Жаңалықтар

Кітап –рухани жаңғыру құралы

       Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Бо­ла­ша­ққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жазғандай: «Біздің мақ­са­ты­­мыз айқын, бағытымыз белгілі, ол − әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қо­сылу».

Әлемнің ең дамыған отыз елінің санатына қосылу шар­ты­ның бірі – «Жаһандағы заманау­и мәдениет» жобасын» іске асыру болып табылады. Мәдени өнім­де­ріміз рухани құрал – алдымен кі­тап түрінде өркендеуі абзал. Бұл сала бой­ынша біз қазір жойдасыз артта қалып отырғанымыз жасырын емес. Әсіресе, Батыс елдерінен. Мәселен, Израильде жан басына шаққанда жылына жеті кітап, Жапонияда он бір кітап шығарылады. Кеңес Одағы кезінде бұл көрсеткіш он екі кітап болса, нарық заманында ерепейсіз құлдырады. Ресейіңнің өзі қазір жан басына шаққанда үш-ақ кітап шығарады. Көркем әдебиет 2,5 есе азайған! Бізде кітап мәдениетінің жайы бұдан да сөкет. Тиражы, шірегенде, 2000 данадан аспайтын болды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Кітап неге барлығы екі-ақ мың ғана данамен тарауы тиіс? Біздің республика сияқты кітаппен сусындап қалған байтақ елге, әлбетте, бұл аздық етеді» деп, бұл ауыр ахуалды түбірінен өзгертуге міндеттеп отыр.

Бүгінде Қазақстанда 17 миллионнан аса ха­лық тұрады. Олардың басым бөлігі, атап ай­тқанда, 12 миллионы – қазақ жұрты. Шет елдердегі қандастарымызбен қосқанда 15 миллион құрайтын қазаққа екі мың дана кітапты көздің дәрісі етіп тамызсаң да жетпейді ғой!

Кітап және кітап ісінің құлдырауы, айналып келгенде, жазушылардың әл-ауқатына кері әсерін тигізуде. Жуырда Мәжіліс депутаттарының: республикамыздағы кітап сөрелерінде қазақ әдебиеті туындылары не себепті аз деген сауалына Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы:

Кемшілік себебін табу оңайдың оңа­йы − авторларға қаламақы жарытып төленбейді. Баспалар авторға кітап шы­ға­ру­ға жұмсалатын соманың он пайызын бө­ле­ді, бұл − шамасы 300-400 мың теңге. Кітап жа­зуға 5-6 жыл уақыт кететінін ескерсек, он­дай азын-аулақ қаламақы қаламгерге жұқ та болмайды. Жастар қазір кітап жазуды қой­ған, − деп жауап қайтарды.

Қазіргі қаламгер атаулының бәрінің ті­лі­нің ұшындағы шындық сөзді есті­ген сайын жа­­зушылардың кешегі Кеңес кезіндегі күй-жа­йы еске түспей қоймайды. Ұлтымыздың ұлы суреткері Мұхтар Әуезовтің «Абай жо­лы» роман-эпопеясы жуырда әлемнің әдеби кар­тасына енгізілді. Ал, сол заңғар жазушы ке­зінде жоғары қаламақы алып тұрмаса, дүние жүзі мойындаған даңқты шығарма жазылар ма еді, жазылмас па еді? Мұхаң, (Мұхтар Омарханұлы Әуезов) материал жинауы, іріктеуі, ойлану, тебіренуі, жазу-сызуы бар, бәрін жинап түгендегенде роман-эпопеяны тудыруға ондаған жыл уақытын сарп етті. Алматыдағы Мұқан Төлебаев атындағы көшенің Абай даңғылынан сәл төменірек тұсынан отбасы қонысы − екі қабат әдемі үй салдыртты. Осы игіліктің көзін – соншама қыруар қаражатты ол кісі қай­дан тапты дейтін емес. Негізінен жазған туын­дылары үшін жоғары қаламақы алып тұр­ғандығының арқасында.

«Алып анадан туады» дейді атам қазақ. Дүниеге талай жас өскін таланттар келіп жа­тады. Сондай боздақтарды шөміштен қысып, жолын кеспеу үшін не істеуге керек?

