Ерлан Қошанов: “Халыққа цифр мен пайыздар емес, нақты іс қажет”

Аймақта көп балалы аналарға қолдау көрсету мақсатында бірқатар шаралар жүзеге асырылмақшы. Нақтыласақ, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері мен аз қамтылған отбасылары, сондай-ақ, көпбалалы аналарға қалаішілік көлікте арнайы жолақы билеті қарастырылады. Бір мезгілде бірнеше баласы балабақшаға баратындарға жеңілдіктер беру мәселесі де назарда. Сонымен бірге, аз қамтылған және көп балалы отбасы оқушылары көркемсурет және саз мектептеріне, спорт секцияларына қатысуына жеңілдіктер мен тегін баруын қамтамасыз ету жолы да талқылануда. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалының кезектен тыс ХХХІ конференциясында филиал төрағасы, облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ мәлімдеді.

Көп балалы аналарға байланысты проблемалар қатарында мектепте балаларға тегін ыстық тамақ беруді жолға қою да бар. Ерлан Жақанұлы Ұлытау, Сәтбаев қалаларында жергілікті бюджеттен 1-4 сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылғанын айтып, бұл тәжірибені назарға алу қажеттігін атады. Оған қоса, бастауыш мектептерде ұзартылған топ ашу үшін қандай мектептер де мүмкіндік бары сараланбақ. Жалпы, көп балалы аналарға қатысты мәселелер бойынша «Нұр Отан» партиясы жанындағы отбасы және әлеуметтік көмек жөніндегі кеңеске шұғылдануды тапсырды.

– Мемлекеттің ең басты құндылығы – адам және оның өмірі екені сөзсіз. Сондықтан, халық табысының өсуі мен өмір сапасының артуы – біз үшін аса маңызды. Сол себепті мен бүгін бірінші кезекте тұрғындар үшін ең маңызды мәселелерге көңіл аударғым келеді. Олар – халықтың табысы мен бағаларды тұрақтандыру, білім, медицина, тұрғын үй және экология мәселелері. Бұлар біздің азаматтарымыздың әл-ауқатының негізін құрайды. Адамдарға цифрлар мен пайыздар қажет емес. Олар өмір сапасының нақты іс жүзінде артқанын қалайды. Сол себептен де мен осы мәселеге назарларыңызды ерекше аударғым келеді, – деді Ерлан Қошанов.

Осы орайда, әкім облыста жүзеге асқан шараларға тоқталды. Аймақ басшысының айтуынша, Мемлекет басшысының жұмысшылардың жалақысын көтеру туралы бастамасына облысымыздың барлық 32 мың кәсіпорыны қолдау көрсеткен. Соның нәтижесінде жалақы орта есеппен 14%-ға көтеріледі. Бұл 220 мыңнан аса жұмысшыны қамтиды деп жоспарлануда.

Тарифтің төмендеуіне қатысты тапсырмалар да жүйесін тауып отыр. Биылғы жылдың басынан бері барлық коммуналдық қызметтердің тарифтері 5-10%-ға төмендеді. Деректерге сүйенсек, бұл төмендеу аймақ тұрғындарының 3,2 млрд. теңгесін үнемдеуге мүмкіндік береді. Жеке сектордың тұрғындары үшін көмірдің бағасын орта есеппен тоннасына 2000 теңгеге дейін азайту қамтамасыз етілген. Тұтынушылық бағалар индексін ұстау жөніндегі жұмыс жалғасып жатқаны да айтылды. Мұндағы көрсеткіш – 105,1%.

Сонымен қатар, білім, денсаулық сақтау, құрылыс, көлік жолы, инвестицияға қатысты атқарылған және кезегін күткен жұмыстар да жария етілді. Партия мүшелері осы бағыттардағы жұмыстарға жұмылып, Елбасы тапсырмасын орындауда бақылау мен бастаманы күшейтетін болады.

Филиал төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова партияның атқарған жұмысының ауқымды екенін, алайда, әлі де кезегін күткен толайым істердің барлығын еске салды. Қазақстанның жаңа заманғы бағдарындағы мақсатқа жету жолында «Нұр Отан» партиясы бағдарламасының алар орны айрықша екенін атады.

– Бағдарлама 5 институционалды реформаға негізделеді. Бұл – елімізді дамыған мемлекеттердің қатарына көтерудегі сенімді реформа. Біздің алдағы онжылдықтағы мақсатымыз – әрбір қазақстандықтың өмір сүру деңгейі сапасының артуы үшін елді жүйелі жаңғырту. Елдегі жетекші саяси күш ретінде Ұлт Көшбасшысы анықтап берген Стратегия аясында бар күшімізді алдағы онжылдықтағы 10 басты мақсатқа жұмылдыруға бағыттаймыз, – дейді Қадиша Оспанова. Он мақсаттың қатарында, белсенді әлеуметтік саясатқа көшу, қолжетімді болашақ білімді қамтамасыз ету, дені сау адамдардың мықты ұлтын қалыптастыру, жалпыға бірдей әл-ауқат мақсаттарында экономиканың өсуі, қоғамның әлауқатының негізі ретінде бизнесті қолдау, азаматтардың қолайлы өмір сүруі үшін жағдай жасау, азаматтардың мүддесінде мемлекеттің тиімділігін арттыру сынды басымдықтар бар. Осы 10 мақсатты іске асыру – елдің игілігі үшін одан да белсенді жұмыс жасайтын кезең дейді партия өкілдері.

Конференцияда 27 ақпанда «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына орай ұйымдастырылатын кезекті XVIII съезіне делегаттар сайланды. Қарағанды аймағынан 92 делегат қатысады деп күтілуде.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»