Облыс әкімі

Өңірді дамыту – өзекті мәселе

    Кеше облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВТІҢ төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Күн тәртібінде Қарағанды облысының қалалары мен елді мекендерінің абаттандырылуы және көгалдандырылуы бойынша өткізілген бір айлықтың қорытындысы, қысқы маусымда төтенше жағдайларды ескерту бойынша жұмыс, Мемлекет басшысы тарапынан ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту, қосалқы шаруашылықтарды пайдалану және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жөніндегі берілген тапсырмалардың орындалуы сынды өзекті үш мәселе қаралды.

Облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Бегімовтің айтуынша, 19 қыркүйек пен 15 қазан аралығында облыстың қалалары мен елді мекендерінде дәстүрлі күзгі абаттандыру, санитарлық тазалық және көгалдандыру айлығы өткізілді. Қала және аудан әкімдіктері, ұйымдар және кәсіпорындар, барлық меншік нысандарды, тұрғындарды тазалық жұмыстарына тартатын іс-шаралар ұйымдастырды. Күзгі бір айлықтың өтуіне бақылау жасау және үйлестіру үшін аймақтарға жауапты тұлғалар бекітілді (облыс әкімінің орынбасарлары және облыстық басқармалардың басшылары). Науқанның өтетіні туралы қала және аудан тұрғындарына БАҚ, жарнама және баннерлер арқылы хабар берілді. Абаттандыру жұмыстарына бекітілген учаскелер бойынша облыстық басқармалардың және аумақтық департаменттердің қызметкерлері қатысты.

Екінші мәселеге қатысты облыстың төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің басшысы Ибрагим Күлшімбаев баяндама жасады. 2015-2016 жылдардағы қыс маусымында Қарағанды облысының аумағында қолайсыз метеорологиялық жағдай орын алды. Екпінді жел мен қалың жауған қар, көктайғақ мұз болды. Есеп беру кезеңінде департаменттің апаттан құтқару бөлімшелері 2324 сапар жасады. Соның 887-сі апаттан құтқару жұмыстары болды. Осы жұмыстар кезінде 982 адам құтқарылды. Оның 133-і – балалар. Облыстық көлік жолдарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 53 рет қозғалыс шектелді. Құтқару шаралары кезінде 905 адам эвакуацияланды. Соның арасында 26 бала бар. Кептелістен 586 бірлік техника шығарылды. Құтқару жұмыстарына 687 адам және жергілікті атқару органдары мен түрлі ұйымдардың 297 техникасы тартылды. Бүгінгі күні департамент «2016-2017 жылдардағы қыс маусымында Қарағанды облысы тұрғындары мен аумағын төтенше жағдайлардан қорғауды ұйымдастыру» туралы облыс әкімі бұйрығының жобасын әзірледі. Соған сәйкес, 2016 жылдың 1 қарашасынан бастап азаматтарды қорғаудың Мемлекеттік жүйесінің облыстық ішкі жүйесін жоғарғы дайындық жүйесіне ауыстыру ұсынылады. Басқарма органдарының қыс маусымындағы төтенше жағдайларды жою күші мен жабдығын тексеру жұмыстары қараша айының алғашқы онкүндігінде өтетін «Қыс-2016» республикалық командалық-штабтық жаттығулар кезінде жүргізіледі.

Облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Юржан Бекқожин күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша мәлімет берді. Ауыл шаруашылық кооперативтерін құру, ауыл тұрғындарын тиімді жұмыспен қамтамасыз ету және жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалану арқылы агроөнеркәсіп кешені өнімдерін өндіру көлемін ұлғайту және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін шешу мақсатында аймағымызда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Облыста шамамен 75 мыңға жуық жеке қосалқы шаруашылықтар бар. Бұл – ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріске тартуға аса үлкен әлеует береді. Ет және сүт өнімдерінің 54% жеке қосалқы шаруашылықтармен өндіріледі.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button