Ерлан Қошанов Израиль елшісімен кездесті

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Израильдің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Лиат Вексельман ханыммен кездесті. Кездесуде кәсіпкерлік пен инвестицияларды дамыту саласындағы ынтымақтастық әлеуеті талқыланды, — деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.


Аймақ басшысы Қарағанды облысының экономикалық әлеуеті және инвесторлар үшін мүмкіндіктер туралы айтып берді.
— Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында елдеріміз арасында мықты сауда-экономикалық және саяси байланыстар құрылды. Біздің Тұңғыш Президентіміз Израиль мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты дамытуға үлкен мән берді. «Қазақстан-Израиль» Іскерлік кеңесі құрылды. Қарағанды облысы – біздің еліміздің ең ірі аймақтарының бірі. Біз Қазақстанда қара және түсті металлургия, тау-кен өнеркәсібі және машина жасау салаларында жетекші позицияларды иеленеміз. Біз әріптестік орнатылуын қалаймыз және барлық бағыттардағы қарым-қатынастарымызды дамытуға дайынбыз, — деді Ерлан Қошанов.
Қарағанды облысында қазіргі таңда 11 бірлескен қазақстандық-израильдік компания жұмыс істейді. Олар өңдеу өнеркәсібі, көтерме және бөлшек сауда, құрылыс, электрмен жабдықтау, қаржы және сақтандыру қызметі, әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласындағы қызмет сияқты салаларда жұмыс істейді.
Ерлан Қошанов Қарағанды өңірі әлеуетті инвесторларға медицина мен фармацевтика, туризм, ауыл шаруашылығы бойынша 70-ке жуық жобаны ұсынуға дайын екенін айтты. Сонымен қатар, Израильдің дәл осы салаларда тәжірибесі мол екенін атап өтті.
Израиль елшісі Лиат Вексельман ханым  ұсынылған жобаларды қарауға дайын екенін мәлімдеді. Ол сондай-ақ Қарағанды облысының өкілдерін шілде айының басында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін форумға қатысуға шақырды. Бұл форумда су технологиялары, инженерлік инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы үшін су тарату бойынша инженерлік шешімдер талқыланады. 
— Біз Қарағандыда да тамшылатып суару жобалары мен ауыл шаруашылығына арналған су арналары бар екенін естідік. Сонымен қатар, сіздің өңірлеріңіз – өнеркәсіптік аймақ болып табылады. Біз шахталар мен өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін тазалау жобаларын ұсына аламыз, — деді Лиат Вексельман ханым.