Аймақ

“Balkhash Tour Fest”: 500 дрондық шоу көпшілікті тәнті етті

Көкше көлдің жағасында кешкі уақытта «Balkhash Tour Fest» фестивалінің ресми ашылу салтанаты өтті. Күн ұясына қонып, көл жағалауын кешкі самал тербеген шақта мыңдаған көрермен фестивальдің басты сахнасына жиналды. Әсем музыка мен жарқын безендірілген алаң мерекелік көңіл күй сыйлап, Балқаш аспаны ән мен думанға бөленді.

   
Салтанатты шара барысында Олимпиада чемпионы сахнаға көтеріліп, армрестлинг пен гір спортынан үздік нәтиже көрсеткен спортшыларды марапаттады. Ол жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табыстап, спортшыларға сәттілік тіледі.

Одан кейін фестивальдің концерттік бағдарламасы басталып, сахна төрінде танымал өнер жұлдыздары өнер көрсетті. Алғашқылардың бірі болып Do-Mi-No тобы көрермен ықыласына бөленсе, кейін Нұрлан мен Мұраттың әндері көпшіліктің көңілін көтерді.

Кештің шарықтау шегі ретінде сахнаға көтерілген Мирас Жүгінісов танымал әндерін орындап, фестиваль қонақтарына ерекше әсер сыйлады.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Алайда, мерекелік кештің ең әсерлі сәті концерттен кейін басталды.

Балқаш аспанына бір мезетте 500 дрон көтерілді.


Фестиваль тарихындағы алғашқы ауқымды дрон-шоу көрермен назарына ұсынылды.

Заманауи технологияның көмегімен көк жүзінде Балқаш көлінің бейнесі, ұлттық нақыштағы өрнектер мен түрлі композициялар салынды.

Түрлі-түске боялған жарық шоулары көл жағалауына жиналған жұртшылықты таңғалдырып, фестивальдің алғашқы күнін әсерлі нотамен қорытындылады.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button