Бұқар жырау ауданындағы 345 тұрғын тұратын Ақжар ауылында 52 үйдің барлығы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Бұған дейін ауыл тұрғындары үшін өзекті мәселенің бірі болған сапалы ауыз суға қолжетімділік енді толық шешімін тапты. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында елдімекенде су құбыры тартылып қана қоймай, кіреберіс жол жөнделіп, көше жарығы орнатылды, балалар ойын алаңы мен мал тоғыту орны салынды.

Облыста ауылдық елдімекендердің инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Негізгі мақсат – шалғайдағы шағын ауылдардың өзінде тұрғындар үшін қолайлы тұрмыс жағдайын қалыптастыру, инженерлік желілерді жаңарту және әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін арттыру.
Осы бағытта Бұқар жырау ауданындағы Ақжар ауылында бірнеше маңызды жоба жүзеге асырылды. Солардың ішіндегі ең ауқымдысы – елдімекенді орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету жобасы.
Ауылға таза су жеткізу үшін ұзындығы жеті шақырым болатын су құбыры желісі тартылды. Сонымен қатар, су мұнарасы тұрғызылып, су тарту құрылыстарының алаңы жабдықталды және екі ұңғыма бұрғыланды. Нәтижесінде ауылдағы барлық тұрғын үй орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды.
Ақжардағы инфрақұрылымдық өзгерістер мұнымен шектелмейді. Ауылға кіреберіс бес шақырым жолға жөндеу жүргізілді. Жұмыс барысында жол бойы тегістеліп, жол төсемінің негізі дайындалды. Су өткізгіш құбырлар орнатылып, асфальтбетон жабыны төселді және қажетті жол белгілері қойылды.
Жол сапасы Ұлттық жол активтері сапасы орталығының зертханасында тексерілді. Сынақ қорытындысы бойынша асфальтбетон жабынының қолданыстағы нормативтік талаптарға толық сәйкес келетіні анықталды.
Елдімекенде тұрғындардың қауіпсіздігіне де назар аударылды. Ауыл көшелеріне жаңа жарық шамдары орнатылып, түнгі уақытта жүріп-тұруға қолайлы жағдай жасалды. Көше жарығы ауылдың көркін арттырып қана қоймай, жол-көлік оқиғалары мен түрлі келеңсіз жағдайлардың алдын алуға ықпал етеді.
Балалардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін заманауи ойын алаңы салынды. Мұнда әртүрлі жастағы балаларға арналған ойын құрылғылары орнатылып, қауіпсіз демалыс орны қалыптастырылды.
Жергілікті тұрғындардың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысатындықтан, ауылда арнайы мал тоғыту алаңы да жабдықталды.
Өз тілшімізден



