Келешек даму бағдары

    Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ жақында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын теледидардан естіп, басылым беттерінен байыптап оқығанымызда, көптен күткеніміз алдымыздан шыққандай мағмұрландық.

Елбасы өзінің мақаласында замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді еліміз тарихының жаңа белесінде жаңғыруымыздың маңызды алғышарттарына айналдыру қажеттігін айта келіп, «егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды» деп ескертеді, тарлан тарихымыздың, бүгініміз бен болашағымыздың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасын сақтау қажеттігіне ыждаҺатты уәждермен тоқталады.

Әсілінде, бұл бағдарды ұстана білсек, мына алмағайып дүниеде бәсекеге қабілетті болудың даңғыл соқпақтарын тауып, болашаққа сеніммен беттейміз, ХХ ғасырда құрдымға кете жаздаған қазақ тілінің мәртебесін қайтарамыз, «ештен де кеш жақсы» дей отырып, байтақ даламыздың сұйылған құнарын қалпына келтіруді, табиғатымыздың көрікті пұшпақтарын саяхатшылар көрімдігіне орай көзайым етуді ұлтжанды ұлдарға жүктей аламыз.

Ол үшін біз бабалардан мирас болып қанымызға сіңген ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек: ең әуелі ысырапшылдық пен астамшылықтан тыйылып, ұлы қазақтардың, талай қиындықтан сынбай өтіп, мына біздерді жеткізген ата-анамыздың қажырлы да қанағатшыл, қарапайым да қайырымды, ұстамды да үнемшіл, досына көлдей, дұшпанына шөлдей прагматикалық мінезін бойымыздан табатын болсақ, бұл құндылықтар алдағы мақсатта қайтсе көмектеседі.

«Осы мәселе бұрынырақ қолға алынуы керек еді» дейтін скептиктер болмай тұрмайды, «латын әліпбиін осыдан он-он бес жыл бұрын мына өзбектер мен әзірбайжандар құсап бастап жіберуіміз керек еді» дегеннің бірі – мен едім. Десек те, ширек ғасыр бұрынғы біздің әлеуметтік-саяси жағдайымыз оған келіңкіремейді екен. Жасыратын несі қалды, ХІХ-ХХ ғасырлардағы шовинистік саясат ықпалынан санамызды әлі де үзілді-кесілді айықтыра алмаған, ғаламдық тарихтағы өз орнымызды айқындамаған, өз қадірімізді өзіміз бағаламаған кез еді ол… Көреген Елбасы көкейімізде тұнған мәселені халықаралық қауымдастық Қазақстанды танып-мойындаған қазіргі кезеңде алға қойып, оны шешудің маңызды тетіктерін меңзеп отыр.

Мақалада шығыстағы көршіміз Қытайдың, біздегі бір облыстың аумағындай ғана аралдарды мекендеген жапон халқының анажылғы ауыр қиындықтардан шығу үшін, көсемдері ұсынған әлеуметтік саясатты қолдау арқылы ұлттық ділін жаңғыртқаны, экономикалық саясатты қолдау арқылы жанқияр еңбекпен көсегесін көгерткені, ұлттық салт-дәстүрлерін заманауи дәстүрлермен ұштастыра отырып, тарихи қысқа мерзімде өзіндік қадір-қасиеті мен келбеті бар әлемдегі мықты державаларға айналғаны үлгі етіледі.

Салт-дәстүр демекші, біздің Көшбасшымыз кеңестік жылдар табыстарын мансұқтамайды, «бәріміз де Гогольдің «Шинелінен» шыққанбыз» дегендей, Нұрсұлтан Әбішұлы да қайратты жылдарын кеңестік ел экономикасы мен идеологиясының мәселелеріне арнаған; халық әні, домбыраның қоңыр үні ширыққан жүйкесіне дәру болған… Ойды ой қозғайды: уақыт тозаңынан тоттанбайтын асыл өнер ғана сол тоталитаризм жылдары дипломаттар ғана барып келе алатын шет мемлекеттермен арадағы «темір пердені» ысырып өткен. Бұл арада біз еңбек озаттары саяхаттап қайтатын социалистік лагерь елдерін айтып отырған жоқпыз. Ақтоғай ауданының «Тоқырауын толқындары», Қарқаралы ауданының «Салтанат» халықтық ән-би ансамбльдері сияқты ұжымдардың Мәскеу, Ленинградтан асып, Франция, Италия, Голландия секілді беделді капиталистік елдер төрінде қазақтың әні мен сәнін паш еткендігінен бір-екі дерек келтіріп отырмыз. Кеңес жылдары Қазақстандағы екі адамның бірі арнаулы немесе жоғары білім алды; мектептен ұққаны жақсы, жастар оқуға өз білімімен тегін түсті, «түсе алмағанының» өзі кәсіптік мектептерден техникалық мамандық үйренді. Кітапханада оқырман карточкасы жоқ кісі сауаты шамалы саналатын; кітапқұмарлығы жағынан алғанда шофер, шопан секілді жұмысшы халық кейбір бойкүйез қызметкерге шаң қаптыратын; газеттеріңіз шалғай қыстаққа апта сайын, жорналдар ай сайын қате қылмай жетіп тұрды. Сондай жан азығы тоқсаныншы жылдары көзден бұл-бұл ұшқанда, тәні ауырғандай қиналғандар бар!.. Бір тәуірі, компьютер келді. Интернетке кіріп әлемді шарлайтын болдық, жастар ақпарат атаулыны смартфоннан алып жатыр… бірақ, кітап бетін ашпайтын, кітапхана қайда екенін білмейтін, жатарда әжесінен ертегі тыңдау орнына, қолындағы телефонын тыңдап жатып ұйықтайтын бүгінгі балалардың ұлттық санасында бір кемістік бардай көрінеді де тұрады маған…

