Кетбұқа
“Кетбұқадай билерден
Кеңес сұрар күн қайда?!”
(Доспамбет)
Кетбұқа –
Шыңғысханның
замандасы,
Алаштың қылышының
ақ алмасы!
Сарыны Қобызының Қыпшақты іздеп,
Жүргендей әлі кезіп
ғаламды осы.
Шығыстан –
Тәңірімен табысқалы,
Сайтанмен шыққан жалғыз алысқалы; –
Тамсанған оның
әрбір лебізіне,
Жаһанның Шыңғыстайын Арыстаны.
Заманнан –
Шарлап небір замананы
Тимеген Ұлытауға
табаны әлі –
Тоқтатып көшін мұнда, сол тіреген,
Ер Найман,
Өр Найманның Бағаналы!
Қаһанның жүрген
найман сол –
Ізімен,
Дүниені шарлап құрлық, теңізімен;
Жошының өлімін де, (адам батпай!),
Естірткен осы жырау – қобызымен.
… Елі үшін, жері үшін де көз ілмей кеп:
“Азалы хан бар ма осы өзімдей?!.”– деп, –
Жошының мазары тұр Ұлытауда,
Қайран, сол,
Бекзатымның
көзіндей боп…
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