«Ақылды мешкей қазанның астына қарайды, ақылсыз мешкей қазанның үстіне қарайды» демекші, бар кесепат – кітап өнімінің өзіндік құнының бізде тым жоғары екендігінде. Қағаз және бояу өндірісі атымен жоқтығы себепті, баспахана, офсет және газет қағаздарын күні бүгінге дейін ерепейсіз қымбат бағамен шет елдерден сатып алуға мәжбүрміз. Тәуелсіз Қазақстан Республикасы кітап өнді­рі­сіне қажетті шикізатқа тәуелділіктен қашан құтылмақ? Құдай-ау, Астана шаһары іспетті көруге көз керек қаланы әпсетте бой көтерткен ел үшін қағаз және бояу өндіретін кәсіпорын салу соншама ала алмас қамал емес қой…

Қазір бізде саны көп, сапасы жоқ екі жүзден астам жеке меншік баспа істейді. Бәрі де тайлы-таяғы қалмай бюджет емшегін емеді. Мемлекет бюджетінен бөлінген тендер үшін таласып, жан алып, жан беріп жатқаны. Жеңіп шыққандары там-тұм кітап бастырады. Жеңілгендері құрдымға кетеді. Қайсыбір автор жазған туындысын өз қаражаты есебінен шығарып жүр.

Жолын бағдарламаған адасады. Кітап саласындағы тығырықтан шығудын амалын қарастыру – қазіргі уақытта ең өзекті, ең заманауи мәселе. Біздіңше, авторға қомақты қаламақы төлей алатын, бюджетке мөлимеуі былай тұрсын, өз күнін өзі көретін, тіпті, керек десеңіз, мемлекет бюджетіне қомақты үлес қосатын, пайда беретін кітап жә­не кітап ісін ұйымдастыруға қазір де әб­ден болады. Ол үшін ең әуелі осы аса ма­ңыз­ды идеологиялық һәм өндірістік − эко­но­микалық саланы басқаратын, зәрулі проб­ле­маларды үкімет пен Парламент алдына қою­ға мүмкіндігі бар арнайы министрлік не­месе агенттік құру міндет.

Болашақ Баспа министрлігі не агенттігі ең алды қағаз және бояу өндіретін кәсіпорындар ашуы, кітап саудасын реттеуі, кітапханалар санын көбейтуі қажет.

Көркем сөздің хас шебері, өмірінің соңғы жылдары бірыңғай жазушылық жұмыспен шұғылданып, негізінен қаламақы есебінен күн көрген Ғабит Мүсірепов бұдан ғасырға жуық бұрын, 1928 жылы «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде жа­рия­ланған мақаласында:«Қараңғылығы қа­лың кезде, түгіне түсінбесе де, кітап алатын елге аз да болса қара танитын кезінде кітап тарата алмай отырмыз. Таратпасақ, кітап басып керегі не?» деп жазыпты.

Ғабең ол кезде «Қазақстан» баспасының директоры-тұғын. «Отқа жақынның қолы күйеді» деген секілді, шығарған кітаптарын өткізетін орын таба алмай қиналған соң үндеу іспетті мақала жазады. Кітап сататын магазиндерді елдің ортасына апару керек. «Ойыл қаласында кітап магазині жоқ екен! Бұл сұмдық емес пе. Бұл әр жерде толып жат­қан сұмдықтың бірі ғой…». Кітап сау­дасын басқаратын бір мекеме бо­луға керек… − деп салиқалы ұсыныс жасайды.

Кеңес кезінде Ғабең көксеген ондай мекемелер «Казкниготорг», «Каз­пот­реб­союз» деп аталатын. Не шара, мынау на­рық келді де, кітап саудасымен айналысатын осы мекемелерді құртып тынды. Нәтижесінде, кітап дүкендері, кітапханалар күрт азайды. Ғабең сынаған сол Ойыл ауданында өткен ғасырдың жетпісінші жылдары 26 кітапхана істеген екен. Содан бергі жиырма жыл шамасы уақыт ішінде Ойыл өңірі материалдық жағынан дамығанымен, рухани салада, Құдайдың құдіреті, дағдарысқа ұшырапты. Мысалы, жарты ғасырдан бұрынғы 26 кітапхана кеми-кеми 16-ға түскен…

Бюджеттен тиісті қаражат тек кітап­ха­наларға бөлінсе, кітап тиражын әжептәуір артты­руға септесер еді. Қазір Қазақстанда көп­шілікке қызмет ететін 11423 кітапхана жұмыс істейді. Әрқайсысы шығып жатқан кітаптардың бір-бір данасын алатын болса, әр басылым таралымы 2000 дана емес, бірден 10 мыңнан аса көбейеді ғой.

Бүгінде там-тұм тиражды кітап баға­сы удай қымбаттығынан азын-аулақ кітап­ха­налардың өздеріне жетпей жатады. Оң­түстік Қазақстан облыстық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Күлия Айдарбекова: «Кітапханаға жылына бюджеттен кітап сатып алуға 5 миллион теңге қаражат бөлінеді. Өздеріңіз білесіздер, қазір кітап қымбат. Біреуінің өзі кем дегенде үш мың теңге тұрады. Әрине, біз олай кітап қорын толықтыра алмаймыз» деп шағынады.

