Руханият

Іргелі ғалым, дәуірдің ірі тұлғасы

ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР, ӘЛЕУМЕТТІК ҒЫЛЫМДАР АКАДЕМИЯСЫНЫҢ АКАДЕМИГІ, АТАҚТЫ ТІЛШІ-ЛИНГВИСТ ХАЙРОЛЛА НҰРМҰҚАНОВТЫҢ 90 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ ҚАРАҒАНДЫДА. СОҚТЫҚПАЛЫ, СОҚПАҚСЫЗ ЗАМАНДА ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ҚАСИЕТІНЕН ТІРНЕКТЕП ТАУ ТҰРҒЫЗЫП, ҚАСІРЕТІН АРҚАЛАП ӨТКЕН КӨРНЕКТІ ТҰЛҒА ҚҰРМЕТІНЕ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН ШАРАҒА ЕЛІМІЗДІҢ ТҮПКІР-ТҮПКІРІНЕН ҒАЛЫМДАР КЕЛІП, ҚАРАҒАНДЫ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БАС ҒИМАРАТЫНДА БАС ҚОСТЫ.

Қазақ сөзінің зергері Ғабит Мүсірепов «Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті Хайролла Нұрмұқанов ана тілімізге, әсіресе, көркем әдебиет тіліне қос-қостап кіріп жатқан дертті еппен болса да дәлелді түрде көрсетіпті» дейді. Ғабеңнің бұл пікірі ғалымның алғаш жазған-сызғандарын оқып-біліп айтқаны болса керек. Хайролла ағамыздың сәл жастау кезіндегі. Одан беріде ол зерттеулер кемелдене түспеді ме? Арналана түсті, әрине. Әйтпесе, атақты ғалым Рәбиға Сыздық былай дер ме еді?! «Қ.Нұрмұқанов – нағыз ғалым, күшті ғалым болатын. Іздене білетін, тың пікірлер ұсынатын, зерттеу нысаны – қазақ тіліне, оның сөздік қазынасына мейлінше қызыға қарайтын, оны өте жақсы зерделеген маман еді.

… Х.Нұрмұқановтың ұстаздық, ғалымдық портретімен қатар, адами бейнесінен де шын сүйінерлік, сыйларлық, үлгі етерлік қасиеттерді көрген едік» депті.

Осындай іргелі ғалым, заңғар зерттеушінің тоқсан жылдығында өзі саналы ғұмырын өткерген Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті филология факультетінің тіл білімі кафедрасы ұйымдастырған келелі жиынға тәмам қазақ оқығандары жиылды десе болғандай.

Конференцияны филология факультетінің деканы, профессор Мұхаммадғали Әбдуов жүргізіп отырды. «Хайролла Мырзағалиұлы ағамыздың «Сөз және шеберлік» атты үлкен еңбегі бар. конференция тақырыбы соған байланысты қойылып отыр. Қазақ тіл біліміндегі стилистика мәселесін тұңғыш рет детальдық тұрғыда талдай отырып, ерекшеліктеріне бойлаған зерттеу жұмысы. Осы зерттеу еңбегі негізінде кейін талай ғылыми жұмыстар туындап жатыр. Бұл кісі – тіл ғылымына үлкен еңбек сіңірген тұлға. Қазақ тілінің қолданысы, сөздердің арасындағы байланыс, стилдік және мағыналық маңыздары, астарында қандай мәселе бар – осының бәрі Хайролла ағамыздың ғылыми жұмыстарында тұр» деп бастаған ол сырттан келген қонақтармен таныстырды.

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті қазақ филологиясы кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Бердібай Шалабай, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, профессор Жамал Манкеева (Алматы қаласы), Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры Жантас Жақыпов (Нұр-Сұлтан қаласы), Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінен филология ғылымдарының кандидаты, доцент Асан Қайыров (Орал қаласы), «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратының жауапты қызметкері Жұмажан Жүкенов (Нұр-Сұлтан қаласы), БАҚ менеджері, Бас редакторлар клубының мүшесі, журналист Телман Бейсенов, Түркістан облысының мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Күмісай Тәжібаева, химия ғылымдарының докторы, профессор Арыстан Ғазалиев, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, «Ғасыр адамы» Темірғали Көкетай, тағы басқа да тұлғалар мен айтулы ғалымдар еліміздің түпкір-түпкірінен жиналыпты.

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры, химия ғылымдарының докторы, профессор Азамат Ыдырысовтың және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бейбіт Мамыраевтың құттықтауларын аталған университеттің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Елдос Түйте оқып берді. Білім және ғылым министрлігінің құттықтау хатын облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Амангелді Жүнісов жеткізді.

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Айнагүл Қазанбаева «Х.Нұрмұқанов – тіл сақшысы» тақырыбында баяндама жасады. «Қазақ тілінің сөз қолданысына, көркемдігіне, әсерлілігіне, қандай да болмасын сөздің орынды жұмсалуына, сөз тіркесі мен сөйлемнің ықшам әрі дәл, мінсіз құрылуына айрықша мән беріп, өзінің ғылыми зерттеу еңбектеріне негіз еткен ғалым-ұстазымызды тіліміздің бүгіні мен ертеңі, болашағы толғандырды» дейді Айнагүл Зікірқызы.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Жамал Манкеева өз баяндамасында «тілдің әрекет үстіндегі көрінісі мен сөздің табиғатын адам болмысымен тығыз байланыста зерттеу – кез келген тілші-ғалымның бойынан табыла бермейтін ерекше қабілет. Дегенмен, сол заманда осындай қиын да қызықты жұмысты атқарған санаулы ғалымдардың бірі – профессор Х.Нұрмұқанов» деген тұжырымға тоқталды. Ал, филология ғылымдарының докторы, профессор Жантас Жақыпов болса: «Шеберліктің тілмен өлшенетінін көрсетіп кеткен ғалымдардың бастауында профессор Х.Нұрмұқанов есімі тұр. Қазақ ғылымында сөз шеберлігінің шарттарын алға тартып, саралап берген де осы ғалым. Ол «Сөз және шеберлік» атты монографиясында «Сөз және оның контекстегі қолданысы» тақырыбындағы докторлық диссертациясында сөз шеберлігінің шарттарын айқындап берген. Олар – дәлдік, әсерлілік, ықшамдылық» деп ғалым еңбегін мысалдармен нақты көрсете білді.

Бір мақала тұрмақ, бірнеше ғалым бас қосқан келелі жиында Нұрмұқановтың телегей еңбегін түгесіп шығу мүмкін емес. Алқалық мәжілістен соң ғалымдар сала-сала бойынша 6 секцияға бөлінді. Онда да төтеннен енген тақырып жоқ, барлық салалық бағыттар ғалымның зерттеп кеткен тақырыптарынан туған мәселелер бойынша қарастырылды.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Back to top button