Қазақстанда әуежайлар мен вокзалдарға атау беру қағидалары өзгерді
Қазақстан Үкіметі әуежайлар, порттар, теміржол вокзалдары, метро станциялары, автовокзалдар және мемлекеттік меншіктегі өзге де нысандарға атау беру қағидаларын жаңартты деп хабарлайды Ortalyq.kz тілшісі inform.kz сайтына сілтеме жасап.

Жаңа тәртіпке сәйкес, мемлекет пен қоғамға ерекше еңбек сіңірген тұлғалардың есімі мемлекеттік нысандарға олар қайтыс болғаннан кейін кемінде бес жыл өткен соң ғана беріледі. Бұл талап Қазақстан тәуелсіздігін нығайтуға айрықша үлес қосқан азаматтарға қолданылмайды.
Сондай-ақ, нысандарға атау беру немесе өзгерту кезінде ұсынылатын құжаттар тізімі нақтыланып, өтінішхат, тиісті шешімдер, өмірбаяндық және мұрағат материалдары, сондай-ақ қаржыландыру туралы ақпарат міндетті түрде ұсынылуы тиіс.
Уәкілетті орган құжаттарды үш жұмыс күні ішінде қарап, Республикалық ономастика комиссиясының қорытындысына жолдайды. Комиссия оң қорытынды берген жағдайда, тиісті мемлекеттік орган немесе жергілікті атқарушы орган атау беру не өзгерту туралы шешім қабылдайды.
Үкіметтің бұл қаулысы 2026 жылғы 17 шілдеден бастап күшіне енді.
Диас СЕЙЛҒАЗИН
Е. Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ-дың студенті



