Іздеген жанға жұмыс бар
Елімізде дағдарысқа қарсы шаралар кешені қабылданып, Жұмыспен қамтудың жол картасы әзірленді. Басты мақсат – қаржылық қиындыққа тап болған адамдарға қолдау көрсетіп, жұмыс ұсыну. Облыста аталған картаның аясында жалпы құны 63,7 млрд. теңге болатын 625 жоба енгізілді. Оның ішінде 140 жоба Қарағанды қаласы аумағында жүзеге асады.
Жоспар бойынша, қалада бассейн салынып, жылу желілері ауыстырылады және әбден тозығы жеткен жолдарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондайақ, бұдан басқа да ірі жобалар жүзеге асырылады. Нәтижесінде 7457 жаңа жұмыс орны ашылады. Бос орынның тең жарымына, 3728 орынға қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасын алған азаматтар алынады. Ал, қалған жартысына қызметкерді мердігер компания өзі тартады. Жұмыскерлердің айлығы істеген еңбегіне сай болуы тиіс. Бұл мәселе де назардан тыс қалмапты. Азаматтар ең аз дегенде 85 000 теңге көлемінде еңбекақы алады. Тіпті, ерекше көзге түсіп, өзін жақсы жағынан көрсеткен азаматтардың бұдан да көп айлыққа үміт артуына болады.
Бүгінде жоспарланған 140 жобаның 65-ін іске асыру жұмыстары басталып кетті. Оларға жұмысқа орналасу үшін жетпістен астам адамға жолдама берілді. Жұмыскерлер қаладағы әлеуметтік маңызға ие білім беру, спорт, мәдениет ошақтарының жөндеу жұмыстарымен шұғылданады. Әрине, бұлар маусымдық жұмыстар. Десек те, өзін жақсы жағынан көрсетіп, әріптестерінің арасында беделді бола білген азаматтардың әрі қарай да осы компанияларда қалып қою мүмкіндігі жоғары. Бастысы жұмысқа деген ниет пен құлшыныс болса жетіп жатыр.
– Жұмыс жоқ деп қарап отыруға болмайды. Іздеген жан екі қолға бір күректі қайдан болса да табады. Дәл осы, Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында бос орындар жеткілікті. Оларға маман керек. Егер жұмыс іздеген азаматтар болса, біздің кеңсемізге келіп, жолдама алсын. Қазіргі таңда құрылысшыларға, бетоншылар мен кран жүргізушілеріне сұраныс жоғары, – деді Нұржан Сыздықов.
Оның айтуынша, жыл басынан бері орталыққа жұмыс сұрап 2817 адам хабарласқан екен. Олардың арасынан 1355 адам тұрақты жұмысқа орналастырылған.
Нұрлыхан Қалқаманұлы