АймақБас тақырыпҚарағанды

Қарағанды облысында Металлург күні кең көлемде аталып өтеді

Қарағанды облысында Металлург күніне орай Балқаш пен Теміртау қалаларында ауқымды мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Тұрғындар мен қала қонақтарын танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен өтетін концерттер, отбасылық ойын-сауық бағдарламалары, спорт фестивалі және мерекелік отшашу күтеді.

Сурет ұйымдастырушылардан

17 шілдеде Балқашта Metalurg Fest фестивалі өтеді. Іс-шара бұған дейін Balkhash Tour Fest өткен Ақшағыл жағажай аймағында (Рембаза) ұйымдастырылады.

Фестиваль аясында балаларға арналған ойын және анимациялық алаңдар, бүкіл отбасыға арналған түрлі ойын-сауық бағдарламалары жұмыс істейді. Кешкісін танымал әртістер қатысатын гала-концерт өтеді.

Сахнада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанар Дұғалова, «Ирина Кайратовна» тобы, IL’HAN, Болат Құсайынов және Өзбекстанның аты аңызға айналған «Ялла» вокалды-аспаптық ансамблі өнер көрсетеді. Кештің жүргізушілері – танымал әзілкештер әрі тележүргізушілер Марат Оралғазин мен Еркебұлан Мырзабек. Концерт сағат 20:00-де басталады.

Фестиваль қонақтарының ыңғайлылығы үшін арнайы тегін автобус бағыттары ұйымдастырылады. Алғашқы автобус 16:30-да жолға шығады, кейін қоғамдық көлік 10–15 минут сайын қатынайды. Автобустар «Жастар» скверінен (М. Хамзин атындағы Мәдениет сарайының артында), 17-ықшамаудандағы «Шекер» аялдамасынан және Балқаш жоғары медициналық колледжі маңындағы аялдамадан қатынайды.

Фестивальге кіру – тегін.

Металлург күніне арналған мерекелік шаралар Теміртауда 18 шілдеде жалғасады. Сағат 18:00-де «Астана» алаңында үлкен концерт ұйымдастырылады.

Мерекелік сахнада M’Dee, Айқын, Jazzdauren, Мирас Жүгінісов, Yenlik, «Ирина Кайратовна» және «Винтаж» топтары өнер көрсетеді. Кештің шарықтау шегі әсерлі мерекелік отшашумен түйінделеді.

Ал 19 шілдеде Qarmet Park (Еңбек даңқы саябағы) аумағында қаланың ең ірі Kia Basketball Fest 3×3 баскетбол фестивалі өтеді.

Фестиваль бағдарламасына спорттық жарыстар, музыкалық қойылымдар және отбасылық демалысқа арналған түрлі белсенділіктер енген. Іс-шара сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін жалғасады. Фестивальге кіру барлық келушілер үшін тегін.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button