Бас тақырыпБасты тақырып

ІІІ тоқсан: Онлайн оқу қажеттіліктен бе?

Қазіргі күрделі жағдайда «дәстүрлі оқыту форматына рұқсат беру орынды бола ма, жоқ па?» дейтін сауал көпшілікті алаңдатқаны рас.

Өткен жылдан бастап карантин жағдайында қашықтан оқыту жүйесі орын алған уақытта мұғалімдер жедел түрде жаңа цифрлық технологияларды игерді. Ал, оқушылар – оқытудың жаңа форматын үйреніп алды. Мұғалім мен оқушыға қолдау көрсетуге мәжбүр болған ата-аналарға қашықтан оқудың түрлі форматына көндігуге тура келді. Әрине, онлайн оқу оңайға тимеген көпбалалы отбасылардың мәселесі күн тәртібіне алынды. Қашықтан білім алуда оң нәтиже көрсетіп, уақытын үнемдегендер де табылды. Көпшілік қашықтан оқудың тиімді тұстарын атаса, басқалар онлайнның оңтайлы тұсын көрмегенін айтады.

Коронавирустың таралуын тежеу мақсатында облыстың барлық мектебі өткен оқу жылын онлайн форматта аяқтауға мәжбүр болғаны белгілі. Төртінші тоқсаннан бастап 180 мыңнан астам оқушы қашықтан оқу түріне көшті. Балабақшалар түбегейлі жабылды. Тамыздың ортасында эпиджағдайды ескере отырып, әрбір топта 15 бөбектен аспайтын кезекші топ қызметін енгізуге мәжбүр болды. Сонымен қатар, бас дәрігер санитарлық эпидемиологиялық талаптың тізімін бекіту барысында мектептерді күніне кемінде екі рет күрделі тазалау, әр екі сағат сайын желдету, кварцтауды тапсырды. Ата-аналарға ғимаратқа кіруге тыйым салынғаны мектеп әкімшілігінен бастап оқушыларды әбігерге салып қойды.

Деректерге сүйенсек, жаңа оқу жылында облыста 204 658 бала мектеп табалдырығын аттады. Оның ішінде, бірінші сыныпқа барғаны – 22 050. Облыстағы 234 мектепте 99 139 оқушы (48,4%) қашықтан білім алды. 6 096 кезекші топта 1-5 сыныптың 78 933 баласы (38,6%) оқыды. Штаттық режимде 300 балаға дейін білім алатын 270 мектеп жұмыс істеді. Үшінші тоқсаннан бастап 9 сынып (15 177 адам) және 11-сынып (7 059 адам) оқушылары аралас режимге көшті. Пәндердің 70%-ы – штаттық форматта, 30%-ы – қашықтан оқытылды.

Сонымен, қашықтан оқу қалай жүрді? Облыстық білім басқармасы мамандарының айтуынша, қашықтан оқыту мектеп ұстаздарына әдістемелік қолдау көрсету вебинарлар арқылы жүйелі жүрсе, ата-аналар мен оқушыларға арналған түсіндірме жұмыстары ZOOM интернет платформасы арқылы сәтті жүзеге асты. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға мектептегі компьютерлер мен планшеттер уақытша пайдалануға берілді. Республикалық бюджет қаражаты есебінен 2 920 компьютер, 21 355 ноутбук және 3 783 планшет сатып алынды. Мұқтаждарға аталмыш техника уақытша пайдалануға тегін берілді. Аз қамтылған отбасы балаларын интернетпен қамтамасыз ету үшін 6 мыңға жуық роутер алынды.

Мамандар солай дегенмен, бұл пікірге түбегейлі қарсы ата-аналар табылды.

– Қашықтан оқытуға ұстаздар мен студенттер тез бейімделіп кеткенімен, оқушыға қиындықтар туғызды. Кейбір отбасыларда ғаламтордың және ұялы телефонның, электронды құралдың болмауы немесе көпбалалы отбасында техниканың жетіспеушілігі байқалды, – дейді көпбалалы ана Мейрамгүл.

