«Balkhash Tour Fest» аумағында «Төре» донерін жеуден ерекше жарыс өтуде
Фестиваль аясында ұйымдастырылған спорттық-ойын-сауық сайыстарының бірі – донер жеуден өткен жарыс. Көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырып, ерекше көңіл күй сыйлады. Қатысушылар шарт бойынша қаладағы «Төре» дәмханасының арнайы әзірлеген үлкен донерін уақытқа жеп сайысуы керек.

Ұйымдастырушылар фестиваль қонақтары арасынан 10 қатысушыны сахнаға шығарды. Оларға бірдей көлемдегі донер ұсынып, уақыт есептеле бастады. Нәтижесінде, балқаштық оқушы Ислам Тілеужан қарсыластарын басып озып, жеңімпаз атанды.

№17 мектептің 8-сыныбына көшкен оқушысы алып донерді небәрі екі минуттың ішінде жеп тауысып, жарыстың рекордын жаңартты.
– Былтыр да осы фестивальге қатысқанмын. Биыл да достарыммен арнайы келдім. Жалпы, туған қалам жылдан-жылға көркейіп келеді. Фестиваль өтетін орын да өте сәтті таңдалған. Бір жағында көл, бір жағында мерекелік бағдарлама. Жаздың аптап ыстығында көлге шомылып, кешке концерт тамашалау – ерекше әсер сыйлайды, – деді жеңімпаз.
Жарыста ІІ орынды Қостанай облысының Алтынсарин ауданынан келген Асхат Жалғас иеленді. Ол Балқашқа алғаш рет келді. Былтыр Көкшетау өңірінде демалса, биыл отбасымен бірге Балқаш жағалауында тынығуды жөн көрген. Өзі күтпеген жерден сайысқа қатысып, үлкен донерді үш минутта жеп тауысқан.

– Балқаш мені ең алдымен көлімен және жаңарған инфрақұрылымымен таңғалдырды. Мұндағы халықтың қонақжайлығы ерекше екен. Барлығы жылы қарсы алып, көмектесуге дайын тұрады. Көлдің тазалығы, жағалаудың күтімі көңілімнен шықты. Жұмыстан шаршап келген адам үшін мұндай жерде демалу – нағыз сергектік сыйлайды. Сондықтан, алдағы уақытта Балқашқа тағы да келуді жоспарлап отырмын, – деді ол.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz



