Поэзия

Хан

Әз Жәнібектен – Әлихан,

Төрт құбылалы төрім нық!

Арғы тегі ер Шыңғыс –

Тоғыз баулы төре тұқымы,

Қырымға қызын келін қып,

Үрімге жүрген үкімі!

Көк түріктің Күлтегіндей

Қағаны,

Бөртеден туған Бөлтірік,

Алан Қоғайдың Аланы.

Адырнасы ақ өгіздің терісі,

Кірісі құла айғырдың сіңірі –

Боданшардың сағымға

ілген садағы!

Тоғым-Шығайдан түссем –

Әлихан,

Ат үстінде түн қатқан!

Арғы тегі – Дештіде қалған

Жошы-ды,

Толарсағына тоң қатқан,

Қорамсағына қан қатқан!

Қызыл ту көтерсе

Қарақорым қосыны,

Жебесі сегіз қабат сауытты

сөгетін,

Енесі егіз ұлға толғатқан!

Хан баласы – осы-ды!

Тұраннан түрегеліп ең – дұспаның түгел шошыды!

Ұзын оқты Оңдан сұлтанға

ерсе – Әлихан,

Хан баласының қазақта

өтеп хақысын,

Қасымның қасқа жолымен,

Есімнің ескі жолымен,

Хақназардан қалған қайрап

сапысын,

Шыңжаңнан торып – Шығысын,

Мәскеуден қорып – Батысын,

Жағасы жау қолында

жыртылып

Жат жұртта қара, жатысын!..

Көкжал Барақтан көбелей

жетсе – Әлихан,

Бабаң Барақ – жауына қырық

сан еді,

Шынжыр балақ, шұбар төс,

Жеті атасынан жілік майы

үзілмеген хан еді.

Бөкей бабаңды ақ кигізге

көтерсе,

Қоса көтерген Ту – ақ еді…

Тегің осал болсын ба?

Кегің осал болсын ба?

Жүрісің содан паң еді!

Текті шонжар, атаулы

хан нәсілім,

Салтына тартқан асылым!

Сүлдең сыпырған бұлт әлі

Түсірер Жерге жасылын!

Арланға апан жүрегің,

Атанға жілік білегің,

Кез маялы келеден

Арқада Сораң – үлегім!

Ылайланып ақсаң Қаратал,

Күркіретіп қанын күренің,

Қазаққа қызмет қылмай

қойдың ба?

Маңдайыңды оққа тіредің…

Бақұл да бақұл, бақұл бол!

Содан да болар

Үзеңгі бауым сегіз қабат, ат үстінде шіреніп,

Уысыма қан жұмып,

Ұлысыма хан қылып,

Тәңірі төбесіне тұтқан

ер Шыңғыстың аруағын арқалап,

Әлі қан менің,

Әлі хан менің –

Жүрегім!

Мирас Асан.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button