Тал бесіктен – жер бесікке дейін

Төркінімде – төрдемін

«Ата салтың – халықтық қалпың». Ұлттық қадір-қасиетімізден хабардар ететін әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді жаңғырту, құрметпен қарау – борышымыз. Қазақ халқы ұлттық құндылықтарға бай. Оның бірі сақталса, бірі көне дәстүр болып қалды. Сәби туғаннан бастап, еңбектеп, есейіп, орта жас, егде тартқан кезге дейінгі орындалатын ғұрыптардың біразы бүгінде ұмыт болуда. Өзгеріске ұшырап, ата-бабаларымыз ұстанған кейіптегі мәнін жоғалтып жатыр. Сондай дәстүрдің бірі – төркіндеу.

Төркіндеу тұрмыс құрған соң орындалатын дәстүр. Яғни, жас келін араға жыл салып, туған жеріне ат басын тірейді. Сыйлы қонақ ретінде күйеуі, баласымен бірге барған. Бұл дәстүр қазір де бар, бірақ, бұрынғы төркіндеудің жөні бөлек.

Ата-анасының аялы алақанынан ұшып, өзге үйге келін болып түскен қыз баланың «келін» ретіндегі міндеттері болады. Алдымен жарына, ата-енесіне деген сыйластықпен қатар, түскен жеріне деген құрметі өз алдына бір төбе. Осындай келіндік міндеттерін атқара жүріп, араға біраз уақыт салып «төркіндеу» деп аталатын маңызды «сапарға» шығады. Мәні зор сапарға қыз бала жалғыз бармаған. Күйеуі және баласы қоса барған. Төркін жұрты түгел көз тігіп отырған сыйлы қонақтар қарасының көп болуы әрі арнайы кәде, сыймен келуі қыздарының барған жердегі абыройын көрсетеді. Сәби көтеріп келген қыздары төркінінде қадірлі болған. Ертеректе, төркіндеу араға бірнеше жыл салып орындалған. Яғни, бұған жер шалғайлығы мен тұрмыстық жағдай да әсер еткен. Ал, қилы замандарда алыс жерге тұрмысқа шыққан апаларымыз төркіндеуді егде жаста орындаған.

Халықтың салт-дәстүрінде ерекше мәнге ие екі елді таныстырып, алыстағыны жақындастырып, қайта табыстыратын әйел затына тікелей қатысты төркіндеу – кез келген қыз балаға парыз. Ұзатылған қыз түскен жерінде етек жеңін жинап, борышын сезініп, перзент сүйіп, ана атанған тұста баруы әлдеқайда абыройлы. Төркіндеудің араға жыл салып орындалуы – қызы барған жеріне үйренсін, бауыр бассын, төсегі суып қалмасын, қайын жұртына деген сүйіспеншілігі арта түссін деген сенімнен туған. Тек қаза-құран уақытында ғана уақытынан бұрын баруына рұқсат етілген екен.

Күйеуі, баласымен келген қызын төркін жұрты зор құрметпен қарсы алады. Мал сойып, арнайы сыбағасын тарту етеді. Күйеу баласына төс, жиеніне асықты жілік асады. Мұның да өзіндік мәні бар. Төркіндеп келген қыздың күйеуіне төс ұсыну «Төсті жігіт болсын, төс секілді майлы, қайын жұртына жайлы болсын» деп ырымдаған. Ал этнограф ғалымдар «Ер Төстік ертегісін» негізге ала отырып, майлы төс ер адамға күш-қуат береді десе, медицина бұл нақты дерек емес дегенді алға тартады. Шын мәнісінде, қазақ халқында орындалатын ұлттық құндылықтардың барлығы сайып келгенде, адам ағзасына пайдалы екендігін көрсетеді. Ал асықты жілік жиенге деген зор ықыласты білдіреді. Қашанда тілеуқор нағашы жұрт «асығың әрдайым алшысынан түссін» дегенді меңзеп береді екен. Сонымен қатар, «Жиен ел болар, малы болса» деп осы келгенде қырық серкешін атайды. Ірілі-ұсақты тұяқтан құралған мал басы нағашы жұртында өсіпөне береді. Керек кезінде алып, кәдеге жаратады. Сонымен қатар, төркіндеп келген қыздарын туған-туыстары, көрші-қолаң жағалай қонаққа шақырады. Қыз да дайындап алып келген сый-сияпатын тарту етеді. Төркіндері де оны кәдесіз қалдырмайды. Сыйға сый жасайды. Қыздың ата-анасы, болмаса туғандары жас отбасына мал атайды. Ол не құлынды бие, немесе бұзаулы сиыр, қозылы қой болуы қажет. Яғни, қостан тарту жасайды. Күйеу балаға ата жолын жалғастыр деп иығына шапан жабады.

Жылдап көрмеген төркін жұртында қыз бала еркін демалып, құрметке бөленеді. Өзінің есейіп, ел қатарына қосылғанын сезінеді. Отбасының алдында мерейі өседі.

– Төркіндеп бару біздің елде жақсы сақталған. Келін болып түскеннен кейін бір жылдан соң, жолдасым, тұңғышыммен ата-енем алып барды. Кейіннен 2-3 жылда бір барып жүрмін. Ата-анаңды сағынасың, әрине. Алайда, қыз баланың қайта-қайта бара беруі дұрыс емес. Әр барған сайын әке-шешем балаларымызға қырық серкешін беріп отырды. Бізде туған-туыстан бөлек бірге оқыған сыныптастар, көрші-қолаң жапатармағай шақырады. Оларға құр қол бармайсың. Олар да малын атап, балын беріп құрметтеп шығарып салады. Төркіндеп бару алыстағы ағайынмен арадағы бауырмалдық сезімін күшейтеді. Әрі балаларыңды таныстырып, туыс деген атаудың мәнін арттыра түсесің. Отау құрғанымызға 30 жыл болды. Әр барған сайын отбасы мүшелерін толық алып баруға тырысамыз. Жастар бір-бірін танысын, туыс, жақын-жұрағат екенін білсін дейміз – дейді, шығыстың тумасы, Қарқаралы ауданының келіні, көпбалалы ана Гүлжан Көпжасарова.

Ата салтын ардақтау, өнегесін салмақтау – өскелең ұрпақтың парызы. «Тұз десе түйеде тағат жоқ, Төркін десе қызда тағат жоқ» демекші, сағындырып, қадір-қасиетін жоғалтпай, ақыл тоқтатып, толысып, толығып барғанға не жетсін?! Дегенмен, төркіндеу бүгінде өзгеше сипат алған. «Төркіні жақынның төсегі жиылмас» дегендер қатары көбейіп кеткендей. Ұлттық салт-дәстүрді насихаттап, ұлықтауда кемшін кетіп жатқан тұстарымыз бар. Дегенмен, бұл дәстүр жаңарып, жаңғырса да ұмыт болған жоқ. Сол көңілге медет…

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button