«Бір жақсысы жесірін қаңғытпаған…»

Қазір әмеңгерлік десе, шошимыз шыны керек. Кезінде ата-бабаларымыз осы дәстүрді ұстану арқылы жесірін қаңғытпай, жетімін жылатпай, ошақтың отын сөндірмей, туыстың шаңырағына қайғының қара бұлтын төндірмей, әулетті сақтап қалды емес пе? Шариғат заңдарына сай, өз келісімімен некелестірілген. Әрине, кез келген баланың һәм өзінің болашағын ойлайтын әйел заты әмеңгерлікті құптары анық. Алайда, қазір өкінішке қарай, бұл дәстүр ұмытылып барады. Қазіргінің әйелдері мұндай жағдайға тап болса, баласын алып төркініне кеткісі келіп тұрады және үлкендер де соны құптайтынын қалай жасырайық. Әмеңгерлік туралы сөз болуы да мүмкін емес.

Әмеңгерліктің түпкі мәніне үңілсек, дәстүрлі құқықтық мәдениеттің негізгі институттарының бірі екенін көреміз. Күйеуі қайтыс болып, жесір қалған әйелдің қайынағасы не болмаса қайынінісі, яки, отағасының ет жақындарының бірінің етегінен ұстап, некелеседі. Бұл қазақ танымында бұрыннан «Аға өлсе, жеңге – мұра, іні өлсе, келін – мұра», «Әйел ерден кетсе де, елден кетпейді» деген ұлағатты сөзге айналып, көңілге қонымды, көкейге сыйымды заң нормасы ретінде бір қалыпқа түскен.

Мұнда «неліктен күйеуінің туысымен некелесуі керек, өзінің ұнатқанына қосылуға болмай ма?» деген сұрақ туындайды.

Әмеңгерлік институтының әлеуметтік-құқықтық теңдігімен қатар, тәрбиелік-гуманистік маңызы да ерекше болған. Алдымен, көшпелі өмірде жесірдің жалғыз күнелтуі, жұбайынан қалған бала-шағаға, мал-мүлікке ие болуы қиындық туғызады. Бөтен, тегі басқа адаммен қайта тұрмыс құрса, балалары өгейліктің тепкісін көруі ықтимал. Бұдан бөлек, марқұм күйеуінен қалған мал-мүлік жесір әйелге еншіленсе, екінші бөгде күйеуі иемденіп кетуі, талан-таражға түсіріп, жетім балалар далада қалуы әбден мүмкін. Үшіншіден, басқа бір жігітпен көңіл жарастырған жағдайда, әкелерінің қандас, аталас туыстары жетім балаларды анасынан айырып алатын жағдайлар да кездеседі. Перзент – адамға Алланың берген аманаты. Түбінде Жаратушы Иесіне қайтарын білетін мұсылман баласы Алланың аманатына қиянат жасамауға тырысқан. Сондықтан, осы мәселелерді ескеріп, қазақтың абыздары мен ғұламалары «Жеті жарғы» заңдар жинағындағы нормаларға ері қайтқан жесірдің елден кетпеуін, күйеуінің қандас туысының біріне күйеуге шығуын тастүйін міндеттеген. Қаза тапқан ер-азаматтың туған-туыстары жесір әйелдің әмеңгері болып саналады. Қазақ қоғамындағы әмеңгерліктен бас тарту – туысының жетім қалған балаларына, қандас іні-қарындастарына суықтық, мейірімсіздік ретінде бағаланған. Ал, әйел әмеңгерліктен бас тартса, оған бала да, мал-мүлік те қалдырылмай, өз қалауымен жар таңдау еркі беріліпті.

Мен әмеңгерлікті жақсы түсінемін. Мұны дұрыс қабылдау керек. Әкем жас кезімде қайтқан. Содан ауылдың ақсақалдары ақылдасып, шешемді әкемнің туысына қосыпты. Мені һәм ағам екеумізді әкемнің тұрмысқа шықпаған апасы бағып алыпты, ес білмейтін кезімізден. Шешемді «қиналмасын» дегені болар. Қазір шешемнің екінші күйеуі де қайтыс болған. Біз бәріміз ер жеттік. Өзіміз де әке-шеше атандық. Анамның әмеңгерлікпен некелескен ағамыздан қызы бар. Ол да тұрмыста. Түрі бізден аумайды. Араласып тұрамыз. Өсе келе анамыз бізді, біз анамызды түсініп, қайтадан аралас-құралас болып кеттік. Егер, әмеңгерлік болмағанда не боларымызды кім білсін, – дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Дархан Нұрланұлы.

