Жаңалықтар

Газет оқымаумен мақтану немесе газеттің шыбынды да, министрді де құлатар қуаты

Әлқисса…

Медиа кеңістіктегі ақпараттық технология меңдуана жегендей миды атала қылғалы біршама уақыт. Арыны – жойқын. Оған шеке тамырымызды адырайту, көзімізді ежірейту, қызыл өңештене дауласу – бекер. Ол – өнбейтін дау. Өйткені, қазаннан қақпақ кеткенде, иттен ұят кететіні секілді ақпараттық технологиямен интернет ілесе келгелі жұрттың «бір ұрты май, бір ұрты қан». «Жақсы мен жаманды айыра» алмай әуре. Оның үстіне, қазір «Газет оқымаймын» дегенді мақтан қып, зиялы қауым өкілдерінің арасында запыран құсқандар баршылық. Сол запыранының залалы ақыр соңында зауалға айналарын білер ме екен?!

Осындайда ойға түседі. Дәл қазір кім екені есімде жоқ. Әйтеуір, Американың бір атақтысы өзі басқа штатта тұрса да, туған штатының газетін жаздырып алатынын оқығанымыз бар еді. Не деген құрмет? Неткен рух? Қандай сүйіспеншілік? Таң қалмасқа қоймайды. Бізде ше? Бізде сол баяғы «газет оқымайтындығы» үшін «қырт мақтан» («Абай»). Ауыл, аймақтың көлдей газеті түгілі бір беттік бюллетені болса да жаздырып алып, жастанып жататын жігер бұйырмаған, қайтейік. Бүгінгі оқыған-шоқығандарға. Жұдырықтай жүректері жұлқынбайды. Амалымыз қайсы?!

Газеттің архивінен өткен ғасырдың 60-70-шы жылдары бір Қарағанды облысының аумағында 1 млн. 60 мың, 1 млн. 862 мың дана газет-журналды жаздырып алғанын көрдік («Орталық Қазақстан», 1970 жыл, қыркүйек). Бұ күні оның төрттен бірі жоқ. Сол жылдардағы халықтың сауатын да ескеріңіз осы арада. Жаппай хат танымайды. Әліпті таяқ деп білмейтіні көп. Әйтсе де, баспасөзге құмарлық – ғажап. Сіз бен бізге келсек, XXI ғасырдың 21-ші жылында «газет оқымайтындықты» мақтан еткен рухани мешел қоғамдамыз. Білімділердің білімсіздігі осындай уақ-түйектен көрінеді. Сосын өзі аш қарынды одан сайын аштырып, аштықты өзекке түсіріп жіберетінін қайтерсіз. Аштықтың өзекке түскенінің ақыры неге апарарын білесіз… Хош…

Баспасөз: бұрынғы пәрмен, бүгінгі дәрмен

Әлбетте, мұны біржақты қарауға әсте рұқсат жоқ. Себебі, елдегі газет атаулының бір кездегі хатшыларды қалтыратып, партияны қалғытпайтын пәрмені кем. Біз, газетшілердің, мынау медиа дейтін боз кілемде белбеуіміз бостау түсетіні, жауырынымыз жиі жер иіскеп қалатыны сондықтан. Оны мойындау ләзім. Жығылғанын мойындай білу де – ерлік қой. Сапытаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қойған сезіктенгіш те сескенгіш кеңестік жүйеде газет дегеніңіздің ақ дегені ақ, қара дегені қара болғанын аға буын өте жақсы біледі. Сын шықты дегенше, жан шықты деу керек екен ол кезі. Баспасөз бетінде басы дауға қалғандар әп-сәтте жынын алдырған бақсыдай жуаситын. Әйтеуір, сын объектісі сазайын тартатын. Елден бездірмейді, әрине. Қайткенде қарекет жасалады. Қызметінен қуылады. Не тәубесіне түсіреді. Бұл айтқандарымызға куә да бар. Ол – жылдар бойы жиналған архив. Газеттің архиві, тігіндісі. «Орталық Қазақстанның» 40 жылға жуық архивін ақтарып, қолқаны шаң қапқанда, шыбын жанымыз зар қақты. Өйткені, сол жылдардағы газеттің салмағы сом алтындай зор екен. Парақтай бастағанда-ақ, «партияның жазбалары ғана» деген жадағай пікір жылыстай жөнелген. Газет бетінде елі боп жиналған шаңмен бірге бұл ойдың күлі көкке ұшқан. Аңдасақ, мұнда тарих пен сол тарихты жасаған шырылдаған шындықтар жатыр. Небір марғасқа, жақсы мен жайсаңның жазуы бар. Талай тұлғаның қолтаңбасы қалыпты. Өте көп. Бірінің атын атап, екіншісін атамай қалуға аруақтан қорқамыз. Сол себепті, осы жерде ешқайсын бөле жармаймыз. Бір білгеніміз – басылымның бағы мен бақыты, қайраты мен қажыры сонда сіресіп тұр екен. Кеңес үкіметінде рухымыз тапталып, тіліміз күрмелді дейміз ұдайы сыңсып. Соның өзінде, шындықпен сойып салған материалдар аузымызға құм құйды. Бұл – басылымның бұқара алдында, билік алдында да беделі. Бүгінде ғой, оң көз сол көзді аңдығаннан ада. Содан аспандаған рух, шешілген тіл, кәне? Керісінше, енжарлық, жалтақтық, жалпақшешейлік. Мұны неге айттық? Газеттің 50-60-70-80-90-шы жылдардағы материалдарынан тиген жерін сегіз өрім таспа қамшыдай тіліп түсер мінезі мен кәдімгі қазақтың шұрайлы тірі тілін көрдік. Көргеніміз не, жылап көрістік.

«Орталықтың» сын садағы

Қылышынан қан тамшылаған емес, қан судай аққан Кеңес өкіметі кезінде газеттің бетіндегі сын мақалалар кесек-кесек. Атын атап, түсін түстеп, тайға таңба басқандай. Бүгінде аймақ түгілі, кішкентай ауыл әкімі мен мекеме басшысы туралы бір ауыз қатты сөзге батылымыз бармайды. Үркекпіз. Ол уақыттарда, 90-шы жылдарға дейін, газет қоғамдағы кемшіліктің бәрін мұрнынан жіпке тізген. Оған жоғары жақ, тисті органдар арнайы жауап та берген. Секретарь түгілі Министр де. «Советтік Қарағанды» дабылынан кейін», «Орталық Қазақстан» дабылынан кейін» деген айдар тұрақты. Сын, проблемалық мақалаларға құзырлы орындардың жауабы да ұдайы. Ол – «Орталықтың» қуаты! Сөзіміз сабақсыз қалмасын. Мысал. Көріңіз, оқыңыз, тәнті болыңыз. Тақырыптарының өзі күлбілтелеп, күмілжімей, айғайлап тұр. «Мені оқы!» дейді. Мәселен, «Киров көмір тресінің басшылары техникалық мәселелерді шешуге шорқақ» (1950 жыл 5 апрель), «Кітап көп, үй жоқ» (1950 жыл 4 қараша), «Нашар басшылық неге әкеліп соқты» (14 апрель 1954 жыл) тағысын-тағылар.

«Советтік Қарағандының» дабылынан кейін «Роза Бағланованың концерті жайында»

1950 жылдың 9 декабрінде осы тақырыпта газетімізге сын мақала басылды. Онда Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисткасы Роза Бағланова жолдастың концерті Қарағанды және Теміртау еңбекшілерінің өскелең тілегін қанағаттандыра алмағандығы сыналған болатын. Жақында бұл мақала туралы Қазақ ССР Мәдениет министрінің орынбасары Мұстафин жолдас редакцияға мынаны хабарлады: «1953 жылғы 9 декабрьде «Советтік Қарағанды» газетінде басылған «Роза Бағланованың концерті жайында» деген мақала 1954 жылдың 27 февралінде Қазақ ССР Мәдениет министрлігі коллегиясының мәжілісінде талқыланды. Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің арнаулы өкілі жергілікті жерге – Қарағандыға келіп тексергенде мақаладағы көрсетілген фактілердің толық анықталғандығын коллегия атап көрсетті… …Бұл кемшіліктерге администратор Ю.Мозжухин жауапты. Қазақтың Жамбыл атындағы мемлекеттік филормониясының дирекциясы Р. Бағланованың гастроліне администратор тағайындау ісіне формальді түрде қарап, бригаданың жұмысына басшылық етуге ешбір қаблеті жоқ Ю.Мозжухин сияқты адамды жіберген. Ал, ол келген жерде жергілікті ұйымдармен тиісті байланыс жасамай, жұмысты өз бетімен жүргізген…

…Ю.Мозжухиннің бұдан былай администраторлық қызметке пайдаланылуына тыйым салынды».  Бақсақ, басылым Мозжухинді ат үстінен жұлып алды. Осы күні сын жазсаңыз, оның объектісі шыбын шаққан құрлы көрсе, кәне?! Сонда партиямыз пәрменсіз бе? Әлде билігімізге бәрібір ме?! Белгісіз. Ойландырып тастайды. Сірә, екеуі де.

Және бір мысал.

«Советтік Қарағандының» дабылынан кейін «Нашар басшылық неге әкеліп соқты»

Осы тақырыппен газетіміздің өткен жылғы 8 декабріндегі номерінде Шет ауданының бірсыпыра колхозы, атап айтқанда: Карл Маркс, Сталин, Орджоникидзе атындағы және «Қызылту», «Октябрь» колхоздары қоғамдық малға керекті табиғи шөптің жартысынан көбін дайындамағандығы, ал дайындалған шөптің өзі кезінде жыйналмай, маяланбай, қыстың алғашқы кезінен-ақ қар астында қалғандығы, сонымен бірге бұл колхоздар мал қыстату жұмысына әзірліксіз кіріскендігі сыналған болатын. Таяуда ҚКП Шет аудандық комитеті бұл мақала жөнінде редакцияға былай деп хабарлады: «Газетте көрсетілген кемшіліктер арнаулы тексерісте толығынан анықталды. Газет сыны аудандық партия комитетінің бюро мәжілісінде талқыланып, қоғамдық мал шаруашылығын жемшөппен қамтамасыз етпегендері үшін Орджоникидзе, Карл Маркс, Сталин атындағы және «Қызылту» колхоздарының председательдері Байғарашев, Қойлыбаев, Күлейменов, Сейсембеков жолдастарды қызметтерінен босатуды бюро колхозшылар жиналысына ұсынды». 14 апрель 1954 жыл. №74 (5747).

Жұмысында жүйе жоқтардың жүрімі үзілді. Біздің кыркүйектің қара суығында үйімізге жылу жетпей, қалтыраған түріміз – мынау. Оған алаңдай қоймаған қала басшылығының түрі – анау. «Советтік Қарағандының» дабылынан кейін «Бұл іске қашан мән беріледі» Осы тақырыппен «Советтік Қарағанды» газетінің үстіміздегі жылғы 8 январьдағы номерінде жарияланған тілші хатында Қу ауданындағы «Колхозшы» ерікті спорт қоғамының жұмысындағы кемшіліктер сыналған болатын. ҚКП Қу аудандық комитеті тілшінің бұл дабылы жөнінде редакцияға мынаны хабарлады: Аудандағы «Колхозшы» еріктіспорт қоғамының жұмысына ҚЛКЖО аудандық комитеті мен аудандық денсаулық сақтау бөлімінің жеткілікті басшылық етпегендігі анықталды. Аудандық комсомол комитеті мен денсаулық сақтау бөліміне олардың бұл саладағы кемшіліктері тап көрсетіліп, «Колхозшы» ерікті спорт қоғамының ұйымдарына қажетті спорт құралдарын алу үшін қаржы бөлу, әрі қоғамның ісіне басшылық етуде жақсарту олардан талап етілді». 17 апрель 1954 жыл. №76 (5749)

Мұндай сынға жауаптар газеттің әр санында. Оның әрқайсын келтіре беруге көлем көтермейді. Сондықтан, осымен аттың басын тарта тұралық. Ал, мұның өзі «Орталық Қазақстанның» мол әлеуетін көрсетсе керек. «Мінезді газет» аталуының тарихы сонау әріде жатқанын аңғартса және керек-ті.

Қазақтың шұрайлы тілі – архивте

Тілші атаулының тілді калькаға айналдырғанын жалпақ жұрт жиі айтады. Расында, оның солай екенін тағы да архив көзімізді жеткізді. Шұрайлы тіл шаң басқан архивтерде көрінеді. Тілшілер осы архивтегі көне газеттерді оқыса, көкірек сарайы бір кеңіп қаларына шүбә жоқ. Тілшілерді ара-тұра архивке қамап қою керек секілді…