Таралым, кітап бағамы, авторлық қалам­ақы − бір-біріне тәуелді факторлар. Тиражы мар­дымсыз кітап қымбат. Ал, тиражы көп кітаптың бағасы арзан. Басылым бұрынғы Кеңес кезіндегідей ондаған мың дана таралыммен шығарылса, бағасы да айтарлықтай төмендеп, авторға лайықты қаламақы төленер еді.

Бір ғана мысал. Олжас Сүлейменовтің атышулы «Аз и Я» кітабының (1975) әр баспа табағына 400 рубльден төленді. Ол кезде рубль долларыңнан да құндырақ болатын. Тиражы – 60 мың дана. Есептей беріңіз… Ал, сол даңқты ақын, жазушымыздың 2002 жылы шыққан «Тюрки в доистории» кітабының таралымы 1000 дана ғана. Авторының осы еңбегі үшін көк тиын қаламақы алмағанын былай қойғанда.

Атап көрсету керек, қазіргі уақытта бізде көп тиражды, арзан бағалы кітап өнімін қамтамасыз етуге керекті қағаз бен бояудан басқа құралдар, толық. Дес бергенде, республикамыздың полиграфиялық өндірісі айтарлықтай жолға қойылған. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап 15 жылдың көлемінде Алматы, Целиноград (бүгінгі Астана), Қарағанды қалаларында ірі полиграфкомбинаттар салынды, басқа облыстардың бәрінде жаңа типтік жоба бойынша облыстық, көптеген қалалық және аудандық баспаханалар тұрғызылды. Сол полиграфиялық кәсіпорындарда станок, машина, компьютерлердің құлағында ойнайтын мамандар да жеткілікті. Алматыдағы кітап қалашығында орналасқан полиграфиялық училище баулып өсірген мамандар саны он мыңнан асты. Енді Алматы полиграфиялық колледжі деп аталатын бұл оқу орны ұжымы жақында өзінің құрылуының 40 жылдығын атап өтті.

Мол тиражды, арзан бағалы кітап шығарудың және бір шарты – оқырман санының жеткілікті болуы. Кеңес кезінде республикамызда 700 қазақ мектебі жабылған күннің өзінде де көп таралымды, арзан бағалы кітап басылып тұрды. Енді мына тәуелсіздік дәуірінде ана тілімізде кітап оқитындардың саны, Құдай тіл-көзден сақтасын, болып көрмеген дәрежеде ұлғаюда. Соңғы ширек ғасырда республикамызда салынған жаңа мектептердің дені – қазақ мектептері. Бір ғана Алматыда қазір 65 та­за қазақ мектебі бар. Осы мектептерде 36 мың­нан астам өзге ұлт өкілдерінің балалары білім алуда. Сөйтіп, қазақ тілді кітап оқыр­мандарының саны соңғы жылдары үсті-үстіне көбеюде. Мәдениет және спорт ми­нистрлігінің дерегі бойынша, елімізде мемлекеттік тілді меңгергендер 82 пайызға жетті.

Алайда, оқырман саны елеулі түрде артқанымен, жекеменшік баспалардың көбі осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалана алмай отыр. Оның бер жағында олардың көбісі шығарған басылымдардың сапасы мәз емес. Бүгінгі кітапта стилистикалық ағаттықтар жиі ұшырасады. Емле қателері өріп жүреді. Себеп: аппаратында редактор, корректор кадрлары жетімсіз. Тіпті, өзі директор, өзі редактор, өзі корректор әмбебаптар кезігетін жекеменшік баспалар да жоқ емес.

Кітап және кітап ісіндегі орын тепкен кемшіліктерді жоюдың амалы айта берсе толып жатыр. Кітап және кітап ісін дамыту мақсатында жеке меншік және мемлекеттік баспаларға Еуропалық одақ елдеріндегі сияқты салықтық жеңілдіктер беру жағын да ойластыру керек.

Біздіңше, болашақ Баспа министрлігі не агенттігі республикамызда, айталық, Астана мен Алматы қалаларында мемлекеттік баспалар ашуы қажет. Ондай практика бүгінде кездеспейді емес. Мәселен, Ресей Федерациясының Саха (Якутия) республикасында «Бичик» атты ұлттық баспа әлеуметтік маңызы зор әдебиет үлгілерін шығаруда.

Қазіргі кітап өндірісіндегі ең басты міндет – идеялық-көркемдік дәрежесі жоғары кітап шығару, туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айырықша іңкәрлікпен атсалысатын, ұлтымыздың рухани жаңғыруын жаңа сатыға көтеруге көмектесетін туындыларды көбейткен үстіне көбейту.

Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ,

«Кеңес Одағы үздік баспагері» белгісінің иегері.

(“Егемен Қазақстан” газетінен).

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button