Балқаштағы фестивальдің қауіпсіздігін полиция күшейтілген режимде қамтамасыз етуде
Балқаш көлінің жағасында өтіп жатқан ауқымды фестивальдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 300-ден астам полиция қызметкері күшейтілген режимде жұмыс істеуде.

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген мыңдаған қонақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тәртіп сақшылары фестиваль алаңдарында, оған апаратын автожолдарда және Балқаш көлінің акваториясында тәулік бойы қызмет атқаруда. Негізгі назар қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және судағы қауіпсіздік талаптарының орындалуын бақылауға аударылған.

Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыровтың айтуынша, фестиваль күндері азаматтардың қауіпсіздігі басты басымдықтардың бірі болып отыр.
– Полиция департаменті басшылығының тапсырмасына сәйкес Балқаш өңірінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қабылданды. Басты мақсатымыз – тұрғындар мен қонақтардың алаңсыз әрі қауіпсіз демалуына жағдай жасау. Осыған байланысты қоғамдық тәртіп, жол қозғалысы және судағы қауіпсіздік тұрақты бақылауда. Табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері моторлы қайықтармен көл акваториясын патрульдеп, демалушыларға қауіпсіздік талаптарын түсіндіруде. Қабылданып жатқан барлық шаралар азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған, – деді ол.
Екі күнге созылатын фестиваль барысында полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті тәулік бойы бақылауда ұстап, кез келген төтенше жағдайға жедел әрекет етуге дайын.
Жазғы туристік маусымның маңызды оқиғаларының біріне айналған фестиваль қонақтарға көтеріңкі көңіл күй мен жарқын әсер сыйласа, өңір полицейлері олардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету бағытында үздіксіз қызмет атқаруда.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