«– Жазғытұры қыстаудан көшкенде, Есейдің егінді бұлағына қоямын. Оның жері құмайттау келеді. Көде, бәйшешек, қарғатұяқ, жауқазындар секілді сүтті өсімдіктер ерте көктейді. Тобылғыларының басы тез гүлдеп, раң мен тарлаулар жетіледі. Бұлар қойдың көктемдегі жерік асы. Өрістердің оты шайыла бастаса, соныға қарай жылжып қонамын. Жаңа жұрт малды желпіндіріп тастайды. Жаздың ыстығы басылар қарсаңда Ақтайлақ өзенін жүлгелей отырып, Ақбұлақ деген жерді жайлаймын. Ол жердің өзегі шалғынды, сайлары балаусалы келеді. Сулары көзді болады да, ыстықта онша жыли қоймайды. Таңғы ала көбеден өргізіп, жайып әкеп суға жайып жібергенде жануардың бүйірі дүмдей болып шыға келеді ғой. Мен қазір Телшік деген жерде отырмын. Өзінің атынан да көрініп тұрғандай, бұл қойға нағыз таптырмайтын жер, оның сырт жағы изен мен уақтарлауы мол аласа таулы. Алды шөбі алуан түрлі, ащылы-тұщылы болып келетін өзек. Есіңде болсын. Бір қоныстың өзінде де мал өрісін аржақты етпеген малшы мал жаюды білмейтін малшы. Көбік қар түсті. Бұл шақта малдың барлық түлігі тез семіреді…»

Бұл – 1951 жылғы 8 желтоқсандағы газеттің номерінде Ғ.Игенсартовтың «Даңқты шопан» деген очеркінен үзінді. Бүгін мұндай баяндауды, суреттеуді кездестіруіңіз күмәнді. Қазіргі тіл – қасаң тіл. Аударма тіл. Мұны Дәурен Абаевтың басшылығымен шыққан тілшілердіңсөзді дұрыс қолданбауы жөніндегі 5 томдығы қуаттай түседі. 5 томдық! Сұмдық қой. Тілшілердің «калькасы» 5 томға жүк! Жұтаң емей немене?

Тағы бір үзінді.

«Шахтер күрекпен ажырасып болған жоқ. Күрек жарықтық, тіпті, кейде ардақты. Күн ойлаймын, түн ойлаймын: күрек пен қол жұмыстың орнына автомат келсе-ау! – деп аңсаймын. Ракетамыз аспан әлемін аралап кетті, айға барып түсті, Тынық мұхиттағы арнаулы жерге барып шаншылды. Табысымыз зор, жер жүзі қайран! Ғылым күші сонша қаулап өскенде шахта түпкірінде тасаланып күректің өмір сүре беруіне мен де қайранмын. Ғылым көркейсе – нұр үстіне нұр – көркейе түссін! Бірақ, шахтаның қалтарысына әмірін түгел жүргізіп, күрек секілді атам заманғы ескілік жұрнағын бір жола түріп шықса!» (1960 жыл 27 ақпан Темірғали НҰРТАЗИН. «Шахтердің толғанысы»).

Қайсыбірін айтайық. Осындай тіл айызыңызды қандырып, оқыған сайын құнықтыра түседі. Жылап көріскеніміз де содан.

Түйін

Сөйткен басылымның тарихына том-том тігіндігісі ғана куәгер. Біз зерттеуші де, ғалым да емеспіз. Әйтсе де, құнды дүниеге өте-мөте қызыққанымыз рас. Алайда, сол томдардағы қағазы құм болуға айналған бұл басылым әлі түбегейлі зерттелген жоқ. Бір ғасырға он саусақтай ғана он жыл қалды. Бірақ, басылым үшін көзінің майын тауысқан ғалым болған емес.

Тоқсан жылдық тарихында «Орталық Қазақстан» ғылыми-зерттеу айналымынан тысқары қалып келеді. Бірлі-жарым дипломдық жұмыстар қорғалған да шығар. Тиіп-қашып. Десек те, ғылыми-зерттеу деуге келмейді.

«Орталықтың» тарихы – түрен тимеген тың емес. Ол – ашылмаған, әлі барланбаған кен, қазына. Зерттеушілер зейінінен тыс. Бұл газеттің бағы әлде соры ма? 90 жылғы шаң басқан тігіндіні зерттеу – археологтардың тарихи қорымдарды қазғанынан кем емес. Археологтар қандай бағалы, құнды жәдігерлер тапса, газеттің 90 жылдық тігіндісінде дәл сонша мұра бар. Бұған бәс тігуге әзірміз. Тарих үшін, қазіргі қазақ журналистикасы үшін аса қажет құнды дерек, ақпараттың қайнар көзі бар.

…Әйткенмен, «соны ұғар бала», соған ден қояр ғалым бар ма екен?!

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА.

Басқа материалдар

Back to top button