Сергей Цырульников «Balkhash Tour Fest»-те әсерлі шоу көрсетті
Биылғы «Balkhash Tour Fest» фестивалінің ерекше қонақтарының бірі – қазақстандық күш атасы атанып кеткен танымал рекордсмен, стронгмен әрі бірнеше халықаралық рекордтың иегері Сергей Цырульников келді. Ол фестиваль қонақтарына арнап арнайы шоу-бағдарлама ұсынып, өзінің ерекше күш мүмкіндіктерін паш етті.

Көрсетілім барысында спортшы темір шынжырларды үзіп, тағаны жалаң қолымен бүктеді. Қалың шегелерді де майыстырып, көрермендерді таңғалдырған бірнеше күштік трюк көрсетті. Әсерлі қойылымнан кейін спортшы көпшілік арасынан 10 адамды сахнаға шақырып, түрлі күш сынасу сайыстарын ұйымдастырды.
Алғашқы кезеңде қатысушылар салмағы 35 келі болатын эспандерді қысудан бақ сынады. Кейін арнайы силомер құрылғысында күш көрсеткіштерін өлшеді. Тартысты өткен бәсекенің қорытындысы бойынша Балқаш гуманитарлық-техникалық колледжінің IV курс студенті Константин Егоров жеңімпаз атанды.

–Өзім пауэрлифтингпен айналысамын. Бұл спорт түрінен спорт шебері атағын алғанмын. Төрт жылдан бері тұрақты түрде жаттығып келемін. Биыл «Balkhash Tour Fest» фестиваліне екінші рет қатысып отырмын. Фестиваль аумағындағы барлық нысан өте ыңғайлы орналасқан. Бұған дейін Сергей Цырульниковты тек әлеуметтік желіден ғана көретінмін. Бүгін алғаш рет жүздесіп, қолын алдым. Шынымен де ерекше күш иесі екен. Эспандерді қысқанда соңына дейін жеткізуге сәл ғана жетпей қалды. Ал, силомерде 79 келі көрсеткішіне қол жеткіздім. Мұндай құрылғыда алғаш рет күш сынап тұрмын, – деді жеңімпаз.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz



