Жастарға жол көрсеткен
Жастарға зиянды әдеттің зардабын түсіндірумен шектелмей, қауіп-қатерді ажыратып дағдыландырудың маңызы зор. Осы мақсатта Шет ауданының Ақсу-Аюлы ауылы мен Ақадыр кентінде жастардың психологиялық сауаттылығын көтеріп, нашақорлық пен экстремизмнің алдын алуға бағытталған кездесулер өтті.

«Кемел келешек» жастар ұйымы мен Шет ауданының ішкі саясат бөлімінің бірлесуімен ұйымдастырылған «Жастар психологиясы: өзіңді түсін, өмірді бағала» тақырыбындағы дөңгелек үстелдер мен семинар-тренингтерге 250-ге жуық адам қатысты. Қатысушылар қатарында 8-11-сынып оқушылары, белсенді жастар, қоғамдық ұйымдар мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, сала мамандары болды.

– Кездесулердің негізгі арқауы – нашақорлық пен экстремистік идеологияның алдын алу, психологиялық тұрақтылық пен құқықтық сауаттылықты нығайту. Әсіресе, жасөспірім өмірінде достарының пікірі мен әлеуметтік желідегі ақпарат айрықша ықпал етеді. Сондықтан, мәселені қорқытып-үркіту арқылы емес, ашық әңгімемен түсіндіру қажет, – деді Шет ауданының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Асхат Ахметов.

Кездесудің негізгі спикері – «Медиация және отбасы психологиялық қолдау орталығының» басшысы, «Әділет» партиясы облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының өкілі Гүлмира Отыншина. Ол жастармен эмоционалдық тұрақтылық, өмірлік қиындықтарды еңсеру және өз әрекетіне жауапкершілікпен қарау төңірегінде әңгімелесті.
Басқосудың тағы бір ерекшелігі – жас қатысушылар дайын кеңесті тыңдаумен ғана шектелмеді. Семинар-тренингтерде күнделікті өмірде кездесуі ықтимал жағдаяттар талданып, құрдастар қысымына қалай жауап беру, күмәнді ұсыныстардан қалай бас тарту керектігі бірге таразыланды.
Әңгіме саламатты өмір салтына да ойысты. Спортпен шұғылдану, уақытты тиімді пайдалану, пайдалы орта қалыптастыру – қауіптің алдын алудың маңызды тетіктері. Шара соңында белсенді қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталғанын да айта кету керек.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»



