Қай уақытта болсын, экономика екпіні кәсіпкерліктің қарқынымен өлшенеді. Аймақта шағын және орта бизнесті қолдау бүгінде тек қаржылай көмек көрсетумен шектелмей, өркенді өндірістерді іске қосуға, ауылдағы кәсіпкерлікті мейлінше жандандыруға әрі өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыруға бағытталған кешенді саясатқа айналды. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте осы бағыттағы атқарылған жұмыстар сараланып, берекелі бизнесті қолдаудың жаңа міндеттері айқындалды.

Келелі жиынның бас тақырыбы өңір экономикасының басты тіректерінің бірі саналатын шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне арналды. Алғаш болып сөз бастаған Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Асқар Ғазалиев саладағы негізгі көрсеткіштер мен мемлекеттік қолдау тетіктері туралы мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, бүгінде облыста 94,5 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Атаулы салада 246 мың адам еңбекпен қамтылған. Жылдың алғашқы жартысында кәсіпорындар шамамен 5 триллион теңгенің өнімін өндірген. Бәсірелі бизнес өңірдегі негізгі салық төлеушілердің бірі болып қала бермек. Осы кезең аралығында бюджетке 222,1 млрд теңге көлемінде салық түсіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,3 пайызға артқан.
– Мемлекеттік қолдаудың басты мақсаты – қаржыландырудың қолжетімділігін арттырып, қаражатты нақты өндірістік жобаларға бағыттау. Жыл басынан бері жалпы кредиттік қоржыны 57,2 млрд теңгені құрайтын 416 жоба қолдау тапқан. Сонымен қатар, бұған дейін қолдау көрсетілген шамамен 1,7 мың жобаны сүйемелдеу жұмыстары қоса жалғасуда. Басымдық өңдеуші өнеркәсіп, сауда, көлік, туризм, IT, денсаулық сақтау және білім беру салаларына беріліп отыр, – деп хабарлады Асқар Арстанұлы.
Ауылдық аумақтардағы кәсіпкерлікті дамыту мәселесі де ерекше назарда. Осы бағытта жеңілдетілген несие беру, инфрақұрылымдық және консультациялық қолдауды көздейтін «Іскер аймақ» бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарламаны жүзеге асыруға 1,2 млрд теңге бөлінген. Есесіне жаңа жұмыс орындары ашылып, ауылдық аудандар мен шағын қалалардың экономикасын дамытуға мол мүмкіндік береді. Сонымен қатар, өңірде әлеуметтік кәсіпкерлік те қарқынды дамып келеді. Бүгінде әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды жұмыспен қамтып отырған 56 әлеуметтік кәсіпорын арнайы тізілімге енгізілген.
Ал, Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов қолдау құралдары мен тетіктеріне тоқталды. Мәселен, «Өрлеу» бағдарламасы аясында 29,6 млрд теңгеге 146 жоба қаржыландырылса, Кепілдік қоры арқылы 13,6 млрд теңге көлемінде кепілдік беріліп, 125 жоба қолдау тапқан. Әлеуметтік кәсіпкерлер мен «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистеріне гранттар бөлінген. Сондай-ақ, бизнеске арналған инженерлік инфрақұрылымды дамыту жалғасуда. Биыл осы бағыттағы жалпы құны 2,3 млрд теңгені құрайтын 10 жобаға қолдау көрсетілді.
– «Бір ауыл – бір өнім» жобасының іске асырылу барысы ойдағыдай. Жергілікті шикізат негізінде бірегей өнім өндіретін шағын кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған жоба өңірде 2023 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде өңірлік көрмелерге 153 қатысушы жұмылдырылып, олардың арасынан 10 финалист анықталды. Оның алтауы 5 млн теңгеге дейінгі гранттарға ие болды. Көрмеге қатысушылар саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2023 жылы өз өнімдерін 20 өндіруші ұсынса, 2026 жылы олардың саны 62-ге жеткен, – деп мәлімдеді Ернар Дауылұлы.
