Жаңалықтар

Кәсіби мерекелерін атап өтті

     К.Станиславский атындағы орыс драма театрында Ауыл еңбеккерлері және агроөнеркәсіп кешені қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Жиын аймағымыздағы ауыл шаруашылығының дамуы туралы баяндайтын фильмді көрсетумен басталды.

Осы бір айтулы мерекемен құттықтауға облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков арнайы келді.

Мен сіздерді және облысы­мыздың барлық ауыл шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мереке­ле­ріңізбен – шын жүректен құттық­таймын. Біз үшін бұл мерекенің орны ерекше. Өйткені, сіздердің еңбек­теріңіздің жемісі аймағымыздағы тұрғындар ахуалының өсуі мен азық-түлікпен қамтамасыз ету мә­селесін шешуге жол ашады. Біз бұл мерекені Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығы қарсаңында атап өткелі отырмыз! Бүгінде біз Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында еліміздегі ауыл шаруашылығы саласы ай­тарлықтай дамып, ауыл халқының тұрмыс деңгейі көтерілгенін сеніммен айта аламыз,– деді облыс әкімі.

Ол, сондай-ақ, Қазақстанның әлемде ұн мен бидай өнімдерін тасы­мал­­дауда алғашқы ондыққа кіре­тіндігін де атап өтті. Оның ішінде Қарағанды облысының да айтар­лық­тай үлесі бар. Мәселен, өткен жылы 470 мың тонна бидай экспортқа жіберілген.

Тағы бір айта кетерлігі, ағымдағы жылы облысымызда нан айналымы рекордтық көрсеткішке жеткен. 1 млн. тонна бидай жиналды. Өнімнің түсімділігі гектарына 14 центнерден келген. Бұл – облыс тарихындағы ең ірі көрсеткіш болып отыр.

Егіс даласында заманауи технологияны қолдану да диқандар үшін қолайлы болды. Абай ауданындағы «Астра Агро» ЖШС гектарына 60 центнер, Осакаров ауданындағы «Найдоровское» ЖШС гектарына 55 центнер өнім алуы – осыны айғағы болса керек.

Дәнді дақылдардан бөлек, картоп өндірісі де мол өнімге қарық қылды. Мәселен, Абай ауданындағы «Поливное» және Нұра ауданындағы «Когабаева» шаруа қожалықтары гектарына 350 центнер картоп алса, Абай ауданындағы «Надежда НВ» ЖШС 295 центнер өнім алған.

Осакаров ауданындағы «Еңбек» ЖШС өз қаражаттарына 650 басқа арналған сүтті-тауарлы ферма салып шықты.

«Қарағанды-Нан корпорация­сы» ЖШС макарон өнімдерінің желі­сін ашса, «Евразиан Фудс» АҚ – сүт өнімдерін шығаратын заманауи жаб­дықтардың модернизациясын өткізді. Сондай-ақ, «Сангуаж» ЖШС 1100 тонналық көкөніс сақтау қоймасын салса, Абай ауданында «АПХ «Сарыарқа» ЖШС 3000 малға шақталған мал бордақылау ор­та­лығын ашты, ал, Бұқар жырау ау­данында «Караганда Осетр» ЖШС инновациялық балық шаруашылығын қолға алды.

Айта кету керек, Қарағанды облысында мал өсіруде «Қайнар» ЖШС айтарлықтай жетістіктерге жетуде. Бұл шаруашылықта ірі қара малдың бір күнде қосатын салмағы 1 келі артып отыр.

Дәл осындай көрсеткішке Қарқаралы ауданына қарасты «Жайма» және «Ынта» шаруа қожалықтары да қол жеткізген.

Облысымызда алғаш рет алыс шет елдерге қой экспорттау жолға қойылды. Жаңаарқа ауданына қарасты «Жеңіс» зауыты Біріккен Араб Әмірліктеріне 2 мың қой жіберді. Келісім-шарт бойынша аталған елге 10 мың қой сатылуы керек.

Салтанатты жиын барысында облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков ерен еңбегімен көзге түскен шаруаларға Құрмет грамоталарын табыстады. «Еңбек ардагері» медалімен Шет ауданына қарасты «Ақшоқы» шаруа қожалығының жетекшісі Мақсат Әбішев, Жаңаарқа ауданына қарасты «Сенім» шаруа қожалығының жетекшісі Жамалиден Ақылбеков, Осакаров ауданына қарасты «Пионерское» кәсіпорнының жетекшісі Виктор Пшеничников, Жезқазған қаласы ауыл шаруашылығы саласының еңбек ардагері Күзембай Сүттібаев марапатталды. Сонымен қатар, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен Қарағанды қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Тілеубек Зейнешев, Нұра ауданына қарасты «Отқанжар» шаруа қожалығының басшысы Қанат Отарбаев марапатталды.

Ал «Еңбек даңқы» төс белгісімен Нұра аудандық «Намыс» шаруа қожалығының басшысы Думан Намысов және Ақтоғай ауданына қарасты «Науан» шаруа қожалығының басшысы Айдос Науанов марапатталды. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің грамотасымен Абай ауданына қарасты «Галина» шаруа қожалығының басшысы Галина Жабяк және Жаңаарқа ауданына қарасты «Қоғалы көл» шаруа қожалығының басшысы Жанболат Жуанышбаев марапатталды.

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

Суреттерді түсірген

Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button