Жаңалықтар

Инвестиция ел игілігіне

    Қарағандыда тағы екі зауыттың, атап айтқанда, болат құбырлар дайындайтын және қолданыстан шыққан көлік құралдарынан алюминий, болат, түрлі-түсті металл өндіретін зауыт іргетасы қаланады. Осыған орай, Қарағанды облысы инвесторлар кеңесінің мәжілісінде «Сарыарқа» АЭА басқарма төрағасы мен жоба жетекшілері арасында инвестиция құны 5,5 млрд. теңге және 3-4 млрд. теңгені құрайтын екі меморандумға қол қойылды.

Аймақтың бұл мәжілісіне Инвестиция және даму министрлігінің вице-министрі Ерлан Қайыров пен «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Борисбай Жангуразов, аймақ басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков қатысты.

Қазақстанда инвестиция тарту мәселесі назарда. Елбасы саясатының арқасында соңғы 10 жылда Қазақстан экономикасына 236 миллиард доллардан астам шетелдік инвестиция құйылған. Әсіресе, өңдеуші сектордағы инвестиция 25 пайызды құрап отыр. Өз кезегінде, нақты нәтижелер бар. Бұл – Елбасының елді индустрияландыруға байланысты міндетіне сәйкес келеді. Біз бұған қолайлы инвестициялық ахуал жасау арқылы жеттік, – дейді вице-министр.

Аймақ басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков Қарағанды облысының ірі өнеркәсіптік өңір екенін атайды. Қарағанды облысындағы инвестиция көлемі республика бойынша 2016 жылы 4 пайыз. Бұл – 315 миллиард теңгені құрайды.

«Қарағанды Инвест» АҚ төрағасының міндетін артқарушы Ардақ Құсайыновтың мәліметтерінше, Қарағанды облысы экономикасының дамуына талдау жасау ішкі өңірлік өнім өндіру 2012-2016 жылдары 3-7 пайызға, өнеркәсіп көлемі орта есеппен – 3 пайызға өскенін көрсеткен. Металлургия мен тау-кен және энергетика саласында шамамен – 75 пайыз. Аталған сала өнімдері шет елге шығарылатындықтан шетелдік инвесторлар да қызығушылық танытуда.

Сонымен қатар, облыста көлік әлеуетін арттырып, инвестиция тарту мәселесі де жоқ емес. Бұл бағытта Қарағанды басқа облыстармен салыстырғанда 5 орынды иеленеді.

Шетелдік нарықта сұранысқа ие марганец кенінің 92 пайыздан астамы Қарағанды облысында, 85 пайыз – вольфрам, 62 пайыз – молибден, 34 пайыз – мыс та осында. Осы орайда 12,5 мың шаршы шақырым жерді алып жатқан Спасск кен орнын айта кету керек. Мұнда 8 кен орны бар болса, оның екеуі бойынша келісім-шарт жасалған. Мысалы, Көктасжалда кен алу жүргізілуде. Жетімшоқы кен орнына геологиялық барлау жұмыстары қолға алынған. Соның нәтижесінде кен орындарын игеру жоспарда.

Өңірдің 50-ге жуық экспортқа бағытталған металл өндірісі өңір экономикасын құрайды. Олардың үлесі облыс экспортының 65 пайызы. Машина құрастыру саласында да жағдай жағымды. Бұл арада кластерге мүмкіндік бар. Қазақстан бойынша 4 миллион машина барын ескерсек, доңғалақ өндіруді дамыту ұсынылады. Яғни, танымал брендтерді тарта отырып, «Сарырақа» АЭА шина құрастыратын зауыттар салу арқылы, ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етуге қауқарлы.

Деректерге сүйенсек, Қарағанды облысының, сондай-ақ, фармацевтикалық өнім өндіруде әлеуеті зор. Соған қарамастан, Қазақстанның фармацевтикалық нарықтағы үлесі небары 10 пайыз ғана көрінеді. Сондықтан мәжілісте фармацевтика саласының мәселелері де сырт қалмады.

Қарағанды фармацевтикалық кешен. Өсімдік шикізатынан бірегей дәрілік өнімдерді өндірумен айналысатын, республикадағы жетекші ғылыми орталықтардың бірі саналатын Фитохимия институтында 43 түрлі фитопрепараттар шығарылады екен. Институт технологияларын пайдалана отырып, дәрілік өнімдерді шығару да жоспарлануы керек.

Жалпы, Қазақстанда инвестиция үшін барлық жағдай жасалған. Бастама көрсеткен кәсіпкерлерге кез келген сала бойынша мемлекеттік қолдау арқылы өз кәсібін ашуға мүмкіндік жасалған. Олай болса, қол жеткенмен тоқтап қалмай, «Сарыарқа» АЭА тиімділігін арттыратын зауыттар құрылысы, өнеркәсіп кешендері еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыра түспек.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button