Президенттің мақаласында қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру туралы айтылғаны елең еткізді. Осы латын алфавитінің негізінде жасалған жазу үлгісі Қазақстанда 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылғанын әкелеріміздің ескі құжаттарынан, күнделік-хаттарынан көріп өстік; мектеп программасындағы шетел тілдері пәнінен ауызша, жазбаша тапсырмалар орындау арқылы да латын қарпіне біздің көзіміз үйренген. Яғни, бұл саладағы жаңалықты жатсынбай қабылдауға негіз бар екен (бірақ әрине, миллиондаған әдебиетті кириллицадан латиницаға түсірудегі техникалық жұмыстың орасан қаржылық және мерзімдік моменттерге тәуелді екені түсінікті).

Латынша әліпбиге көшудің терең логикасы барын 1924-1929 ж.ж. Қазақ АССР Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы (бүгінгіше айтқанда, премьер-министрі) болған аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақов атап көрсеткен болатын. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтан жасөспірім шағында Қарқаралыда дәріс тыңдаған кезден туған халқын азаттыққа жеткізу үшін күреске бел байлаған, сол азаттыққа кеңестік жүйе арқылы жол табуды көздеген, нәубетті «отыз жетіде» С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов, Б.Майлин, И.Жансүгіров, А.Асылбеков сынды ондаған ұлт зиялыларының қатарында құрбан болған Н.Нұрмақов 1930-1937 жылдары (алаштықтардың, Алаш идеясын жүрегіне түйген қазақ коммунистерінің басын біріктірмес үшін И.Сталин оларды елдің әр тұсындағы қызметтерде ұстағаны белгілі) Мәскеуге алынған болатын. Нығметтің эрудициясын, ұйымдастыруға алғырлығын білетін Орталық оны 1930 жылы Бүкілодақтық Атқару Комитетінің (БОАК) Президиум хатшылығына әрі азсанды (малочисленные нации и народности) ұлттар бөлімінің меңгерушісі қызметіне қояды. Міне, осы кезеңде оған Шығыс халықтарының алфавитін құратын одақтық комиссияға төрағалық ету қосымша тапсырылады. Сол жолы «Власть Советов» баспасынан Н.Нұрмақовтың редакциясымен РСФСР халықтары арасында жаңа алфавитті енгізуге байланысты «Октябрь алфавиті» тақырыбымен шыққан мақалалар топтамасы Татарстан, Башқұртстанда, қазақ, қырғыз арасында, Солтүстік Кавказ бен Дағыстанда, Қырымда латын алфавитін енгізу мәселесіне арналады. Осындағы кіріспе сөзінде Нығмет Нұрмақов: «Во-первых, быстрое усвоение нового алфавита массами… помогают росту классового самосознанания трудящихся Востока. Во-вторых, латинизация алфавита в силу технической легкости его усвоения, открывает возможность ликвидации массовой неграмотности в кратчайший срок. В третьих, … облегчает выработку научной, общественно-политической и технической терминологии и орфографии национальных языков, помогая ускорению всего в целом культурного подъема национальных районов, способствует созданию новых литературных национальных языков» деп, латын алфавитіне көшудің маңызын дәйекті талдаумен ұғындырған.

Бүгінгі тәуелсіздігімізге берік іргетас қаласқан мемлекет қайраткері Н.Нұрмақовқа уездік, губерниялық комитеттердегі, Орынбордағы жауапты қызметтерден соң ІІІ Бүкілқазақ Кеңестер съезінде ҚАССР жоғарғы органына сайланысымен, жаңа қоғамның заң-құқық істерін жүргізетін юстиция, прокуратура, сот органдарын құрып-қалыптастыру жүктеледі. Сөйтіп, қысқа мерзімде прокуратура мен сот қызметінің ережелерін, квалификациялық талаптарды түзеді, сот-тергеу органдарында іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуді қалыптастырады, аталмыш сала әдебиеттерін аудармалау ісін бастап береді. Қылша мойны талша болып жүріп үкімет басқарған жылдары, ол ұлтымыздың өзіндік өнері мен дәстүрін келешек үшін сақтатуға күш салып, А. Затаевич есімді орынборлық музыкант-этнографқа ұлттың ежелгі фольклорынан бастап, ХХ ғасырдың 30-шы жылдарына дейінгі шығармаларын нотаға түсіртіп, «Қазақ халқының 1000 әні», «Қазақтың 500 әні мен күйі» аталған асыл мұра – антологияның өмірге келуіне тікелей қамқор болған.

Маңдайымызға Жаратқан өзі бұйыртқан Елбасымыз ұлтымызға тән құндылықтарды болашаққа бағдаршам еткенде, сол Әлихандар мен Нығметтердің санасына даналық пен көрегендік шырағын жаққан Асан Қайғы, Ақтамберлі, Бұқар, Есет, Шортанбай, Досбол, Байдалы, Қазыбек билердің, жыраулар мен шешендер мұрасын рухани жаңғырудың іргетасы санап отыр.

Назипа АСҚАР,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.