Ұлытау

Көненің көзі – көрмеде

    Жуырда Жезді кентіндегі М.Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайында «Алтын тамыр» этнографиялық айлығы аясында қолөнер шеберлерінің өнерін насихаттайтын «Шебер – 2017» фестивалінің шымылдығы түрілді. Бесінші мәрте ұйымдастырылып отырған шараның мазмұны Халықаралық «ЭКСПО – 2017» көрмесіне арналды.

Фестивальдің ашылу салтанатына белгілі өлкетанушы, мұрағатшы Сағындық Қожамсейітов, Қаныш Сәтбаевтың әріптесі, геолог Анатолий Гостевтің қызы Ольга Гостева, Ұлытау ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы Алмат Сакипов, «Ұлытау өңірі» газетінің редакторы Елтынды Дүйсенбаев, Жезді кентінің әкімі Бақтияр Нұрбалаев қатысып, фестивальді ұйымдастырып отырған мұражай ұжымына жылы лебізін білдірді.

Көрмеге қазақ халқының салт-дәстүрінен, әдет-ғұрпынан сыр шертетін көне мұралар қойылыпты. Әсіресе, ұлттық қолөнердің қайталанбас үлгілері, оның ішінде ағаштан жасалған бұйымдар көздің жауын алады. Сонымен қатар, зергерлік әшекейлер – шолпылар, білезіктер, жүзіктер, түймелер, қапсырмалар мен ат әбзелдері, маржан тастармен көмкерілген, ою-өрнекпен өрнектелген әдемі ұлттық киімдер көрменің сәнін кіргізгендей. Жалпы көрмеде ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, ұлтымыздың ұлылығын паш етуге негіз болатын дүниелер көп болды.

Көрменің бірінші бөлімі Жезқазған – Ұлытау аймағына танымал хас шебер, сәулетші Данияр Кәрібаевтың жеке коллекциясына арналды. Көрме аясында шебердің келіні Рахия Бірмағанбетова мен немерелері – Кенбай, Сапар Наушарбаевтармен жүздесіп, олардың атасы жайлы ойларына түйген естеліктерін тыңдадық. Бұдан кейін ауданның ішкі саясат бөлімінің басшысы Алмат Қайратұлы шебердің ұрпақтарына ризашылығын білдіріп, көненің көзіндей асыл мұраларды жинақтаушы Рахия Бірмағанбетоваға аудан әкімінің Алғыс хатын тапсырды. Көрменің екінші бөлімі «Қазақ қолөнері әлемдік көрмелерде» деген тақырыппен ашылып, онда фотосуреттер көрсетілді. Үшінші бөлімінде «Әлемдік көрмелер тарихы» деген атпен әлем халқы алдында халықаралық деңгейде көрсетілген көрмелер тарихынан сыр шертілді. Төртінші бөлімі «Әжемнің сыр сандығы» деп аталып, мұражайдың педагогикалық бағдарламасына сай негізделді. Шара барысында жылдағы дәстүр бойынша қолөнер үлгісін дәріптеуге арналған шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. Биылғы шеберлік сағатына Жезқазған қаласынан жеке кәсіпкер Наталья Полозова мен Юрий Колмаков қатысып, қолөнер туындыларын көрмеге тарту етті.

Көрме Наурыз тойына дейін жалғасты. Фестивальдің жабылу салтанаты «Бастаңғы» ойын-сауығымен түйінделіп, «Жаңа күн, жарылқа елімді!» атты шарамен аяқталды.

Мұражай ішін аралап жүріп байқағанымыз, оның экспозициясының тақырыптық жүйесі Орталық Қазақстандағы тау-кен металлургия ісінің сонау ежелгі дәуірлерден бергі тарихын хронологиялық жүйемен көрсетуге негізделген. Сонау полеолит, неолит дәуірлерінің жәдігерлері, тастан қашалған алғашқы еңбек құралдары, мыс, қола, темір жебелер, найза ұштарынан бастап, бүгінгі замандағы қолданбалы өнер мен тұрмыстық мәдениетін көрсететін экспонаттар экспозиция залына топтастырылған. Қорыта айтқанда, бұл мұражай бүгінгі таңда металлургия өндірісінің тарихын насихаттайтын құнды мұралары бар алдыңғы қатардағы мәдениет ошағының бірі.

Қайрат ЖҰМАБАЕВ.

ҰЛЫТАУ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button