«Түскен тұман жарқ етіп, Шыққан күндей ашылар…»

Тұрмыстық өмірде аралас-құраласы бар жақын адамдар өмірде болатын қуанышқа қалай ортақтасса, қайғыны да солай бөлісе білген. Сол себепті, халқымыз «Қуанышты бөліссең көбейеді, қайғыны бөліссең азаяды» дейді. Қазақ халқының әдет-ғұрпында көңіл айту дәстүрі берік сақталған. Көңіл айту, жұбатудың мәні – марқұмға иман тілеп, соңындағыларға жақсылық, тіршілік тілеу. Онда тірлікке таяныш болар тұжырымдар түйінделеді, қаралы көңілді жұбататын ойлар айтылады.

Көңіл айтуда қолданылатын мынадай қалыптасқан тұрақты сөз орамдары бар топырағы торқа болсын; жатқан жері жайлы болсын; жаны пейіште болсын; алды пейіш, арты кеніш болсын; мінгені пырақ, ұстағаны шырақ болсын т.б.

Қайғылы жағдайда жаралы көңілге медеу болу – көңіл айту сөздерінің басты мақсаты. Бұл үлкен адамгершілікті, азаматтықты көрсетеді. Кездескенде қайтыс болған адамның туыс-туғандарына көңіл айту – міндет саналады. Бұл адам мойнындағы қарызы мен парызы болып қала береді. Халқымыз «Көрген жерде көңіл бар», «Көңіл – көңілден су ішеді» деп тегін айтпаса керек.

Қайғы салмағынан сейілу үшін адам жанына сөзбен демеу болу – ежелден келе жатқан дәстүр. Қаяу түскен көңілге асыл сөзбен дем беріп, қайғысын бөлісіп, алдамшы дүниенің арзан күлкісіне алданбай бұл жалғанда адам көңілінен құнды нәрсе жоқ екенін дәлелдеп кеткен небір асылдар үлгісі бар. Соның бірі – жалғыз баласы өлген қарияға Жаңғабыл шешеннің көңіл айтуын мысалға келтірейік:

«О, құдіретті ата!

Бермейсіз бе бата?

Қанаты қайырылған қыран

Көкке ұшпайды.

Тұяғы кетілген тұлпар

Тоғай қыстайды.

Біреу атты, біреу тақты,

Сонда бәрінің қасіреті ұқсайды.

Тағынан патша айырылса,

Қастығын жанға білдірмес.

Өткірдің жүзі майырылса,

Жырымды түзу тілдірмес.

Сұңқардың қанаты қайырылса,

Төсін жерге тигізбес.

Патша құлап – селге кетті,

Алмас қылыш белде кетті.

Жанды жебеп, көзді тартқан,

Сұңқар ұшып шөлге кетті.

Сонша неге қайғырасыз?

Қасіретіңіз елге өтті.

Ал балаңыз болса – бір күні,

Бәріміз баратын жерге кетті», – дейді.

Бұл сияқты жұбатулар бүкіл дүние толған қаза, бүкіл адам баласының қазалы екенін білдіреді. Сондықтан жұбанып, тоқтау қылу да – ақыл-ойы түзу адамға міндет.

«Жалған дүние-ай, салдың күйге,

Омырауымнан үзіліп түсті,

Екі түйме, ой, дүние-ай!»

Көпшілікке белгілі Кененнің ән-өлеңінде айтылған осы бір тіркес Базар мен Назар атты екі ұлының өмірден өткенін айғақтайды. Зарланып салған әуені бүкіл Алатауды жаңғыртып, қырғыз ағайынға жетсе керек. Қырғыздың біртуар ақыны Оспанқұлдың Кененге көңіл айтқан жыры – екі адамның ғана емес, екі бірдей халықтың бір-біріне деген ыстық көңіліне орнатқан мәңгілік ескерткіш болып қалды.

«…Алатаудың басында

Басыңа бұлт торлады.

Орта жасқа келгенде

Қоңылтып қайғы орнады.

Елуге келген жасың бар,

Көк ала сақал, шашың бар.

Қамықпағын, Кенекем.

Түскен тұман жарқ етіп

Шыққан күндей ашылар.

Әйелің тағы ұл туып,

Асығың қайта шашылар»,

– деген Оспанқұлдың көңіл айту жыры қайғыға қамыққан Кененнің бір сәтте болса көңілін жібіткендей болады. Бұл әнді тыңдаған жанның ет-жүрегі елжіремей қоймайды.

Ежелден келе жатқан көңіл айту дәстүрі қазіргі дәуірде біраз өзгеріске түсті. Құндылықтар құлдыраған заман келді! Қаралы үйге барғанда қайғылының жан жарасын жазатын, емдейтін басу сөз айтып, көңіліне медеу болатын, «Өлгеннің соңынан өлмек жоқ» деп сабырға шақыратын көңіл айту – бүгінде әлеуметтік желіде жазылатын «Иманды болсын» деген сөздің астында жұтылып бара жатқандай. Кешегіден қалған асыл сөздің үлгісі бүгінде құрдымға қарай батқандай…

Бұл – бұрынғы қазақ қоғамында мүлде болмаған. «Айшылық алыс жерлерге» хабар тарататын телефонмен көңіл айтқан дұрыс та шығар. Алайда, көпшіліктің «көңіл айтамыз» деп барып, «міне, біз келдік, көріңдер» дегендей, телефонына түсіріп қайтатындардың қылығына не дерсіз? «Алдыңғы толқын ағалар» жастардың бұндай ерсі қылығына «қой» дей алмаса, онда ел ертеңін ұшпаққа қалай шығарар екенбіз?!

Қазіргі дүниенің кемдігі – жария болып тұр. Ең әлсіз тұсы да, ең мықты тұсы да – осы. Қайғы жамылып отырған адам өз ішіндегі ел көзіне көрінер, бірақ оның сол кездегі күйін әлеуметтік желіге салып, дүйім жұртқа таратудың қандай қажеттілігі бар?

Торқалы той, топырақты өлімде бас көрсететін ағайынның бұл дүниеде бет көрісіп, жүз шайыспай кететіні де жасырын емес. «Аттан жығылса да, салттан жығылмайтын» халық емес пе едік? Қайғылының көңілін телефонмен емдеп жазатын замана келгенде, ғасырлар қойнауынан келген салттан жығылмасақ болғаны…

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.