«Көш жүре түзеледі…»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында мәдениет қызметкерлерінің жалақысын көтеру қажеттігіне тоқталып, жыл сайын аталған сала мамандарының еңбекақысы өсетінін айтқан еді. Осы бағытта «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жобасы да бекітілген. Оны жүзеге асыру басталып та кетті. Бұл хақында бұған дейін де қалам тербегенбіз. Енді, осы жайтқа басқа қырынан келіп көрейік. Мәдениет саласында істеліп жатқан игі істер де аз емес. Жыл сайын жалақы өсіп, жас мамандарға кезекпен, төмен пайызбен пәтер де берілуде…

Енді, Жолдаудағы Мемлекет басшысының сөзінен үзінді келтірейік.

2020 жылдан бастап 600 мыңнан астам педагог пен дәрігердің әлеуметтік сала қызметкерінің жалақысы өсті. Бірақ бюджеттен қаржыландырылатын өзге сала азаматтары бұдан тыс қалды. Бұлар – мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілері және басқалар. Сондықтан, 2022 жылдан 2025 жылға дейін мемлекет осы санаттағы қызметкерлер жалақысын жыл сайын орта есеппен 20% өсіретін болады, – депті Президент.

Яғни, 2025 жылға дейін бюджеттен қаржыландырылатын білім мен медицинадан басқа сала қызметкерлерінің жалақысы шамамен 20% өсетіні айтылған.

Енді, осыны жүзе асыру үшін біздің түсінуімізше, «2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасы» кешенді жоспары іске қосылған. Бұл орындалып та жатыр екен, аймағымызда. Оған нақты көз жеткізу үшін облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына хабарластық.

Олардың айтуынша, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыруға 2022 жылдан бастап, 2025 жылға дейін азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар қызметкерлерінің, қазыналық кәсіпорындар қызметкерлерінің 7 471 бірлік жалақысын арттыруға ағымдағы нысаналы трансферттер көзделген. Жыл сайын мәдениет қызметкерлерінің жалақысы 20%-ға өсетін болады.

«Мәдениет қызметкерлерінің жалақысы әлеуметтік салада әзірге ең төмені болса да, ақырындап өсіп жатыр. Ештеңе де бірден бола қалмасы анық. Осылайша, біліктілігі жоғары деңгейдегі және еңбек өтілі 7 жылдан 10 жылға дейін және одан жоғары әртістің жалақысы бұрын салықтарды шегергенде – 131 345 теңгені құраса, қазір ол – 170 578 теңгеге дейін ұлғайды (2025 жылы 294 758 теңгені құрайды).

Бұған дейін біліктілігі орташа деңгейдегі және 1 жылға дейінгі еңбек өтілі бар жас әртіс – 69 727 теңге алып келсе, қазіргі уақытта салықтарды шегергенде 90 554 теңгені құрайды (2025 жылы 156 477 теңгені құрайды).

Ал, біліктілігі жоғары деңгейдегі және 25 жылдан астам еңбек өтілі бар кітапханашының, мұражай және мұрағат қызметкерлерінің жалақысы бұрын – 106 727 теңгені құраса, қазір салықтар шегерілгенде қолына алатыны – 138 607 теңгеге дейін өсті. Біліктілік деңгейі орташа және 1 жылға дейінгі еңбек өтілі барлардікі – 66 107 теңгеден көбейіп, салық шегерілгеннен кейін 85 854 теңгеге дейін өсті (2025 жылы тиісінше 239 513 теңге және 148 356 теңгені құрайды).

Жүргізушінің (66 977 теңге) және техперсоналдың (63 038 теңге) жалақысы 60 мың теңгеден сәл жоғары (барлық шегерімдерді ескере отырып), 2022 жылдың айлықтың өсуі жалақыны 10-12 мың теңгеге көтерді. 2025 жылға қарай жүргізушілер 115 736 теңге, техникалық қызметкерлер 108 930 теңге алады» дейді сала мамандары.

Жөн делік. Енді, біз мәдениет және өнер ордаларына жеке хабарласып, мәлімет алдық. Соған да көз жүгіртейік.

К.Станиславский атындағы облыстық орыс драма театрының мамандарының жалақысына да аздап қосылған. Жоғарыда айтылған бағдарламаға сәйкес. Атап айтсақ, тәжірибесі бар актерлардың табысы – 137 542 теңге болса, 23% өскен соң – 169 176 теңге болыпты. Ал, жас мамандікі – 88 530 теңге болса, өскен соң – 108 892 теңгеге жетіп жығылыпты. 25 жылдан астам еңбек өтілі бар есепшінің жалақысы – 85 477 болса, қазір – 105 136 теңге екен. Ал, монтажшы мамандікі – 51 144 теңгеден – 62 908 теңгеге өссе, сантехник те осы жобада, яғни, 64 431 теңге алады. Енді, бұдан салықты шегеру керек. Еңбекақының өсуі сезіледі салада. Аз болса да, бұрынғыға қарағанда жағдай оңалып келеді.

Ал, облыстық кітапханалар да бізге бұрын қанша болғанын және көбейген соң қанша жалақы алып жүргенін айтып берді. Кітапханашының орташа жалақысы 2019 жылы – 112 907 теңгені құраса, 2020 және 2022 жылдары жалақының 35%-ға, 23%-ға өсуіне байланысты 157738 теңгені құраған. Яғни, шамамен, жалақы 44 831 теңгеге өсіпті. Бірақ, бұл салықтарды шегермей тұрғандағысы. Шегерсек, кітапханашының қолға алатын орташа жалақысы 2019 жылы 93 710 теңгені құраса, 2020 жылы 35%-ға, 2022 жылдары 23% артқаннан кейін, кітапханашылардың қолға алатын еңбек жалақысы – 127 785 теңгені құрайды. Сонда, жалақы 34 075 теңгеге өскен.

Бұдан бөлек, Мәдениет үйлері қызметкерлері табысының жағдайын білгіміз келіп, Әлихан Бөкейхан атындағы аудандағы мәдениет үйлеріне хабарластық. Мәселен, мәдениет үйлеріндегі қызметтік аумақты тазалаушылардың жалақысы 72 592 теңге. Мұндағы үйірме жетекшілерінің еңбекақысы 2017 жылы 50 224 мың теңге болса, 2022 жылғы қаңтар айындағы көрсеткішпен 99 820 теңгеге өсіпті. Бұдан тағы да салықтарды шегеру керек..

Көріп отырғанымыздай, оларда да жағдай мәз емес. Жалақы көтеріліп жатыр, табысты арттыру бағытында жұмыс жүруде.

Осылайша, Коммуналдық қызметтерге, азық-түлік тауарларына бағаның жыл сайынғы өсуіне байланысты жалақының өсуі мәдениет және өнер қызметкерлерінің өмір сүру сапасын аздап болса да жақсартуға әсер етуде. Көптеген мәдениет және өнер ұйымдары жүргізушілер, аула сыпырушылар, техниктер, сантехниктер, костюмерлер және тағы басқа мамандарды жалақының төмендігінен таппай отырғанын айтады. Десек те, осы қарқынмен жалақының өсуі жалғасса, бұл салаға мамандардың келетіні анық. Өйткені, «көш жүре түзеледі» демекші, салаға Мемлекет басшысы назар аударып отыр. Сондықтан да, Жаңа Қазақстанда әлі де бұл салада оң өзгерістер боларына сенім кәміл.

Жәлел ШАЛҚАР.