Қиындықты бірлік еңсерді
Сәуір айының бас кезінде Теміртау қаласы тұрғындарының бірі коронавирус дертіне шалдыққаны анықталып, 7-ықшамаудандағы №6 үйдің кіреберісі карантинге жабылды. Бұлай болар деп ешкімнің де күтпегені анық. Әйтсе де, тұрғындар өз қиындығымен жалғыз қалған жоқ. Олар берекелі бірлік пен адамгершілік қасиеттің арқасында қиындықты еңсерді.
Тұрғындардың сынақтан сүрінбей өтуі пәтер иелері кооперативінің төрағасы Элмира Түсіпованың арқасы десек, қателеспейміз. Ол оқшаулау шарасы туралы естіген соң, бірден тұрғындарға көмек көрсету жолын іздейді. Ең басты міндет – халықты сабырға шақырып, дүрбелең туғызбау. Сондықтан, Whatsapp мессенджерінен арнайы чат ашып, әкімдік өкілдері мен кіреберіс тұрғындары арасында байланыс орнатады. Тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, қиындық тудырған жайттар жөнінде жазып, оларға дер кезінде жауап алып отырды. Бұл шектеу шараларын қандай да бір оқыс оқиғасыз, ойдағыдай өткеруге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, жалғызбасты зейнеткерлер мен аналарға көмек көрсету мәселесі де назардан тыс қалмады. Карантиндегі тұрғындарға олардың туыстары, кәсіпкерлер мен халық қалаулылары азық-түлік және тұрмысқа қажетті заттар сатып алып, жеткізіп тұрды. Осы орайда, сырттан келген заттарды қабылдап алудың ерекше тәртібі енгізілгенін де айта кеткен жөн. Яғни, тұрғындарға арналған заттар сыртқы есіктің алдына қойылады. Содан кейін арнайы чатта қай пәтердің иелері шығып, өздеріне тиесілі затты алуы керек екені хабарланады. Осылайша, тұрғындардың бір-бірімен байланысқа түсуіне тосқауыл қойылды.
-Басына күн түскен жанға көмек көрсету – қанымызда бар қасиет. Бұл үшін таныс немесе туыс болудың қажеті жоқ. Бәріміз – осы елдің азаматымыз. Ойламаған жерде қиын жағдайға тап болған адамдарды қалай қараусыз тастаймын? Сондықтан, қолдан келген көмектің бәрін жасауға тырыстым. Бірде бауырсақ пісіріп апармақ болдым. Сол кезде қасымдағы азаматтар бауырсақпен бірге сүт алып барайық деп ұсыныс тастады. Содан ақша жинап, әр пәтерге қажетті азық-түлік түрлерін алдық, – дейді Эльмира Түсіпова.
Межелі 14 күн де өтті. Тұрғындардың ешбірінен қауіпті індет белгісі байқалған жоқ. Кіреберіске қойылған шектеу алынып, тұрғындар қалыпты өмірге оралды. Олар сын сағатта қолдау көрсеткен азаматтарға, оның ішінде, Эльмира Түсіповаға айрықша алғыс білдіруде…