ІІМ жоғары оқу орындарына құжат қабылдау цифрлық форматқа көшті
Ішкі істер министрлігінің ведомстволық жоғары оқу орындарына қабылдау науқаны биыл алғаш рет толықтай Qyzmet-Police.kz ақпараттық жүйесі арқылы цифрлық форматта өткізілуде. 15 шілдеден бастап талапкерлер дене шынықтыру дайындығы бойынша нормативтерді тапсыру кезеңіне кірісті.

ІІМ мәліметінше, нормативтер жоғары оқу орындарында емес, талапкерлердің тұрғылықты жері бойынша аумақтық полиция департаменттерінде қабылданады. Бұл талапкерлер мен олардың ата-аналарына қолайлы жағдай жасау мақсатында енгізілген.
– Қабылдау науқанының ашықтығын қамтамасыз ету үшін барлық сынақтар бейнежазбаға түсіріліп, тікелей эфирде көрсетіледі. Сонымен қатар ата-аналар нормативтердің өту барысын сынақ алаңында жеке қатысып бақылай алады, – деді ІІМ жеке құраммен жұмыс жөніндегі департаментінің басқарма бастығы Сенбек Иманғали.
Ведомствоның хабарлауынша, қабылдаудың алғашқы кезеңі сәтті аяқталған. Үміткерлер құжаттарын электронды жүйе арқылы тапсырған, ал әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындылары да сол жүйеге енгізілген. Бұл қағаз құжат айналымын және түрлі мекемелерге бару қажеттілігін едәуір қысқартқан.
Дене дайындығы бойынша сынақтар аяқталғаннан кейін әрбір талапкердің материалдары тиісті жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына жолданады. Комиссия ҰБТ нәтижелерін, жеңілдіктердің заңдылығын және өзге де құжаттарды қарап, шешімді тек конкурстық көрсеткіштер негізінде қабылдайды.
Қажет болған жағдайда талапкерлер бейнебайланыс арқылы әңгімелесуге шақырылуы мүмкін. Әңгімелесу толықтай жазылып, бұл процестің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ететін қосымша тетік ретінде қолданылады.
– Оқуға түсіруге көмектесеміз, процесті жеделдетеміз немесе мәселені шешеміз» деген адамдардың сөзіне сенбеңіздер. Бүгінде қабылдау науқанының барлық кезеңі цифрлық жүйе арқылы жүргізіледі, әрбір шешім тіркеледі және талапкерлер оны жеке кабинеті арқылы бақылай алады, – деді Сенбек Иманғали.
Биыл ІІМ ведомстволық жоғары оқу орындарында бөлінген 1250 орынға шамамен 4 мың талапкер үміткер болып отыр.
ІІМ жеке құраммен жұмыс жөніндегі департаментінің басқарма бастығы Сенбек Иманғали ата-аналарға алаяқтардың уәдесіне сенбеуге кеңес берді.
Министрлік барлық талапкерлерге сәттілік тілеп, оқуға түсу олардың біліміне, дайындық деңгейіне және конкурстық нәтижелеріне ғана байланысты екенін атап өтті.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



