Руханият

«Еркебайдың» ерекше әлемі

Отандық «Еркебай» фильмінің тұсауы кесілді. Туынды алғаш рет қарағандылық көзі қарақты көрермен назарына ұсынылды. Алдымен, «Сарыжайлау» кинотеатрында отбасылық комедияның шығармашылық ұжымы көрермендермен кездесіп, фильм туралы сауалдарына жауап берді.

Сурет ұйымдастырушылардан

Фильм 14 наурыздан еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетілімін бастады. Қарағандылық жұртшылық шығармашылық ұжымды зор ықыласпен құшақ жая қарсы алды. Актерлік құрам көрермен қошеметіне бөленіп, қызыл кілеммен жүріп өтті.

– Балаларға арналған кино жоқтың қасы. Бұл фильмді түсіргендегі алға қойған негізгі мақсатымыз – балалардың ой-өрісін дамытуға ықпал ету. Жан-жақты, алғыр болуға жетелеу. Бұл туындыны қазіргі заманауи технологиямен бөлек түсірілген фильмдердің алғашқысы десек болады, – дейді «Таудай талап production» компаниясының директоры Айдын Алиев.

Дәулетті кәсіпкердің ұлын ұрлап кеткен бұзақылар бопсалаумен ақша табуды көздейді. Бір күндік шытырман оқиға барысында ерке баланың басынан кешкен қилы жайттар фильмге арқау болған.

Бас кейіпкер Еркебай образын Расул Бауыржан сомдайды. Актер төрт жасынан бастап түсірілім алаңында жүріп, әбден ысылған. Бұл – оның комедиялық фильмдердегі үшінші басты рөлі.

– Фильм маған қызық болды. Өйткені, NOMAD каскадерлерімен өмірімде бірінші рет жұмыс істедім. Өз образымды ойнау қиынға соқпады. Мұндағы менің образым – үйде отырып қалған бала. Болашақта шет елдік фильмдерге де түсуді армандаймын, – деп атап өтті Расул Бауыр­жан.

Кинотуынды өте қысқа уақытта дайындалған. Екі ай ішінде сценарий жазылып, 20 күнде түсірілді. Актерлік құрамда отандық танымал әртістер бас қосқан. Басты рөлдегі ұрының бірі – Әшім Ахметов. Тұсаукесер күні оның туған күнімен тұспа-тұс келгенін айта кеткен жөн.

– Басында режиссер «Өте қиын болады, дайындалып келіңдер» деді. Аздаған қорқыныш болды. Себебі, түсірілім басталғанда Алматының ең ылғалды, суық кезі еді. Біз 15 күн тауда, 15 күн түнгі съемкаларда жұмыс істедік. Күндіз ұйықтаймыз, түнде түсірілімге қатысамыз. Бірақ, бәрі ойдағыдай шықты, – деді Әшім Ахметов.

Тұсаукесерге келген халықтың қарасы қалың. Шараға мүмкіндігі шектеулі балалар арнайы шақырылған. Олар – облыстық балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиеленушілері. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының «Зекет және қайырымдылық» қорының өкілдері балаларға арнайы тәттілер таратты. Бұдан бөлек, «Сарыжайлау» кинотеатрының атынан көпбалалы отбасылар мен қарттар ұйымына сыйлық берілді.

Фильмді түсіруге 120 млн. теңге қаржы жұмсалған. «Таудай талап production» компаниясының өнімі. «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының тапсырысымен түсірілген. Фильмде Іле-Алатау тауларының табиғаты көрсетіледі. Шығармашылық ұжым кинокартинаның келесі бөлімдерін еліміздің басқа өңірлерінде түсіруді жоспарлап отыр.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button