Ерлан Қошанов жұмыс сапарымен Қарағанды облысына келді
Мәжіліс спикері, AMANAT партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов бастаған депутаттар тобы Қарағанды облысына келді. Ол әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындардың жұмысымен танысып, өңір тұрғындарымен кездесті. Нысандарды аралау жұмысына Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев та қатысты.
Мәжіліс Төрағасы «Qarmet» АҚ Көмір департаментіндегі жаңа диспетчерлік-сараптамалық орталықтың жұмысымен танысты. Онда қандай міндеттер атқарылатынын компанияның құрылтайшысы Андрей Лаврентьев пен бас директор Вадим Басин көрсетті. Бұл нысан өндірістік қауіпсіздікті бақылауға жауап береді, оның ішінде оттегі деңгейі мен метан концентрациясын өлшеу жұмыстары да бар. Мамандар шахталардың жағдайын тәулік бойы бақылайды және кез келген қызметкермен байланысқа шыға алады.
– «Qarmet»-тің қазақстандық компанияның меншігіне қайтарылғаны Қарағанды үшін ғана емес, бүкіл ел үшін маңызды оқиға болғаны белгілі. Бұл Мемлекет басшысының маңызды саяси шешімі болды. Жаңа инвестор өндірісті кешенді түрде жаңғыртуға міндетті. Бес жыл ішінде комбинат металлургия көшбасшысы статусын қайтаруы керек. Бұл ретте еңбек қауіпсіздігі мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейту қажет. Ең бастысы – біздің жұмысшыларымыздың өмірі мен денсаулығын сақтау. Апаттар мен жазатайым оқиғалар болмауы керек», – деді Ерлан Қошанов.
AMANAT Төрағасы кәсіподақ мүшелерімен кездесу барысында жұмысшылар мен шахтерлерге мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдауды күшейту мәселелерін талқылады. Парламент депутаттарының, AMANAT партиясының және Үкіметтің бірлескен күш-жігерімен Еңбек гигиенасы мен кәсіби аурулар ғылыми институты қайта құрылып, жұмысшыға жазатайым оқиғалар кезінде кінәлі болуына қарамастан толық сақтандыру төлемін қамтамасыз ететін жаңа заңдар қабылданды.
Сондай-ақ кездесуде еңбек жағдайлары зиянды өндіріс жұмысшыларына 55 жастан бастап арнайы әлеуметтік төлем алу мүмкіндігін беретін жаңа заңға ерекше назар аударылды. Көміршілер кәсіподақ ұйымының Төрағасы Евгений Буслаев жаңа мүмкіндікті «Qarmet» АҚ-ның 800-ден астам қызметкері пайдаланғанын атап өтті. Бүгінде бүкіл ел бойынша төлемдерді 8 мыңнан астам адам алуда. Ол бұл заңның еңбек адамдарын қолдаудағы мемлекеттің нақты қадамы екенін айтып, оның жедел қабылданғаны үшін Президентке және AMANAT партиясына алғысын білдірді.
Бұдан бөлек, Мәжіліс спикері Бұқар-Жырау ауданындағы Садовое және Чкалов ауылдарына барып, су тасқынынан кейінгі қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. 2017 жылы осы ауылдардың айналасында жартастан жасалған бөгеттер салынды. Абырой болғанда, ол биыл бұл елді мекендерді су тасқынынан қорғап қалды.
Алайда ауылда су тасқыны мәселесі шешілгенімен, жергілікті ақсақал Сайлаухан Шошиннің айтуынша, тұрғындардың мал жаятын жерлері жоқ. Өз кезегінде AMANAT Төрағасы партиялық «Жер аманаты» комиссиясының жұмысы туралы айтты. Жоба арқасында екі жыл ішінде 10,8 миллион гектардан астам заңсыз иемденген жайылым жер мемлекет меншігініне қайтарылды. Жеке қосалқы шаруашылықтарға көмек көрсету үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Жайылымдар туралы» заң қабылданды. Бұл заң қоғамдық жайылымдар туралы жаңа нормаларды енгізеді, яғни жайылымдарды конкурссыз бөлуге, жайылымдарды басқа ауыл шаруашылығы алқаптарына айналдыруға тыйым салады және бір гектарға мал жаю нормативін 20-дан 50-ге дейін арттырады.
Қарағандыда Ерлан Қошанов мемлекеттік және сервистік қызмет көрсету орталығына барды. Онда өткен жылдың қазан айында елдегі алғашқы әйелдерге арналған полиция учаскесі ашылды. Ол функционалды түрде отбасына көмек көрсетудің бірыңғай орталығына айналды. Бұл жерде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына кешенді көмек көрсетіледі. Орталықта психологтар, заңгерлер, сот орындаушылары, ювеналды полиция, теологтар, волонтерлер, медиаторлар, әлеуметтік қызметкерлер және басқалар жұмыс істейді. Мәжіліс Төрағасы Қарағанды облысының тәжірибесін оң бағалап, мұндай жобаны еліміздің басқа өңірлерінде де енгізуді ұсынды.
Дәл осы күні Мәжіліс спикері Күнгей шағын ауданында 600 орындық мектеп құрылысының барысымен танысты. Білім ұясы AMANAT партиясының республикалық сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы аясында салынып жатыр. Жергілікті белсенділер қаланың осы бөлігінде мектептің жоқтығы туралы мәселені көптен бері көтеріп келген. Барлық жұмыстарды осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Мәжіліс Төрағасы Қарағандының жылу желілерін жаңғырту жұмыстарымен танысты. Жаңа магистраль жылу қуатының тапшылығы мәселесін шешеді және қаланың қолданыстағы желілеріне түсетін ауыртпалықты азайтады. Бұл шаһардың одан әрі дамуы үшін қажетті қорды құруға мүмкіндік береді. Жоба 2024 жылдың күзіне дейін толық жүзеге асырылады.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА