АймақҚарағанды

Серіктестік серпін сыйлайды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өнеркәсіпті жаңғырту мен өңдеу секторын дамыту міндетін алға қойған тұста Qarmet компаниясы ауқымды жобаларды жүзеге асырып келеді. Шахталарға заманауи жабдықтар орнатылып, металлургиялық өндіріс жаңартылуда, жаңа өнеркәсіптік кластер қалыптасып, жергілікті өндірістер ашылуда. Бұл баянды бастамалар кәсіпорынның өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, Қарағанды өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, Қазақстанның индустриялық қуатын нығайта түсуде. Зер салып көрелік…

Сурет Qarmet компаниясының баспасөз қызметінен

Президент пәрмені

Иә, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында өнеркәсіп саласын дамыту бойынша біршама жұмыс атқарылу керегін баса белгіледі.

– Үкімет 17 ірі жобаның тізімін жасады. Онда терең өңдеу тәсілін меңгеруге басымдық берілген. Өз шикізатымыз бен құрал-жабдықтарымызды барынша пайдалану, ірі кәсіпорындарға жапсарлас өндірістер ашу маңызды. Мен жуырда Қарағанды облысында болдым. Сол кезде «Qarmet» металлургия комбинатына бардым. Отандық инвестор келген соң, ондағы ахуал едәуір тұрақталды. Кәсіпорын жаңғыртыла бастады. Бұл қадам өндірілетін өнім көлемін айтарлықтай арттыруға тиіс. Саран қаласының экономикасын әртараптандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Онда автокөлік доңғалағын және тұрмыстық техника шығаратын өндірістер іске қосылды. Соның арқасында бұл елдімекен моноқалалар санатынан шығарылды. Басқа да моноқалаларға дем беру үшін осы тәжірибені қолдану қажет, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Президент айқындаған индустриялық даму бағыты бүгінде нақты істермен толықтырылып келеді. Өндірісті жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу, жергілікті өндірістерді дамыту және қосылған құны жоғары өнім шығару – ел экономикасының берік тірегіне айналатын басымдықтар. Осы міндеттерді жүзеге асыру жолында Qarmet қолға алған жобалар тек кәсіпорынның ғана емес, тұтас өңірдің дамуына соны серпін беруде. Жаңа өндірістер, заманауи жабдықтар мен инновациялық шешімдер Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, ұлттық экономиканың тұрақты өсіміне жол ашады.

Озық технологияның орасан игілігі

Қарағанды шахталарына жоғары технологиялық жаңа неміс жабдықтары орнатылу үстінде. Мәселен, Qarmet компаниясына қарасты Т.Күзембаев атындағы шахтада көмір өндіруді қауіпсіз әрі тиімді етуге септесетін жаңа заманауи жабдықты іске қосуға дайындық жүріп жатыр. Бұл – немістің Hauhinco компаниясының жоғары өнімді сорғы станциясы. Аталған станция шахтерлердің басындағы тау жыныстарын ұстап тұратын арнайы шахта құрылымының жұмысын қамтамасыз етеді. Оның тұрақты жұмысына адамдардың қауіпсіздігі мен көмір өндірісінің үздіксіздігі тікелей байланысты. Учаскедегі бұрынғы жабдық мерзімі 20 жылдан асып кеткен еді. Сөйтіп, дәл қазіргі сенімділік пен тиімділік талаптарына әсте сай келмейтін еді. Жаңа сорғы станциясы шахтаны техникалық қайта жарақтандыру бағдарламасы аясында соның орнына орнатылды. Заманауи жабдықтың қуаты жоғары: станция минутына жоғары қысыммен 600 литрге дейін арнайы сұйықтық береді. Соның арқасында жүйе елеулі жүктемелер кезінде де тұрақты жұмыс істей алады. Сонымен қатар, жабдық толықтай дерлік автоматтандырылған: станция жүктемені өзі бақылап, қажет болған жағдайда қосымша сорғыларды іске қосады.

– Жүктеме артқанда жүйе тұрақты қысымды ұстап тұру үшін екінші, содан кейін үшінші сорғыны өзі іске қосады. Мұндай автоматтандыру жұмысымызды едәуір жеңілдетіп, электр энергиясын үнемдеуге мүмкіндік береді, – деді көмір өндіру учаскесінің механигі Александр Воротынцев.

Және бір маңызды артықшылығы – жаңа жабдық жер астында стационарлық түрде орнатылады. Бұрынырақ ауыр сорғы станциясын өндіру жұмыстарының ілгерілеуіне қарай үнемі жылжытып отыруға тура келетін. Енді мұндай қажеттілік болмайды да, сәйкесінше жұмысты ыңғайлы әрі қауіпсіз етеді.

– Бұл сорғылар – өте қуатты. Бір лаваның жұмысына екеуі жеткілікті, ал, бұрын дәл осындай міндетті орындау үшін екі есе көп жабдық қажет болатын. Станциялар ұзақ мерзімге қызмет етуге есептелген, – деді Hauhinco компаниясының өкілдері.

Жаңа жабдық Qarmet-тің Өнеркәсіпті дамыту қорымен ынтымақтастығы аясында сатып алынған. Алдағы уақытта осындай сорғы станцияларын компанияның басқа шахталарына да орнату жоспарланып отыр. Жаңа сорғы станциясын енгізу жабдықтың сенімділігін арттыруға, бос тұрып қалуларды азайтуға және шахтерлердің еңбек жағдайын жақсартуға теңгерімді мүмкіндік береді.

Әлбетте, Т.Күзембаев атындағы шахтадағы техниканы жаңарту – компанияның көмір кәсіпорындарын ауқымды жаңғырту бағдарламасының бір бөлігі ғана. Qarmet шахталарында өндіріс тиімділігін арттыруға және жұмысшыларды қорғауға бағытталған заманауи жабдықтар, автоматтандыру жүйелері мен өнеркәсіптік қауіпсіздік технологиялары енгізілуін сәтімен жалғастырып келеді.

Бір алаң, мың мүмкіндік

Qarmet Service өнеркәсіптік кластері аумағында жергілікті өндірістерді дамыту жалғасып жатыр. Компания баспасөз қызметі өкілдерінің хабарлауынша, бүгінде мұнда трикотаж қолғаптар шығару, тоқыма қалдықтарын қайта өңдеу, иірілген жіп пен талшық өндіру, тоқыма емес материалдан жасалған әмбебап майлықтар, сондай-ақ, өртке қарсы стикерлер шығаратын желілер жұмыс істеп тұр. Өнеркәсіптік кластер өндірістік алаңдарының жалпы ауданы – 20 мың шаршы метр. Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған желілер шамамен 7,5 мың шаршы метрді алып жатыр. Қалған аумаққа тағы бірнеше өндірісті орналастыруға мүмкіндік бар. Өндірістерді жергіліктендіру Qarmet үшін де, жалпы өңір үшін де елеулі мультипликативтік нәтиже береді. Демек, жаңа жұмыс орындарын ашу, жергілікті бюджетке салық түсімдері, шағын және орта бизнесті дамыту, импортқа тәуелділікті азайту және бәсекеге қабілетті өнеркәсіптік орта қалыптасары сөзсіз.

– Qarmet серіктестерді тарту және сұранысқа ие тауар топтарын жергіліктендіру жұмысын да көздегеніндей жалғастыра білуде. Санамалай бастасақ, респиратор өндірісін ұйымдастыруға офтейк-келісімшартқа қол қойылды. Кәсіпорын жұмыс орындарын дайындауға және қажетті жабдықты сатып алуға кірісіп те кеткен. Сондай-ақ, биг-бэгтер, сабынды-жуу құралдары, қайталама пластиктен жасалған бұйымдар және арнайы аяқкиім, қорғаныш көзілдірігі мен каскаларды қоса алғанда, басқа да жеке қорғаныс құралдарын өндіру жобалары қосымша пысықталып жатыр. Бұған дейін Qarmet ұзақмерзімді және офтейк-келісімшарттар жасасуға дайын тауар топтарының тізімін жариялаған болатын, – деп жазды ресми мәлімдемесінде Qarmet «Қазақстандық қамту» бағдарламасын үйлестіру және дамыту бөлімінің бастығы Жандос Сарманов.

Бажайлап қарасақ, мұндай кәсіпорындарды негізгі өндіріске жақын орналастыру комбинатты қажетті өніммен жедел қамтамасыз етуге мүмкіндік береді әрі жеткізу тізбегінің тұрақтылығын арттырады. Қарымын арттырып келе жатқан Qarmet үшін өнеркәсіптік кластерді дамыту – стратегиялық бағыт. Компания ел ішінде өнім шығаруды арттыру, жергіліктендіру деңгейін көтеру және өңірдің тұрақты дамуын қолдау мақсатында металлургиялық комбинаттың айналасында қазақстандық өндірушілер экожүйесін қалыптастырып жатыр. Басым бағытты одан әрі дамыту аясында Қарағанды облысының әкімдігі Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп, 150 гектар аумақта арнайы экономикалық аймақтың субзонасын құру мәселесін пысықтауда. Жобаны іске асыру жаңа инвесторларды тартуға, өңдеу өндірістерін құруға және Qarmet шикізаты мен өнімі негізінде қосылған құны жоғары өнім шығаруды ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Компания өнеркәсіптік кластер аумағында өнім мен өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу, сондай-ақ, жаңа жергілікті өндірістерді құру бойынша ұсыныстарды қарастыруға ашық. Шахталар мен металлургиялық комбинатқа арналған электр жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсетумен айналысатын Qarmet Machinery компаниясының Энергозавод бөлімінде электрқозғалтқыштардағы ақауларды жылдам әрі дәл анықтауға мүмкіндік беретін жетілдірілген әдістеме енгізілді. Жаңа әдістеме ақауларды алдын ала анықтауға, жабдықтың күрделі бұзылуына жол бермеуге және өндірістегі тоқтап қалу қаупін азайтуға септік етпек. Нәтижесінде жөндеу уақыты қысқарып, қателік ықтималдығы азайды және электрқозғалтқыштарды қалпына келтіру сапасы артты.

Түйін

… Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған өнеркәсіпті жаңғырту, шикізатты терең өңдеу, өндірістерді жергіліктендіру және экономиканың жаңа өсу нүктелерін қалыптастыру жөніндегі стратегиялық міндеттер бүгінде нақты жобалар арқылы жүзеге асқанын көз көріп келеді. Qarmet компаниясының өндірістік қуаттарды жаңарту, заманауи технологияларды енгізу, өнеркәсіптік кластерді кеңейту және отандық өндірушілерді қолдау бағытындағы бастамалары елдің индустриялық әлеуетін нығайтуға бағытталған ауқымды жұмыстың маңызды бөлігіне айналып отыр. Бүгінде кәсіпорын төңірегінде жаңа өндірістік экожүйе қалыптасып келеді. Бұл – жаңа жұмыс орындары, инвестициялар, бәсекеге қабілетті өнім және өңірлердің тұрақты дамуы деген сөз. Ең бастысы, мұны – Президент жүктеген міндеттердің нақты нәтижеге айналып, экономиканың нақты секторында өз жемісін бере бастағанының айқын көрінісі деп бағамдаймыз. Qarmet жүзеге асырып жатқан жобалар қуатты өнеркәсіптің ел дамуының берік тірегі екенін тағы бір мәрте дәйектейді. Өндірісті технологиялық тұрғыдан жаңарту, қосылған құны жоғары өнім шығару және қазақстандық қамтуды арттыру бағыты алдағы уақытта да ұлттық экономиканың тұрақты өсіміне, өңірлердің өркендеуіне және Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды міндеттердің орындалуына қалтқысыз қызмет ете бермек.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button