Халық қалаулысы – Қарқаралыда

       Жақында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сергей Ершов Қарқаралы ауданына арнайы ат басын бұрып, халықтың тыныс-тіршілігімен танысты.

       Алдымен, халық қалаулысы жол бойындағы Қаршығалы ауылдық округінде болып, әлеуметтік маңызы бар бірқатар нысандарды аралады. Жаңадан салынған ауылдық амбулаторияда болып, бас дәрігер К.Сүлейменовадан медициналық қызметтің ауқымы жайлы, ал, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы келген жас маман Ж.Бекіштен Үкіметтен алған көмегі туралы сұрап білді. Сонымен қатар, ауылдағы наубайхана, мал бордақылау алаңы жұмыстарымен танысты.

      Ал, қала халқымен өткен жиында шаруа қожалығының басшыларының жер мәселесі, субсидия, техника алу жөніндегі сұрақтарына жауап беріп, халықтың талап-тілектері, өтініштері ескерілетіндігін жеткізді. Жиын барысында бірқатар заңдарға тоқтала келіп, бүгінгі күнде зор маңызға ие болып, халықтық талқылауға түсіп жатқан көші-қон туралы заңның талаптарын да тілге тиек етті. Осы орайда, аудандық мәслихат депутаттары С.Оспанов пен М.Мүбәраков көші-қон саласындағы өзгерістер қосымша сыбайлас жемқорлықты тудырмай ма деген сұрағын қойды. Сондай-ақ, медицина саласына да тоқталып, қағазбастылықтың етек алғанын жеткізіп, осы келеңсіздік заңдық тұрғыдан реттелуі қажеттілігі, Қарқаралының әлеуметтік-экономикалық өміріне тың серпін қосатын Жарлы су жүйесі, спорттық-сауықтыру кешені құрылысының жобасы, сондай-ақ, қала басына қажетті балабақша мәселелерін көтерді.

     Қарқаралының талай жылдан бергі қордаланған осындай өзекті мәселелерін аудан басшысы Х.Мақсұтов та қозғап, оны шешуде осыған дейінгі жасалған талпыныстарды айтты. Аудан төңірегіндегі өзекті мәселелерге қаныққан С.Ершов халықтың өтінішін аяқсыз қалдырмайтындығын жеткізді.

Сағыныш ӘБІЛОВА.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.