Кәсіпкерлік негіздері — керек білім

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты аясында жаппай кәсіпкерлікті дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Көпшілік кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, өз істерін бастауға ниетті. Ол үшін аталмыш бағдарламаның төртінші бағыты – «Жастар – ел тірегі» ұлттық жобасының кешенді шаралары жасалды. Сол шаралардың бірі – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жас кәсіпкерлерді дамыту мен қолдауға бағытталған «Жас кәсіпкер» пилоттық білім беру жобасы.

Аталған жоба аясында кәсіпкерлік негіздерін оқытудың құрамдас бөліктері қамтылып, әр стартапты танымал бизнес-тренердің жеке сүйемелдеуі қарастырылған. Осы жоба арқылы жастар іскерлік бойынша жаңа білім мен дағдыларды меңгеріп, нәтижесінде жеке кәсіп аша алады. Жобаға қатысқан жастар бизнес ашуға алғашқы капитал ретінде грант немесе жеңілдікпен қаржыландыруға мүмкіндік алады.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бизнес тренері Жанна Байқоңырованың айтуынша, қазір халықтың ақпараттануы жақсы, өз еріктерімен келіп білім алады екен.

– Алғашқы курстарда телефонмен шақырып, ескертетінбіз. Қазір тұрғындар өздері бастама танытады, сәйкесінше, келушілер де көп. Кәсіпкерлік негіздері туралы ақпараттың аздығы байқалады. Себебі, курсқа қатысушылар айтқан әрбір сөзіңді қызығушылықпен қабылдайды. Біз оларға бизнес жоспарларын әзірлеп, оны қорғауға көмектесеміз, – дейді ол.

Жанна Айдосқызы қазіргі таңда Теміртау қаласының жетпістен астам тұрғынын оқытып жүр. Қарашада биылғы жылдың соңғы лек қатысушыларын оқытпақ.

Аталмыш бағдарламаның екінші бағыты шеңберінде Теміртау қаласы бойынша 50 адамға 23 988,0 млн. теңге сомасына шағын несие беру жоспарланған екен. Ол туралы қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Әсел Әлжанова айтып берді.

– Бұл қаржы жаңа бизнес идеяларды дамытуға бөлінді. Оның 45-і 505 мың теңге көлемінде грант алды. Гранттар аяқ киім жөндеу, кондитерлік цех, массаж салоны, ағылшын тілі студиясы, тоқыма ісі, үй құстары мен мал шаруашылығы бағытында берілді. Осы уақытқа дейін 134 адам кәсіпкерлік негіздерін оқып шықты. Оның басым бөлігі, яғни, жүзге жуығы «Жас кәсіпкер» жобасымен білім алды, – дейді орталық директоры.

Ильнур Қалиев – өз ісін дамытуға мүмкіндік алғандардың бірі. Ол 200 АЕК көлемінде грант алып, стоматологиялық тіс қаптарын құюмен айналысады.

 – Бұл кәсіппен айналысқалы бірекі жыл болды. Грант қаражатына құю пешін алдым. Қазір барлық жұмыс іске қосылды, – дейді.

6 млн. теңге көлемінде несие алып, кондитерлік цехын жолға қойған Абай ауданының тұрғыны Елена Абдрахманова да кәсіпкерлік негіздерінің бергені көп деп отыр. Аудан бойынша мұндай жарқын мысалдар жетерлік.

Жалпы, ауданда 61 адамға 277,927 млн. теңгеге шағын несие беру жоспарланған. Оның 36-сы 117,751 млн. теңгеге ауыл шаруашылығын қолдау қорынан қаржыландырылса, 25 адамға «Қаржыгер» несиелік серіктестігі 110,771 млн. теңге төлеген.

– 29 жасқа дейінгі 57 тұрғын «Жас кәсіпкер» жобасымен оқып шықты. Жастар жылы аясында жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік гранттар да қарастырылған. 200 АЕК көлеміндегі 70 грант жастар санатындағы азаматтарға бөлінді. Оның жалпы сомасы 35,35 млн. теңгені құрайды. Сонымен қатар, осындай көлемдегі гранттар 35 көпбалалы анаға берілді. Ол үшін 17,675 млн. теңге бөлінді. 100 АЕК-пен 1,3 млн. теңге болатын 5 грант басқа санаттағы азаматтарға беріледі деп жоспарланған, – дейді Абай аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Әсемгүл Шайкенова.

«Жас кәсіпкер» жобасы шеңберінде облыста 1387 адам оқытуға жіберілді. Олардың барлығы мемлекеттің қолдауынан үмітті.

Жансая ОМАРБЕК