«Таяқтың екі ұшы бар» демекші, әмеңгерліктің де кейде опық жегізетін тұсы кезігеді екен. Бұған осы мақаланы жазу барысында естіген мына оқиға көзімізді жеткізді. Біздің ауылдың бір жігітінің басынан өткен оқиға еді – бұл.

«Әкеміз обырдан қайтыс болған соң, туған інісі «жетім қалған төрт балаға қамқор боламын, жесірімді қаңғытпаймын» – деп, бізді өз қанатының астына алды. Алайда, өсе келе біз адам айтса сенгісіз қиындыққа тап болдық. Шешеміз бізден бөлек 6 құрсақ көтерді. Он балалы үлкен отбасыға айналдық. Екінші әкеміз шаруашылық басқарады, жағдайымыз жақсы. Бірақ, бізге келгенде бар дүниенің өзі жоқ болып қалатын. Жұмыстың ауырын біз істейміз, киімнің көнесін біз киеміз, боқтағаны былай тұрсын, намысымызға тиетін сөздермен жекіп, кейде сабап та алатын. Бірақ, бізге Құдайдың көзі түзу болды. Әрқайсымыз жеке үй болдық. Әрине, оған дейін көп қиындық көрдік. Туысымыздан мұндай теперіш көреміз деп ойлаппыз ба? Ал, бізге азап берген оны да тағдыр оңдыртпады. Еркелетіп, шалқытып өсірген балалары мал-дәулеттің қадірін білмей, шашып, түбіне жетті. Екі ұлы қайғылы қазаға ұшырады. Баяғы мал-мүліктен дым жоқ. Қазір тышқақ лақ та қалмаған. Өзі ауру. Қалған балалары да өлместің күнін көріп жүр. Ит те болса туыс қой деп, жағдайын сұрап тұрамыз. Анамыз осының бәрін көтере алмай бақилық болды», – деп күрсініп еске алады Сағит Сәрсенұлы.

Әрине, өте өкінішті жағдай. Бұл мысалдан түйгеніміз «әмеңгерліктің жөні осы екен» деп көрінгенге қоспау керек жесірді. Жесір мен жетімді жылатпай қамқор бола алатын, табанының бүрі бар ер-азаматқа аманаттау ләзім-дүр. Бұдан бөлек, әмеңгерлік салты орындалған соң да, ол отбасының жағдайынан хабар алып тұру керек, міндетті түрде. Әйтпесе, қазір адамдар тасбауыр болып барады. Жоғарыдағыдай болмасына кім кепіл?!

Осылайша, әмеңгерлік салтының шынайы өмірде кездескен екі оқиғасын зерделеп көрдік. Ал, бұған шариғат не дейді екен.

Әмеңгерлік – қазақтың дәстүрінде бар дүние. Бала жатбауыр болмау үшін жақын туысына қосқан. Мұны шариғи ғалымдар да растаған. Егер, күйеуі қайтыс болса, келіншек 4 ай, 10 күннен соң, көңіл қосқан адамына тұрмысқа шығуына болады. Бастысы, өзіне адал, балаларына мейірімді, қамқор азамат болуы тиіс, – дейді Бала қажы мешітінің наиб имамы Нұржан Қалмағамбетов.

Байқасақ, кінә салт пен дәстүрде емес, адамда екен. Салттың мәнін түсінбейтінге әмеңгерлікпен жесірді аманаттау өсіп тұрған гүлді жұлып тастаумен бірдей екеніне көз жеткіздік. Демек, сөзі мен ісі үйлескен, сөзіне берік азаматтарға әмеңгерлік жарасады. Өйткені, өмір – қысқа, бәріміз бір күні Алланың дәргейіне қайтамыз. Сонда әр істеген ісімізге жауап беруге тура келеді. Не істесек те, жетім мен жесір жыламауы тиіс. Осы тұста Қадыр Мырзалиевтің: «Бір жаманы – шаруасын маңдытпаған, Бір жақсысы – қулықпен жанды ұтпаған. Бір жаманы – үйленіп жеңгесіне, Бір жақсысы – жесірін қаңғытпаған» деген өлең жолдары тілге оралады.

Ендеше, қалған дүниені Сіздің патша көңіліңіз бен «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрегіңізге» (Абай) қалдырдық, ардақты оқырман.

Жәлел ШАЛҚАР.