қойылған академиктің туғанынан еңбек жолы мен өмірінің соңғы жылдары бейнеленген картиналар арқылы өмір жолын шолып шағын баяндама өткізді.

Академик, геолог және қоғам қайраткері 1899 жылы 12 сәуірде Теңдік ауылынан 1 шақырым қашықтықтағы Айрық деген жерде дүниеге келген. Бүгінде бұл – Павлодар облысы Баянауыл ауданы Сәтбаев ауылдық округіндегі Мұса Шорман ауылы. Дүниеге келген сәбиге Ғабдул-Ғани деген есім берілген. Анасы ұлын еркелетіп Ғани, Ғаныш деп атапты. Артынша баланы барлығы Қаныш деп атай бастаған.

Қаныш Сәтбаев ауыл молдасынан білім алады. Ол араб, парсы тілдерінде оқыған. Мұнан кейінгі екі жыл көлемінде уездегі алғашқы қазақ-орыс мектебінде оқиды.

1911 жылы Қаныш Павлодардағы орыс-қазақ училищесіне түседі. Ол үш жыл ішінде төртжылдық бағдарламаны меңгеріп алып, артынша Семейдегі мұғалімдер семинариясына оқуға түскен. Сәтбаевтың денсаулығы сыр бере бастағандықтан, диплом алу үшін емтиханды экстернмен тапсырған. Содан кейін Томск технологиялық институтына түсуге дайындалады.

Арада біраз уақыт өткен соң ол асқынған туберкулезді қымызбен емдеу үшін 1920 жылдан 1921 жылға дейін туған өлкесінде болады. Осы кезде Қаныш Сәтбаев қазақ мектептеріне арнап алғашқы алгебра оқулығын жасауды бастайды. Бұл жұмысты 1954 жылы бітіреді.

Сонымен қатар, іс-шара соңында Қ. Сәтбаев мектебіне «Қазақ халқының мұрасы» кітаптар сериясының Ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесі табысталды. Аталған күнтізбеде барлық қазақ зиялыларының атаулы күндері мен қазақ мәдениетінің айтулы даталары белгіленген. Жоба авторларының айтуынша мұндай күнтізбе облыстық көлемдегі барша қазақ мектептеріне тегін үлестірілмек.

Жан АМАНТАЙ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button