Кетпеген шығар, бәлкім…

Сәбит кетті…

Сенделіп нелер елес,

Көңіл шіркін «кеттіге» көнер емес.

Мырықтарға мырза Ажал

Сойы биік

сырықтарға келгенде не деген өш?!

Бары-жоғы өтсе де білінбестен,

Жігіт осы кетпейтін түбінде естен.

Берен еді биіктің басын шалған,

Терең еді теңіздің түбін кешкен.

Көкке өрлеген көңілі қарағай, – деп,

Қадіріне жетті ме жағалай көп?

Баладай, – деп жүруші ең.

«Балаңыздың»

орнын қара ойылған даладай боп.

Дертін айтып ешкімге шағынбады,

Өртін айтып өзегі қабынбады.

Төзім еді,

Төгілген сезім еді,

Бозым еді бәйгедей бабындағы.

Жары қалды түн бұлап, таң жылаған,

Бәрі қалды…

қағаз бен қалды қалам.

Кете барды.

Кетерін, тым болмаса,

Көпке «бұлдай» алмаған жалғыз адам.

Тұрғанында жақсысын ұғар халқым,

Ажал жыға алмайды жығамды алтын.

Сәбит кетті, – дегенге сенбейді жұрт,

Жұрт білгір ғой.

Кетпеген шығар, бәлкім…

Абзал БӨКЕН,

курстас, әріптес досы.