Көпбалалы ана солай десе, мұғалімдер уақытша жетіспеушілік жағдайының шешімін тапқанын айтты.

– Қашықтан білім алу көп нәрсеге үйретті. Оның пайдалы әрі зиянда жағы да бар секілді. Пайдалысы сол – балалар өз бетімен жұмыс жасауға дағдыланды. Бос уақыты көп болса, оны қосымша кітап оқып, домбыра үйренуге жұмсады, – дейді ұстаз ана Балауса.

– Қашықтан оқығанда мұғаліммен тығыз байланыс орнату қиын болды. Сабақты түсінбеген жағдайда бірден сұрау қиынға түсті. Өйткені, мұғалім басқа балалардың сұрақтарына жауап беріп отырды. Ата-аналардың көпшілігі жаңартылған мектеп бағдарламасын жақсы біле бермейтіндіктен, мұғалімді жиі мазалауға тура келді, –дейді үш бала тәрбиелеп отырған ана Самал.

Ал, №74 мектептің оқушысы Әйгерім телефон немесе ноутбук арқылы сабақ оқу өзіне біршама қиындық туғызғанын айтады. «Ұстаздармен тікелей қарым-қатынаста білім беру тәсілдеріне үйреніп қалған біздер үшін сабақтарды теледидар арқылы оқу – күтпеген жағдай болды. Сыныптастарымыз ды сағынып қалдық. Онлайн оқу – қажеттілік болғанымен, дәстүрлі оқуға ештеңе жетпейді екен» дейді.

Ал, қашықтан оқуға Жоғары оқу орындарының оқытушылары оң көзқараспен қарайтынын айтады.

– Жоғары оқу орны жүйесінде қашықтан оқу деген талап бұрыннан бар. Бұл – екінші жоғары білім алушыларға қатысты. Жұмыстан қол үзбей жүріп білім алуды дұрыс көретіндер қашықтан білім алуды таңдайды. Бұл жүйе оқу жоспарын уақытында орындап, жоспарлап жүретін мамандарға өте ыңғайлы, – дейді оқытушылар.

Дәріс алу вебинар режимінде өтетіндіктен, оқытушы мен студент тікелей байланысқа шығады. Қоятын сұрақтарын электрондық пошта арқылы немесе хабарлама таратушы менеджер арқылы да жіберуге мүмкіндік бар екенін алға тартады оқытушылар.

Бүгінгі таңда облыста 69 колледж болса, онда 26 765 студент білім алады екен. Қазіргі таңда олар үшін оқу үдерісі аралас режимде жүріп жатыр. 200 адамға дейінгі ауылдық колледж студенттері штатты режимде оқыса, қалғандары қашықтан білім алуда. Балалар үйірмелерге санитарлық эпидемиологиялық талапты сақтай отырып, жеке немесе 15 адамға дейінгі топпен барып жүр. Ал, ұстаздар қауымы карантиндік шектеулердің жалғасуына байланысты әлі де қашықтан оқу жүйесін пайдалануға мәжбүр болып отырмыз дейтіндерге, бұл – уақытша жағдай екенін айтудан жалықпайды.

Биыл 1 қаңтардан бастап аймақтың 18 қала мен аудандарының білім бөлімдері, сондай-ақ олардағы 840 білім беру ұйымы облыстық деңгейге көшті. Осылайша, әр мектептің және әр балабақшаның мәселелері мен қажеттіліктері облыстың бақылауына өтті. Бұл өңірлік білім беруді жаңа сапалы деңгейге шығаруға мүмкіндік беретінін айтады мамандар. Дегенмен, қашықтан білім беру жағдайы жалғасатын болса, бұл жүйе қалай жұмыс істер екен?! Ол жөнінде де әлі айтармыз…

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button