Шет

Ерте қамданғанның – ертеңі сәтті

Алтын күрек соғып, қар көбесі сөгілгеннен қара күз түскенше шаруагерде дамыл жоқ. Егінін өсіріп, астықты орып, қамбаға құйып алғанша қара күз де жетері анық.

Биылғы жаз, жылдағыдан жауынды болды. Ылғал қоры барынша мол. Табиғаттың осынау мінезі шөп шабуға қолбайлау болғанымен, егіннің шығымына көңіл толарлық.

Биылғы жылы 4956 гектар бидай дақылы мен 11556 гектар арпа егістігі алқабын орып, бастыру қажет. Сондай-ақ, 960 гектар сұлы егістігі бар. Байқап отырғанымыздай, ауданымызда мал азығына қажетті дақылдарға басымдық берілген. Алдын ала жүргізілген есептеулерге қарағанда, дәнді-дақылдардың әрбір гектар бойынша түсімі 10 центнерден айналады деп күтілуде. Бұл біздің өңір үшін жоғары көрсеткіш екені даусыз. Дегенмен, әліптің артын бағалық. «Қоймадағы астық – қолдағы астық» демекші, соңғы нәтижені жиын-терін науқаны көрсетпек. Енді, бірер күнде астықты алқаптарда егін орағы жаппай басталмақ. Әрине, бірінші кезекте арпа дақылын ору қолға алынады.

Қуатты Қазақстан құру жолында елдің ауыл шаруашылығы саласына да ерекше мән беріліп келеді. Себебі, табиғи, экологиялық таза өнімге күн өткен сайын сұраныс арта түсуде. Осы орайда, мемлекеттік бағдарламалардың да шалғайдағы шаруаға шарапаты тиіп жатса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

Біздің аудан да бірегей мүмкіндікті тиімді пайдалануға дағдыланған. Жылдағыдай орақ науқанына арзандатылған жанармай бөлініп, босатылуда. С.Сейфуллин кентіндегі «Караганда Путь сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы тамыз айына 247 тонна дизель отыны босатылды. Ораққа жан-жақты әзірлікпен келген диқангер қауым оны ұйымшылдықпен өткізуге ұмтылуда.

Өз тілшімізден.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button