Тал бесіктен – жер бесікке дейін

Кимешек – аналардың алтын тәжі

Қазақ қызды сұлулықтың символы деп қадір тұтқан. Аяулысын көздің қарашығындай сақтаған әрбір ана сәбиі туғаннан оқалы тақиясын кигізіп, өсе келе оны құндыз бөрікке ауыстырған. Ұзатқанда сәукелесін сәндеп, келін болғанда кимешегі мен жаулығын ораған. Осылайша, қастер тұтқан дәстүрімізде ақ кимешектің киесі әріден бастау алған. Кимешек жөнінде сөз болса әркім ақ жаулықты әжесін ойлайтын секілді. Мұқағалиша айтсақ «Әже, сен бірге жүрсің меніменен, Өліге мен өзіңді телімегем. Ақ кимешек киген бір кемпір көрсем, Ақ кимешек астынан сені көрем…»

Бағзыдағы ғұн бабаларымыздың әйелдерінің шошақ бөрікке ұқсас орамалды бастарына орап жүрген бейнелерін тарихи кітаптардан талай көргенбіз. Сондықтан, әрбір жас қазақ әйелге тән әдемі кимешектің тарихы тереңде екенін жақсы білуі тиіс. Кимешек кигізетін адамды да арнайы ниетпен сайлап, көне қазақ ғұрпының ретін сақтаған. Үлкендердің айтуынша, қызының отау құрып, көп ұзамай құрсақ көтеріп, ана болуын тілеген аналар кимешекті алдын ала тіктіріп, сақтап қоятын болған.

Анам емші әженің кимешегін ырымдап әдейі сұрап алғаны есімде. Бірақ, оны не істегенін, қайда қойғанын өзі біледі. Кейін маған сыйлайтынын айтқан болатын, – дейді қарағандылық тұрғын Мөлдір.

Кимешектің жас анаға абырой, бедел сыйлайтыны бағзыдан белгілі. Қазақ даласында туып өскен дарабоз тұлғалардың өзі ар-ұятты қорғайтын жаулықтың астында омырау еміп, бетін күн көзінен көлеңкелеп өскен. Сондай-ақ, кимешекке қарап әйелдің жасына, қандай әулеттің, рудың отын тұтатып отырғанын білген екен.

Тарих беттері ертеде екі тайпа ел жауласып өзара бітімге келе ал мағанда ақ жаулықты аналарымыз араша түсіп, кимешектің үстіндегі жаулығын басынан сыпырып алып екі араға тастағанын айтады. Содан киелі баскиімнен ешкім аттап өте алмағанын білеміз. Бұл – кимешектің саяси әрі тарихи мәнін айшықтап тұр. – Негізі жаңадан босаға аттаған жас келінге кимешек кигізбейді. Ол алдымен орамалын орап, келіндік міндетін атқаруы тиіс. Құрсақ көтеріп, бөбегін аман-есен бауырына басқан соң кей аймақтарда қырқынан шыққан кезде ауыл әжелері, абысындары жиналып, кішігірім той жасайды. Тойда жас анаға «сен де ана болдың» деп, кестелеп тігілген кимешек кигізеді. Жас келiншектер қызыл, жасылмен көркемделген кимешек кисе, егде әйелдердің кимешектері ою-кестесі жеңіл, сары, ақ жіппен сырылады. Жасы ұлғайған әйелдер жасыл, қоңыр жiптермен иiр кестелер тiгiлген кимешек киеді. Кимешек ақ бұлдан тігіліп, жиегі астарланады. Кимешектің иекті айнала маңдайды жауып тұратын екі жағын «шықшыт» десе, алдын «жақ» деп атайды. Адамның арқасына түсер жері ұзыншақ жағын «құйрықша» деп атайды. Кейде кимешектің кеудедегі бөлігінің ұшына күміс теңгелер тағылады. Бұл кимешекке сән береді, – дейді қарағандылық Асылзат ана.

Қалалық №15 емхана дәрігерлері «Кимешектің медициналық тұрғыдан бөлек, халықтық ем жүргізуде пайдасы мол. Кимешек киген келін таза жүреді. Ол басын, омырауын жылы ұсатуға септігін тигізеді. Бала емізгенде де шашы қобырамайды» дейді.

Ағарту порталы ұсынған мәліметке сүйенсек, «Орама кимешекті Ақмола жақтың қазақтары ХХ ғасырдың 20-30 жылдарына дейін киген. Мата тігілмей, ерекше пішілген бет-әлпеті шығын тұратын бөлігіне ойықша жасалған, оны басқа ораған кезде кәдімгі кимешектерден айырмашылығы болмаған.

Ал, Сырдария бойындағы Кіші жүз руының бірінде пішіні өз бетінше бөлек, бүрмелі кимешек түрі болған. Оның алдыңғы жағы кеудеге түсіп, ал жоғарғы жағы бүктеліп, бетті екі жағынан қоршап тұру үшін басқа байлап, бекітіліп қоятын болған. Кейде арқа бөлігінің жоғарғы бұрышына төбешік тігілген. Келесі бір түрі матаның тұтас кесегінен пішіліп, бір жақ қырынан келетін жағынан бас сұғатын орын қалдырылып, бір-ақ тігіспен тігілетін болған түрі Омбы, Атбасарда, Әулиеата өңірінің теріскейінде және оңтүстіктегі қоңыраттарда сақталған. Солтүстік және Орталық Қазақстанда кимешектердің алдыңғы жағы трапеция немесе үшкірленіп пішіліп, жоғарғы бөлігінде бетке орын қалдырылған. Арқа жағы дұрыс ромба түрінде келеді де, тізеге, тіпті өкшеге дейін түсетін болған. Оңтүстік қазақ әйелдерінде кеңінен тараған кимешек түрі ұзынынан екіге бүктеліп пішілген мата кесегінен жасалатын болған. Көп тараған түрі мұнара тектес болған. Ол үшін бүкіл мата біртіндеп басқа оралып, ұштары орам арасына кіргізіледі немесе желке жақтан түйіледі».

Аналардың беделін арттыратын, жүзіне иман ұялататын кимешек – қазақ әйелінің көркем бейнесін аша түседі. Осы орайда асыл дініміздегі Құранның Нұр сүресінің 31 аяты «Әуелгі муһажир әйелдерді Алла мейіріміне бөлесін! Олар «Және орамалдарын басына салып, онымен омырауларын жапсын!» – делінген («Сахих әл-Бұхари»).

Үлкендер Шоқанның Шоқан болуы, Абайдың Абай болуы Айғаным мен Зере, Зейнеп пен Ұлжан секілді «ақ кимешек киген аналардың арқасы» дегенді жиі айтады. Рас, ерекше назар аударуға лайықты төл туынды – Ұлы дала аналарының алтын тәжі іспетті.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button