Халық игілігіне арналған бағдарлама

Жеке адамның ғана емес, тұтас халықтың бәсекеге қабылеттілігін арттыруға, қанымызға сіңген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертуге, ұлттық бірегейлікті сақтап, білімнің салтанат құруына, еліміздің революциялық емес, эволюциялық даумына негізделген «Рухани жаңғыру» бағдарламасы 2021 жылдан Ұлттық жаңғыру кезеңіне өтудің жол картасы форматына ауысты. Бұған дейін облыста бағдарлама бойынша қандай жұмыстар атқарылды, өзгелермен салыстырғанда, шынымен де бағасы я болмаса сапасы жөнінен ұтымды дүниелер ұсына алды ма, сапалы еңбек ресурстары болды ма, ұлттық сананың кемелденуіне қатысты қандай жұмыстар атқарылды, эволюциялық даму өз деңгейінде жүрді ме? Осы және өзге де мәселелер жөнінде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида БАЛАЕВАНЫҢ төрағалығымен өткен онлайн-кездесуде облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕН ОВ баяндады.

Жүйелілік – нәтиже кепілі

Жаһандану заманында жаңа Қазақстанның заманауи талаптарға сай дамуына жол ашатын, тарихқа сүйене отырып, азаматтардың көңіл көкжиектерін кеңейтуге бағытталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы өндірісі мен өнеркәсібі қайнаған, білімі мен ғылымы дамыған қазыналы Қарағанды облысында кешенді түрде жүзеге асу да. Жұмыстардың дені Президенті Әкімшілігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұсынымдарына сәйкес құрылып, бағдарламаның 6 бағыты негізінде жүргізілуде. Негізгі міндет облыс халқының барлық топтары мен санаттарын қамту болғанымен, саннан гөрі сапа маңыздылығына ерекше көңіл бөлінді.

Әлбетте, жаңалықты жұртшылыққа жеткізуде ұйымдастыру жұмыстары – маңызды. Өңірде арнайы жобалық офис құрылып, биылдан тұрақты түрде қызметін жалғастыратын болады.

Бағдарламаның қоғам ішінде кең тарауына бірінші кезекте азаматтық қоғам өкілдерінің жұмысқа жан-жақты тартылуы себеп болмақ. Осы орайда, Сараптамалық кеңес жұмысын ұйымдастырудан бөлек, офис жұмысына өңірге танымал қайраткерлер мен ғалымдарды кеңінен жұмылдыру міндетін қойдық. Мәселен, облыс әкімінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша штаттан тыс кеңесшісі ретінде белгілі меценат, тарих ғылымдарының кандидаты, қоғам қайраткері, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Бекзат Алтынбеков бекітілді. Ал, жобалық кеңсе басшысы – филология ғылымдарының кандидаты, академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Университетінің доценті Айтбай Жұмағұлов тағайындалды. Бұл ұйымдастырушылық шаралар бағдарламаны сапалы әрі ұтымды түрде жүзеге асыруға мүмкіндік беретініне назар аударғым келеді, – деді Абзал Нүкенов.

Демеушілердің көмегі – 8,5 миллиард теңге

Облыста 2017 жылдан 2021 жылдың бірінші тоқсанында демеушілік және меценаттардың 8,5 миллиард теңгеге жуық қаражат тарта отырып, 500-ден астам жоба іске асырылған. Жалпы айтар болсақ, жобалар аясында 1,5 миллионнан астам адамға көмек көрсетілген. Тек соңғы 2020 жылдың өзінде бірнеше ірі жеке бастамашылық жоба жүзеге асырылды. Пандемия кезіндегі қиындықтарды ескере отырып, «YDD Corporation» (Уайдиди корпорейшн) және «Qaz Carbon» (Каз Карбон) корпорациясының акционерлері облыс емханаларына арналған 10 жеңіл көлік сыйға тартқан. Осындай көмектен облыстың кез келген кәсіпорны шет қалған жоқ. Түрлі көлемде көрсетілген көмектің арқасында карантин кезінде облыстың көмекке мұқтаж әр отбасына тиісті жағдай жасалды.

Одан бөлек, бағдарлама аясында кәсіпкерлер қаражатына ірі нысандар да салынғанын ерекше атау керек. Мәселен, жеке кәсіпкерлер есебінен Қарағандыда жаңадан үлкен және үстел теннисінің 2 спорт кешені бой көтерді. Теміртауда 320 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені ел игілігіне берілді.

Онлайн-кездесуде Абзал Нүкенов Қарқаралы ауданының тумасы, отбасы тектес балалар үйлерін ашып, ойын алаңдарын салып, ауыл тұрғындарын еңбекпен қамтуда көмек көрсетіп отырған Нұрлан Қалтаев туралы да айтты. Кәсіпкер оңтүстік өңірден отбасыларды арнайы алдырып, өз қаражатына салған баспанамен қамтамасыз етіп, туған ауылын көркейтуде. Жеке кәсіпкерлермен осындай әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру соңғы жылдары облыста кең етек жайған. Бұл да бағдарламаның оң нәтижесі.

Бұдан бөлек, қоғам өкілдері мен кәсіпкерлердің елге ерекше қызмет қылған азаматтардың дара жолын насихаттауға ерекше үлес қосып келе жатқанын да атап өту керек.

Мәселен, кәсіпкер Сапар Ибкеев пен айтыскер ақын Айтбай Жұмағұлдың ұйымдастыруымен Мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Ташенев атындағы жүлдесі тағайындалған.

