Медицина

КВИ-ге қарсы вакцинация тоқтаған жоқ

Бүгінгі таңда инфекциялық ауруханалардағы орынның 35%-ы – толық. Өзі 174 орын болатын болса, 65 науқас стационарда ем алуда. Оның 26-сы – ересек науқастар, 39-ы – бала. Бір айта кетерлігі, ауыр жағдайдағы науқастар жоқ.

Сурет: kapital.kz сайтынан

Өңірлік коммуникациялар қыз­метінде өткен брифингте денсаулық сақтау басқармасы басшысы Бибігүл Төлегенова қызылшаға байланысты аймақта қалыптасқан эпидемиологиялық ахуал туралы айтты. Оның айтуынша, жағдай әлі де тұрақталған жоқ.

– Жыл басынан бері қызыл­шаға күдікпен 979 жағдай анық­талды, оның 578-і расталды. Оны жұқтырғандардың 75%-ы – 14 жасқа дейінгі балалар. Науқастардың 85%-ында иммунитет жоқ, яғни, қызылшаға қарсы екпе алмаған, – деді спикер.

Бүкіл әлем ғалымдары қызылшаны жұқтырудан қорғанудың жалғыз жолы екпе екенін атап өтуде. Тек вакцинация ғана инфекцияның ауыр ағымынан қорғай алады.

– Қызылшаны емдеудің нақты әдісі жоқ. Тек белгілері ғана емделеді. Мәселен, дене қызуы көтерілетін болса, түсіретін дәрілер беріледі, жөтел болса, оны басатын дәрілер қолданылады деген сияқты. Сондықтан, екпе алған дұрыс. Бүгінгі таңда қызылшаға қарсы қосымша иммундау аясында 58 мыңнан астам адам егілді,– деді Бибігүл Райханқызы.

Сонымен қатар, басқарма бас­шысы ЖРВИ жағдайына да тоқталды.

– Былтырғы 1 қазанынан бас­тап, кешегі күнге дейін 72 мыңнан астам ЖРВИ дерегі тіркелді. Өткен жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда біршама өсу байқалады. Онымен ауырғандардың негізгі үлесін 14 жасқа дейінгі балалар құрайды. Бұл – 61%. Зертханалық талдаулар нәтижелері бойынша эпидемиологиялық маусым басталғаннан бері тұмау вирустары бар 80 жағдай тіркелді. Көбісі 14 жасқа дейінгі балалар арасында, – дейді спикер.

Оның айтуынша, тұмаудың дененің ауырсынуы, жалпы әлсіздік және ұйқышылдық, бас ауруы және айналуы, бұлшықеттің ауыруы, жоғары температура (көбінесе 39 градустан жоғары), жүрек айнуы және диарея, көздің ауруы, тамақтың қышуы және құрғақ жөтел сынды белгілері байқалған.

– Қазіргі уақытта қызылша, тұ­мау, ЖРВИ, коронавирус инфекциялары қатар жүріп жатыр. Сондықтан, ауыру ұзаққа созылып кетеді. Ауырудың созылуы адамның иммунитетіне байланысты, – деп айтты ол.

Брифинг барысында мәлім бол­ғандай, облыста коронавирус жұқтырған 36 адам тіркелді. Ақпаннан бері КВИ-дің 17 жағ­дайы тіркелді. Барлық науқастар амбулаториялық деңгейде ем ала­ды.

– Коронавирусқа қарсы вак­цинация тоқтаған жоқ, әлі де жүргізіліп жатыр. Емханаларда короновак вакцинасы бар, кез келген адам екпе ала алады, – деді Бибігүл Төлегенова.

Басқарма басшысы ауа-тамшы инфекцияларының алдын алудың тиімді шаралары ретінде вакцинация, маска тағу, қол гигиенасын сақтауды ұсынады.

– Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 08.02.2024 жылғы №2 қаулысына сәйкес барлық медициналық ұйымдарда персонал мен келушілер маска қолдануы міндетті. Емханаларға мүмкіндікке қарай масканы тарату немесе әлеуметтік дәріханаларда сату мәселесін қарастырамыз, – деді спикер.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button