Айталық, жетелі жобаның былтырғы финалистерінің жетістіктері де назар аударарлық. Мәселен, Гүлжан Әбдіқашеваның керамикалық бұйымдары бүгінде Қазақстан Республикасынан бөлек Жапонияда да сатылуда. Ал, 2027 жылы шебер АҚШ-тың Джорджия штатындағы Санди-Спрингс қаласында өтетін халықаралық көрмеге шақырылған. Гүлпахат Құттыбаеваның киізден жасалған бұйымдары Түркия, Франция, Италия және АҚШ нарығына шыққан. Дәмелі Ермекова грант қаражатының көмегімен балаларға арналған ұлттық қолөнер оқу орталығын ашса, Жанар Қаңтарбаева ірімшік өндіретін цехті іске қосып, өнімдері Қарағанды мен Астана қалаларындағы сауда орындарында сатылуда. Биыл жобаға 62 қатысушы шақырылып, оларды іріктеу жұмыстарына Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) сарапшылары қатысуда.
Бизнесті қаржылай емес қолдау шаралары туралы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының аймақтық филиалының директоры Мұхамед Әбдулин баян етті. «Мобильді фронт-офис» жобасы аясында арнайы жабдықталған шағын автобус сатып алынып, оның көмегімен «Атамекен» ҰКП, Аграрлық несие корпорациясы, «ҚазАгроҚаржы» АҚ және «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының мамандары аудан-аудандарды апта сайын аралап, кәсіпкерлерге кеңес беруде. Бүгінге дейін Осакаров, Нұра, Бұқар жырау, Қарқаралы, Шет аудандары мен Саран қаласында келелі кездесулер өткізіліп, оған 214 кәсіпкер қатысқан. Тамыз айының соңына дейін Ақтоғай және Абай аудандарында, сондай-ақ, Балқаш, Приозерск, Теміртау және Шахтинск қалаларында көшпелі қабылдаулар жалғасады.
– Сонымен қатар, «Бірыңғай фронт-офис» жобасы жұмыс істеп келеді. Оның аясында жыл басынан бері 700-ден астам азамат «Даму» қорының Қарағанды филиалына жүгініп, «Бәйтерек» холдингінің барлық бағдарламалары бойынша кеңес алған. 2025 жылдың қыркүйегінен бастап, қор қаржылық жоспарлау, маркетинг және персоналды басқару бағыттары бойынша оқыту бағдарламаларын өткізіп келеді. Жылдың басынан бері бұл курстарға 1488 кәсіпкер қатысқан болса, оның ішінде 67-сі – Қарағанды қаласының кәсіпкерлері. Сондай-ақ, отандық тауарларды серіктес банктердің маркетплейстерінде ілгерілету жобасы жүзеге асырылуда. Арнайы таңбамен бүгінде Қазақстан бойынша 700-ден астам өндірушінің өнімі белгіленсе, оның 40-ы – Қарағанды облысының кәсіпорындары, – деп хабарлады Мұхамед Талғатбекұлы.
Аппараттық кеңес жиынын қорытындылаған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев шағын және орта бизнесті қолдау өңірлік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала беретінін баса белгілеп өтті. Аймақ басшысы салалық басқармалар мен даму институттарына кәсіпкерлердің қаржылық және қаржылай емес қолдау құралдарына қолжетімділігін кеңейту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Сонымен қатар, ауылдық аумақтардағы кәсіпкерлікті және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөліп, «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистерін олардың өнімдері маркетплейстер мен сауда желілеріне шыққанға дейін толық сүйемелдеуді қамтамасыз етуді міндеттеді.
– «Іскер аймақ» бағдарламасы, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы, мобильді фронт-офистің көшпелі қабылдауларын қоса алғанда, мұның бәрі бір-бірінен әсте ажырағысыз, бірыңғай идеядан бастап, өнімді нарыққа шығаруға дейінгі бірыңғай қолдау жүйесі ретінде жұмыс істеуі маңызды. Әсіресе, өткен жылдардағы финалистерге ерекше назар аударуды сұраймын. Олардың табыс тарихын кеңінен насихаттап, жерлестерімізге Қарағанды облысында өз кәсібін ашудың нақты мүмкін екенін көрсету қажет. Негізгі міндет – кәсіп ашуға ниеті бар, жұмыс істегісі келетін әрбір облыс тұрғыны қолдау алу үшін қайда жүгіну керектігін нақты білуіне жағдай жасау, – деп түйіндеді сөзін өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



