Жаңалықтар

ИКАСАЙ

Ауылға бір топ делегация келді. Жай келген жоқ, аталарын іздей, үміттерін үзбей келді. Артынып, тартынып алып ескерткішті тией жетті. Сонау кеңес заманында картаға түскен жер-су аттарына зер салған ғой. Сөйтсе, ауылдағы бірнеше сай-сала атауы орысша жазылып кеткен екен. Соның бірі «Икасай» дүр. Соны қазақшалап әкелген «Ықы» батырдың үрім-бұтағы осында жүр.

Далаға он шақты киіз үй тігілді. Союға әкелінген екі жылқы мен бір сиырдың тізесі бүгілді. – Айналайын, атам-ау. Жылдар бойы іздедік қой сені. Енді міне, «өшкеніміз жанып, іздегеніміз табылған» күнге де жеттік. Халайық, Ықы батыр бұдан бес ғасыр бұрын сыртқы жаумен шайқаста қаза болыпты. Атам-ау, атам, – деді, өзін Ықы батырдың он бесінші ұрпағымын деп таныстырған Бәкібай шал. Ортаға сөзге шешен , кәсіпкер, миллионер деп сөз берген Қиқым Сиқымұлы шықты да төгілді дерсің.

– «Елім, жерім» деп айбалтасын қолына ұстап, қайқы қылышты беліне байлаған қайран атам. Ұрпағың сені, сен бізді тапқан күн. Тамыры тереңге тартқан Ықы батырдың он алтыншы бұтағы ретінде, өзіңе арнап халықаралық конференция өткіздірттім. Талай тарихшы өмірі аттың үстінде өткен өзің туралы мақала жазды. Ортамыздағы ақын ағамыз… (есімі еске түспеді-ау, ойланып тұрып қалды) «Ықы батыр» деген поэма жазып, өлеңмен ескерткіш қойса, біз сені ұлықтап, тасқа бейнеңді қалдырмақпыз. Ол осы өзің келіп, жан-жақты бағдарлаған сайда тұратын болады. Атам, атам, атам-ау, – деп көзіне жас алды. Мерекелік бағдарлама әзірлеп келген меймандар, тойды қыздыра түсті. Қыз қуу, көкпар, бәйге, қазақ күресі бәрі өтті. Алтыбақан құрылып, сыздықталып ән шырқалды. Табақ-табақ ет желінді. Құйылған қымызда есеп жоқ.

– Е, е… – деді ауылдағы Шүкір ақсақал, немересіне қарап – Бұл, сайдың аты «Икасай». Өткен ғасырдың 60-70 жылдары ауылдың көркі қызып тұрғанда, Ика деген жігіт болды. Ол бәтшағар әлі де бар. Қалада тұрады. Шын аты Игілік пе, Ерлік пе солай еді. Ол уақытта қыздардың есімі Гүлден басталса Гуля, жігіт кіндігінікі Қ-дан басталса Коля болған заман еді ғой. Бірде осы сайда шөп шауып жүргенде, Иканың тракторы шоқ шашып, далада өрт болып әжептәуір шулап едік. Ат қойғыш халықпыз ғой, бұл жер «Ика өртеген сай» атанып кетті. Кейін «өртеген» дегені түсіп қалды. Картаға тіркеушілер келіп сай-сала, өзен-көлді тізгенде осы атпен жазылып кетті…

– Ата, мына кісілерге шындықты неге айтпайсыз?

– Оларға шындық керек пе? Керек болса, сырттан тон пішпей, бірден ауылдағы бізден сұрап алу керек еді. Қайтесің, уақыт түзер қатесін.

Бұл уақытта 20 тонналық кран алып ескерткішті тұғырына қондырып жатқан…

Әдебиет Белгібайұлы.

Басқа материалдар

Back to top button