Жаңалықтар

Әке салған сара жол

Бүгінгі әңгіменің кейіпкері Қарқаралы ауданының Тоқтар ауылындағы «Қарынши» шаруа қожалығының жетекшісі, «Құрмет» орденінің, бірнеше медальдардың иегері – Қайырбек ҚЫДЫРӘЛИН.

«Орталық Қазақстан» газетінің редакциясында қызмет істеп жүрген жылдары облысымыздағы бірсыпыра ауылдарды араладым. Шаруа қожалықтарында тындырылып жатқан жұмыстармен таныстым. Осы ұжымдардың деңгейін салыстыра келе олардың көпшілігінен көш бойы алда келе жатқан Қайырбектің шаруа қожалығы болар деген тоқтамға келдім. Бүгінде «Қарынши» шаруа қожалығының қарамағында үш отар қойды, екі табын ірі қараны қоспағанда екі мыңға жуық жылқы бар. Шаруашылық жылма-жыл мың гектарға жуық егін салуды бұлжымас дәстүрге айналдырған. Осындай өндіріс көлемі одақ тұсында кейбір шағын совхоздарда да болмаған шығар.

Қайырбек Қарағандыда оқитын немерелеріне арнап, Оңтүстік-Шығыс ауданынан үй сатып алған. Ара-тұра ауылдан азықтарын жеткізіп, жағдайларын біліп қайтады. Сондай бір сапарында арнайы жолығып, пікірлесудің сәті түсті.

Жекешелендіру науқаны басталған тұста Қарқаралыдағы әр совхоздан кем дегенде 15-20 шаруашылық бөлініп шықты. Соның көпшілігі алғашқы екі-үш жылдағы қиындықтарға шыдамай тарап кетті, – дейді Қайрекең. – Біздің де мұхит төсінде желкен көтерген қайығымыздың қалтылдаған сәттері болды. Бірақ, біз өз күшімізбен ашық айдынға шығарған үміт қайығының тұңғиық түбіне кетуіне жол бермеуге күш салдық. Оған не себеп болды деп сұрамайсыз ба?

Көшпенді тірлік кешкен қазақтың азығы да, сусыны да, киімі де, көлігі де төрт түлік болды. Менің ойымша, әлемде бір-бірімен жүздескенде «мал-жаның аман ба?» деп төс қағыстыратын қазақ қана шығар деп ойлаймын.

Халқымызда «Малмен көзін ашқан» деген сөз бар. Соның бірі өзіммін деп айта аламын. Әкем Қыдырәлі ақсақалдың бүкіл ғұмыры мал соңында өтті. Қазан төңкерісіне дейін байларға жалданды. Одақ тұсында 30 жыл үзіліссіз Қарқаралы ауданындағы Ленин атындағы колхоздың жылқысын бақты.

Біз бір кіндіктен үш ұлмыз. Үлкеніміз – Тілеубек марқұм. Одан кейін мен. Кенжеміз – Абзалбек. Әкей біз үйге жиналғанда «Құлындарым, ғасырлар бойы бабаларымыздың күнкөріс көзі төрт түлік болып келген. Заман өзгерді деп малдан қол үзіп қалмаңдар» деп отыратын.

Әкенің осы сөзі әсер еткен болар үшеуміз де Қарқаралыдағы зооветтехникумды бітірдік. Нүркен атындағы совхозды мамандығыма орай жұмыс табылмай, екі-үш жыл жылқы, қой бақтым. 1974 жылы көршілес жатқан «Восток» совхозының РТС бөлімшесіне зоотехник болып бардым. Кейінірек Калинин бөлімшесінің басқарушылығына тағайындалдым.

Ал одақ тараған тұста осы бөлімшенің негізінде 22 отбасын біріктірген «Қарынши» шаруа қожалығын құрдым.

Ол жылдары Калинин бөлімшесінде 20 мыңға жуық қой мен ешкі болды. Жеті мың гектарға егін салдық. Шаруашылығымыз бөлініп шыққанда бөлімшенің 27 миллион теңге қарызы менің мойнымда қалған болатын.

Қарызды өтеу мақсатында алғашқы жылы 2500 гектарға егін салдық. Бірақ, өнім көңілдегідей болмады. Оның есесіне 1998 жылы екі мың гектар алқаптың әр гектарынан 10 центнерден артық өнім жинадық. Одан кейінгі екі жылда гектар басы 11-12 центнер өнім алдық. Соның нәтижесінде 2000 жылы барлық қарызымды жаптым. Елге тиесілі үлестерін таратып бердім…

Қайрекең мал өнімдерін өткізу мәселесін де біршама шешкен. Айжан, Күнжан есімді қыздары Қарағанды базарларында ет сатумен айналысады. Яғни, қыстақта сойылған малдың еті сол күні тұтынушыларға жөнелтіледі.

Ал, жүн өткізу мәселесі Қайрекең үшін де мызғымас жартас қалпында қалып тұр.

Әңгімеден әңгіме шығып, 2005 жылы өзі мекендеп отырған «Өтірікші» қыстағындағы ақ кірпіштен салынған алты бөлмелі еңселі үйді есіне салдым. Сол жолы айдаладағы қыстақтағы канализация жүйесін, ағып тұрған ыстық суды көріп, риза болғанмын.

Мен қиын жылдары ұрпақтары үшін шаруашылық ұйымдастырып, Арқаның аязына тоңып, шілденің ыстығына қақталып, мал өсірген, егін салған талай азаматты көрдім, – деді әңгімесін сабақтап. – Бүгінде солардың бірсыпырасы сол ұрпақтарының бабалар үрдісін жалғастыруға көндіре алмай пұшайман күй кешіп отыр. Мен мына алты бөлмелі ақшаңқан үйді неге салғыздым? Әкеміз салып кеткен сара жолды жалғастырып, менен кейін ілгеріге апаратын ұлым Төлеген мен келінім Жанар үшін салғыздым. Өйткені, қазіргі жастарды түрегелсең төбең тиетін бұрынғы ескі үйлерде ұстап тұра алмайсың.

Жасым жетпіске таяп қалды. Зайыбым Күләш екеуміздің шаңырақ көтергенімізге де жарты ғасырға жуықтап қалыпты. Бес бала тәрбиелеп өсірдік. Алла ғұмырларын ұзақ қылсын деп тілеймін.

Әкейден отыз екінші жылғы ашаршылық, отыз жетінші жылғы қан-қасап, соғыстың сұмдықтары туралы әңгімелерді естіп өстік. Ал Хрущев тұсындағы әр отбасына бір бие, бір сиыр, бес қой дегенді көзіміз көрді.

Қазір еліміздің тізгіні өз қолыңда. Елбасымыз да, үкіметіміз де мал өсіріңдер, шаруамен айналысыңдар дегенді үнемі айтып келеді. Расында, Қазақстанның әр азаматы бай болса, еліміз де бай-қуатты болмай ма?!

Тілеуқабыл БАЙТҰРСЫН,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button