Көңілге сәуле қондырған

«Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы – заман тынысы, халық үні.

Бүгін ол үн біздің де үнге қосылып, жаңғырып, жаңа өріс алып тұр».

Мұхтар ӘУЕЗОВ.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын оқи отырып, Абай шығармаларын ұзақ жылдар бойы мектепте оқытқан әдебиетші ұстаз ретінде өз пікірімді білдіргім келді.

Мақала кіріспесіндегі «Ұлы ғұламаның мерейтойы той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек» деген сөйлемдер ойдан ойға жетелейді. Біздер той тойлаудан кенде халық емеспіз ғой, Абайдың: «Ат арықтар, тон тозар, қадір кетер, күлкіні онша күйлеп шуламалық» – дегені болмаса…

Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласында ой қуған, білім іздеген жанға Абай шығармалары – тағылымы мол мектеп екенін баса айтты.

Батыс пен Шығыстың алтын көпірі – данышпан Абай қазақ деген ұлы халық барын әлемге  әлдеқашан әйгілеген болатын.

Халықтың рухани ұстазы Абайдың өмірлік философиясы мынадай түйіндерді қамтиды:          -бірінші, отаншыл, ұлтжанды  болу;

-екінші, өзге ұлттар мен халықты дұрыс түсініп, олардың артық ілім-білімін үйрену;

-үшінші, адамды сүю, өзгеге құрмет сезіммен қарау;

-төртінші, өзіңе-өзің қатал сыншы боп, өз бойыңды  түзету.

Абайдың түпкі мақсаты – халқын түзеп, ерікті, мәдениетті ел санатына қосу. Осы мақсатқа жетудің жолы – оқу, өнер, білім, еңбек, ақыл деп біледі. Бұл ойлар – Абай шығармаларының алтын арқауы.

Ақын атаулы атам заманнан бері күңгірт күй, көлеңкелі ғұмыр-азаптың себебін қоғамнан, уақыттан, жеке адамнан іздеді, кінәлады, тек көмескі көр-тіршілікке өзін де айыпты санаған ешқайсысы табылмады. Абай ғана бұл салтанатты саптан оқшау тұр.                  

Төңкеріліп  құбылған жұрт – бір сағым,

Шынға шындап, қоса алмас ынтымағын .

Көптің аузын күзетсең, күн көрмейсің,

Өзіңді – өзің күзет, кел, шырағым!

Бүгінгі  күні тәрбие саласында қолданылып жүрген – Өзін-өзі тану ілімінің түпқазығын да Абайдан табамыз.

Абай  мұрасы – туған елдің рухани шыңы, рухыңа рух қосар, іштің  кірін тазалар алып  күшке айналды. «Махаббатпен  жаратқан  адамзатты  бауырым  деп  сүй», «Адам баласына   адам баласының бәрі – дос. Не үшін десең, дүниеде жүргенде туысың, өсуің, қайғың мен қазаң, шыққан жерің мен бармақ  жерің – бәрі бірдей», «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп, «Толық адам» тұжырымдамасын жасаған ұлы дана кемел келешекке жол көрсетті.

Әр қазақтың жүрегінің түкпіріне ұялаған өз Абайы бар. Ес біліп, етегін жапқан, өмірдің ащы-тұщысын татқан әр пенде Абайға өз соқпағымен келеді. Жастықтың оты жалындап жүрген күндерде Абай сөздерін мақтан үшін жаттасақ, бүгінде өмірдің көбі кетіп, азы қалған кезеңде дертті жанымызға дәру іздеп жаттаймыз. Құр жаттау дегенім жадағай болар, ол сөздерден жаныңа жұбаныш табасың. Бала күнімізде:

Көрдік қой дүние деген иттің көтін,

Жеп жүр ғой біреуінің біреу етін.

Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда,

Көбінің сырты бүтін, іші түтін…  – деген жолдарды қайталап оқысақ та, түсіне бермейтінбіз. Енді бүгінде аңдап қарасақ, Абай айтқан осы сөздің төңірегінде өзіміз жүрміз.

Абай жиырмасыншы сөзінде: «Пендеде бір іс бар жалығу деген. Дүние бірқалыпты тұрмайды, адамның қуаты, ғұмыры бірқалыпты тұрмайды. Әрбір мақұлыққа Құдай Тағала бірқалыпты тұрмақты берген жоқ. Енді көңіл қайдан бірқалыпты тұра алады? Бірақ осы жалығу деген әрнені көрем деген, дәмін, бағасын – бәрінің баянсызын біліп жеткен ойлы адамнан шығады», – дейді. Адам баласы жалығу арқылы жаңалыққа ұмтылады, басқа дүниені де көрсем, білсем екен деп жанталасады.

Біреуден айлам мен ақылымды асырдым деп жүргеннің көбі іштей өзін-өзі жеумен күн кешеді. Сөйтіп, қысқа ғұмырдың бірталайы өзін-өзі тани алмаумен өтеді. Абайша айтқанда: «…үнемі жаманшылыққа, мақтанға салынып, өз бойын өзі бір тексермей кеткен кісі, тәуір түгіл, әуелі адам ба өзі?».

Даналық атты биіктің құзар шыңына шыққан Абай өмірі де күрделі құбылыс. Пендеге тән күрес-тартысты, жек көру мен сүюді өз басынан өткермесе, жүрек қанымен жазылған қуатты ойлар туар ма еді?!

Абай өмірінің қайшылығы мол кезеңінде өз аталасы Оразбай бастаған әулекі топ сойыл көтеруге шейін баратынын білеміз. Сонда баласы Тұрағұл естелігінде Абай айтты дейтін мына бір сөз бар: «Өлтіреміз, бітіспейміз деген сөз дұрыс емес. Жөні келсе, мен бітімнің кісісімін! Бұл – жаманшылықтан туған жаманшылық деп біліңдер». Бұл сөздерді ғұлама неге айтты екен? Мінсіз адам бар ма өзі? Абай бұлай дегенде – біз кімбіз?..

Жаңа  заманның  күрделі  талабына  ұлы  Абай өз шығармаларымен жауап береді. Уақыты, заманы өте келе, талай тау мүжіледі, талай дүние өзгереді. Адам да өтеді өмірден. Ештеңе мәңгілік емес. Уақыттың  қатал заңы солай. Тек ел мен жер – мәңгілік. Олар қартаймайды да, тозбайды. Жерді мекен  еткен адамдар ғана  қартайып, өмірден өтіп  жатады.

«Дүние – үлкен  көл, заман – соққан  жел, алдыңғы  толқын  ағалар, кейінгі  толқын інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай  көрінер», – деп толғанады ұлы  ақын.

 «Абай сыны – ауыр сын, сындарлы сын. Бұл тойдың тұсындағы басты мақсатымыз – бүкіл халықтың ұлт ұстазы алдындағы өзіндік бір есеп беруі іспеттес болуы тиіс» – деген Президент сөзінен артық не деуге болады?! 

Әлия ЕЛЕУБЕКОВА,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері.

БАЛҚАШ қаласы.