Жаңалықтар

Ұлағат тұнған бір ғұмыр

Жұмыс аптасының берекелі бейсенбісі еді. Кабинетке самайы ағарған, бірақ еңсесі тік бейтаныс адам келді. Қысқа амандық-саулықтан соң ол кісі «Ғалым Асқар Жұмаділдаевтың «Адамға ең жақын, ең керек екі мамандық – мұғалім мен дәрігер. Менің білуімше. Сіздің білуіңізше де солай болуы керек» дегені бар-тын. «Ал, ұстаздық пен дәрігерлікті ғұмыр бойы қатар алып жүрген жанды естуіңіз бар ма еді? Ендеше, таныс болыңыз – Нөсербай Асылбеков», – деп бірқатар деректерді қолыма ұстатты…

…Ол өз өмірінің 55 жылын дертке шалдыққан қамкөңіл жандардың саламаттығына арнады. 1943 жылы Қарқаралы ауданы Бесоба ауылында дүние есігін ашты. Жастайынан жақсы тәрбиені бойға сіңірген естияр жігіт «жұртыма қайтсем пайдамды тигіземін» деп толғанды.

– Негізінде, агроном болуды көксеген едім. 1962 жылы алақандай Бесоба ауылынан арман арқалап қала келдік. Отбасының жағдайына қарасып, толғана келе Қарағанды мединститутын таңдадым. Былайғы ел есімімді қысқартып Нөсер дейтін. Оқуымды тәмамдап, Шет аудандық ауруханасына жолдамамен келген едім. Анамды қолыма алдым. 1967 жылы Қамаш Қабдоллақызымен дәм-тұзымыз жарасып, отау құрдық. «Ауылдың Айболиті» болу біле білгенге денсаулық сақтау саласының ең ауыр да жауапты міндеті еді. Ол жылдары ауыл халқы дәрігерлерге зәру кез еді. Қараша ғұмыр кешкен елдің арасында жүріп, тәжірибе жинақтадық. Ер-азамат қаншалық қатал шартта жетілсе, осыншалық күшті, қайтпас өжет болары аян. Мұнда медициналық қызметтің барлық саласында бірдей жұмыс істеуге тура келетін, – дейді қарт дәрігер тебіреніп.

***
Арада үш жыл өтті. Нөсербай Садырбекұлының Қарағандыдағы №4 қалалық ауруханасына лор-дәрігер болып ауысқан кезі. Құлақ, мұрын, тамақ ауруларының дауасын тамыршыдай тап басып, ем қылудың қыр-сырлары әлі күнге дейін толық ашылмады. Бұл сала асқан ептілік пен шыдамдылықты талап етеді. Байқасаңыз, маңдай тұсына дөңгелек айна тағып алатын ақ халатты абзал жандарды лор-дәрігер дейміз. Шәкіртінің талабын байқаған профессор А.Брохман 1972 жылы Нөсербайға клиникалық ординатураға түсуге қолқалайды. Жылдардың легі жылжып, білімі мен білігі толысып қалған шәкіртін ұстазы 1976 жылы мединститутқа дәрігер-лаборант, ассистенттік қызметке шақырады. Сол бір естен кетпес елеулі жылдардан бүгінге дейін қазір университет атанған жоғары білім ошағының Оториноларингология кафедрасында жемісті еңбек етіп келеді. 1985 жылы диссертациясын сәтті қорғап, ғылым кандидаты атанады. Ал, 1990 жылы доцент атағын еншілейді. Тумысынан атақ, мансап, билікке құмар болмаған осы бір аяулы жанды тағдыр өзі сый мен құрметтен кенде қылмады. Нөсербай Асылбеков дегенде көзкөргендер оны бірден «ұстаз-ғалым» деп ардақтап тұрады. Ардақ тұтар жөні де бар. Тәу етер Тәуелсіздік жылдарында ана тіліміздің тұғырына қонуына талмай еңбек етті. 45 ғылыми әдістемелік оқулықты туған тілде сөйлетіп, баба тілдегі медицина ғылымының сап басында тұрғандардың қатарынан орын алды. 2015 жылы академик В.Пальчунның редакциясымен «Оториноларингология» оқулығы аударылған. Науқастарды емдеуде жаңа емдеу әдістерін қолдана жүріп, стационарлық емделіп жатқан науқастарға консультациялық көмек көрсетумен келеді. Емдеу кезінде ауылдық және қалалық жерлерде көшпелі консультациялық жұмысты жүзеге асырды, шұғыл көмек көрсету кездерінде де талай сырқатқа шалдыққандардың дертіне дауа тапты. Н.Асылбековтің ғылыми-зерттеулерінің нәтижелері 58 баспа жұмысында жарияланды.

***
Медицина алдымен гуманитарлық сала екендігін ұмытпаған абзал. Жанымен алысқан жарымжандарға арашашы болып, дертіне ем табу екінің бірі, егіздің сыңарының қолынан келе берерлік іс емес. Кәсібін коммерцияға айналдырмай, риясыз жақсылық қылу санаулылардың қолынан келмек игілік болса керек. Содан шығар, Нөсербай ақсақал бүгінде сексеннің сеңгіріне бір табан жақындаса да ғылым мен ізгілік жолында талмай еңбек етуде. Бүгінде ол – Қарағанды медициналық университетінің қауымдастырылған профессоры. Облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқаны, Жаңа қазақстандық қоғам құру ісіндегі жеке еңбек пен шығармашылық үлестері үшін Нөсербай Асылбеков Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Қазақстан Республикасы денсаулық министрлігінің «Еңбек ардагері» медалінің иегері.

***
Доктор Нөсербайдың былайғы жетістіктері мен марапаттарын санай берсек, патша көңіл оқырманымызды зеріктіріп жіберуіміз бек мүмкін. Түпкі мақсатымыз да ол емес еді. Айтпағымыз, осы бір қайратты жан – күніне 12 сағат талмай еңбек ететін жанкешті адам. Фәни дүниенің көптеген нығметтерінен саналы түрде бас тартып, болашақ дәрігерлерді тәрбиелеу жолында әлі де мехнаттанып келеді. Өзінің кәсіби деңгейін үнемі арттырып отырады, жас кадрларды, интерндерді, клиникалық ординаторларды даярлау ісіне үздіксіз қатысуда. Ол орындаушылық пен сеніп тапсырылған іс үшін жауапкершілік сезімімен ерекшеленеді. Ұжымда ерек құрметке ие.

Сексеннің сеңгіріне келгелі отырған, дәргейіндегілерге дәріс беретін жоғарғы санаттағы дәрігер әлі де тың қалпында. 60-қа тарта ғылыми жұмыстардың авторы. Адамдарға қызмет қылу Отанға қызмет қылуға пара-пар екендігін бұл азамат өз ғұмырымен көрсете алды. Елінің мүддесін өзінің жеке мүддесінен жоғары қойды. Кез келген адам есімінің артында оның мінген көлігі мен киген киімі, дәулеті, мансабы емес, елге қылған еселі еңбегі тұратыны шымшықтай шындық. Қадірменді замандас, ұлағатқа арналған бір өмірді өзгелерге өрнек болсын деген риясыз ниетпен қолымызға қалам алған едік. Әрбіріміз өзімізге сеніп тапсырған істі тап-тұйнақтай атқара білсек екен деген өнегелі мысал. Жақсылықта жарысып, жаранға жақсы деген атпен қалған дәріскер дәрігерге «ғасыр жасаңыз» деген рәуіште сөзімізді тәмамдаймыз.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button