Жыл қорытындысында туған еліне елеулі еңбек етіп жүрген жылдың үздік ақыны, ғалымы, өнер майталмандары ұйымдастырушылардың жеке қорларынан марапатталып, арнайы қолдауларға ие болады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Бекзат Алтынбеков екінші жыл қатарынан жеке қаржысына «Тұлға» сыйлығын тапсырып келеді.

– Осы сияқты игі жобалар асқар азаматтықтың үлгі-өнегесі болып, көп жандарды жақсылық жасауға шақырары сөзсіз. Бағдарламаның іске асуына облысымыздың меценаттары мен қоғам қайраткерлері, жалпы азаматтық қоғам өкілдері белсенді қатысып, еліміздің дамуына өз үлестерін қосуда, – дейді Абзал Нүкенов.

Киелі орындар – мақтанышымыз

Облыста еліміздің бай тариxынан сыр шертетін 2700-ден астам тариxи-мәдени ескерткіштер шоғырланған. «Қазақстанның қасиетті жерлерінің географиясы» арнайы жобасы аясында 2017-2021 жылдары аралығында облыстың 41 тарих және мәдениет ескерткіштеріне реставрациялық зерттеу жүргізілсе, 29-на археологиялық қазба жұмыстары негізінде 15 жинақ жарық көрді. «Сарыарқадағы сақтар», «Тастағы тарих», «Қола дәуірі», «Ұлы дала – ежелгі металлургтер мекені» көп сериялы фильмі жарық көрді. Осы саладағы маңызды оқиға – Ұлытау ауданының аумағында орналасқан ортағасырлық тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған сенсациялық олжалар. Болған ана кесенесінде сары алтыннан жасалған тостаған және асыл тастары бар әйел сырғалары табылған болатын.

Бұдан бөлек, «Қазақстанның болат профилі», Ұлытау – Жезқазған өңірінің сакралды ескерткіштері және «Өз Отаныңды біл!» жобасы аясында туристтік маршруттар әзірленді.

Халық таңдаған есімдер

Бүгінгі күні халықтың ықыласын аударған қазақстандықтардың жаңа келбетін көрсететін ерекше жоба – «Қазақстанның 100 жаңа есімі». Бұл жобаға биылдың өзінде аймақтың барлық қала, аудандары қамтылып, әр сала өкілдерінен 200-ден аса үміткер бақ сынауда. Жалпы, 2017 жылдан бүгінгі күнге дейін облыстан 10 жеңімпаз атанса, олардың барлығы қоғамдық маңызды шараларға белсенді қатысуда. Бұл жобаның кешенді жүзеге асыру мақсатында түрлі шаралардың өткізілуі, әр саланың майталмандарын анықтауға мүмкіндік береді. Облысымызда жаңа есімдерді анықтауға бағытталған шаралардың бірі – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Сарыарқаның жаңа есімдері» облыстық байқауын айтуға болады. Өңіріміздің өнерлі азматтарының бағын ашуға арналған жобаға 700-ден астам өнерпаз қатысты. Спорт саласында Қазақстанның жаңа есімдерінің танылуына зор мүмкіндіктер тудыруда. Бұдан басқа, облысымыздағы жақында ғана құрылған Көкпар клубы аз уақыт ішінде жақсы жетістік көрсетті. Батыс Қазақстанда өткен республикалық турнирде Қарағанды облысы құрамасы ІІ орын иеленсе Тараз қаласындағы «Өнер көкпары» жарысында жерлестеріміз жүлделі ІІІ орын алды. Бұл бәсекелі жарыстардың нәтижесі жаңа есімдермен танысуға мүмкіндік берумен қатар жобанның сапасын арттыруда.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясындағы шаралар

Биыл бағдарлама аясында өтіп жатқан өңірдегі барлық іс-шаралар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған. Сондай іргелі шараның бірегейі – Жезқазған-Ұлытау өңіріндегі «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінің ашылуы. Бұл – халықаралық деңгейде туризімді дамытуға бағытталған ірі жобалардың бірі.

«Ұлы даланың ұлы есімдері» арнайы жобасы бойынша Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Қарағанды қаласында бір көшеге Абай есімі берілсе, ал Абай қаласында данышпан хакімге арналған ескерткіш бой көтерді. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 155 жылдығы аясында Қарағанды қаласының Октябрь ауданына Әлихан Бөкейханның атын беру жөніндегі қоғамдық тыңдау өтіп, халықтың қолдауын тапқанын мақтанышпен айтуға болады. Сондай-ақ, облысымыз бойынша 18 мектептің атауы өзгертіліп, Ұлы даланың ұлы есімдері қайта жаңғырды.

– Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған екінші «Табысты жобалар жинағына» Қарағанды облысынан «Қасым кітапханасы» мен «Ұлтқа қызмет» екі жобасы

енгені біздер үшін үлкен жетістік. Осындай бастамашыл азаматтардың еңбектерін ескеріп, жұмыстарын бағалағандарыңыз үшін алғыс білдіреміз, – деді Абзал Нүкенов.

Түйін

Өңір әкімдерінің орынбасарлары, «Рухани жаңғыру» ҚҚДИ басшылығы, жобалық кеңселер үйлестірушілері және сараптамалық кеңес өкілдері қатысқан шарада министр Аида Балаева бағдарлама аясында жүргізілген жұмысқа назар аударып, өңірлердің осы бағытта қосқан үлесін атап өтті. Сондай-ақ, ол «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының жаңа басқарма төрағасы Асылбек Есенбаевты таныстырды.

«Біз бүгін бірге жиналып, өткенге есеп беріп, болашақ жоспарлармен бөлісуді жөн көрдік. Қоғамдық талқылаудың, сарапшылар пікірінің маңызы қашанда зор», – деп атап өтті Аида Балаева.

Салтанат ІЛИЯШ.