Кеудесі шежіренің сандығындай
Қаламына нарқызыл іңір еріп,
Тік қарайды Ол дүниеге діні берік.
Болмысы – сансыз әскер, самсаған қол,
Рухы – мола бейіт, күңіреніп.
Байжігіт, Тәттімбетті тыңдай қалып,
Кетеді демде домбыра-нұрға айналып…
Аруақтар өзегінен өріп шығып,
Батады шағыл құмға шымқай барып…
Кеудесі – шежіренің сандығындай,
Қаламы – қансонардай, салбуырындай.
Өлеңі – Мақпалкөлде жүзген ару,
Алтындап ат ерттеген арғы Ғұндай.
Әр сөзі – қызыл шоқтай қолатта гүл,
Немесе,
Бөрісырғақ,
Боратпа жыр,
Кей-кейде, боз ойларға сіңіп кетсе,
Ол да бір, соқыр шахтер кер ат та, бір.
Кіреді омыраулап топқа аңдамай,
Бетің бар, жүзің бар деп жатты алдамай,
Айтады тура сөзді турап-турап,
Алыстан орағытпай, ақпарламай.
Келеді Ол – көк Тәңірге ерген арлан,
Кеудесін кезек бөлеп шер мен арман…
Басындай Хан Кененің жатта қалған,
Тасындай Күлтегіннің елге оралған!
Тұрады алдымда ылғи жолға қарап…
Мирас АСАН,
ақын