Әдебиет

Көкке кеткен бір ақын

Тілектің сәті бар ма, теріс келер,
Жиналса қайтем енді, шер ішке егер?
…Өмірден өткеннен соң сері Сәкен,
Сүйегін көкке әкетті періштелер.

Күн қайда, қазаныма ырыс толған,
Үзілсе амал бар ма, тыныс қолдан?!
Жер оның жебіріне жетіп еді,
Көкке кетіп қалғаны…
дұрыс болған!..

Қасиет құны қашып, кішірейді,
Сол жылдар болса, шіркін, түс үрейлі.
Тау іші, Сәкен мінген ақбоз тұлпар,
Неліктен жерді тарпып, кісінейді?

Қалдық-ау, ақиқаттан көп кешігіп,
Өткенге ешбір жүйрік жетпесін ұқ.
Басынан Иманақтың қыран ұшты,
Биіктеп ғайып болды, көкке сіңіп.

Жүрегің жазылар ма емдегенге,
Тірі боп не тындырдық сен де, мен де?
Құдай-ау, көкте тұрып Сәкен енді,
Қарайды бәтуасыз пенделерге.

Жампоздың жырын жүрміз өртке балап,
Сұңқардың аты қалды сертке жарап.
…Сәкеннің рухы разы болсын десең –
Дұға оқып қолыңды жай, көкке қарап!..

Дәуренбек БҰЛАНБАЕВ

Басқа материалдар

Back to top button