Күннен биік…

Тәңірім жазбаса егер маңдайға құт,
Тамбайды тамұқта да таңдайға түк.
Әйелді әркім сүйер өліп-құшып,
Әлемді сүйе білу қандай бақыт?!

Жүрегін тән күнәсі былғамаған,
Мөп-мөлдір жан тұмасы мұндалаған,
Адам бар ма, кеудесін кір шалмаған,
Жазирадай кездесер құм даладан?

Кезгенде зарығып бір киік-қырды,
Кім сүйер зеңгір аспан, биік күнді?!
Ғаламның махаббаты күннен биік!
…Бәзбіреу сүйемін дер сүйіктімді.

Арманы асқақ мынау ғаламнан дүр,
Жақсыдан қайыр күтіп, жаманнан бір.
Пенде жүр. Әжем отыр қолын сілтеп,
«Дүние – өткінші» деп, «қараң қалғыр»…

Қалмай бақыт…
Көретін қалмай уақыт,
Сөнерміз біреуіміз жанбай жатып.
Адам боп әркім туар анасынан,
Адам боп өле білген қандай бақыт!

Қуаныш МЕДЕУБАЕВ