Covid-19Біздің сұхбат

Еркебұлан ЖҰМАКЕНОВ, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы: «Тойдан бұрын амандық керек»

Жалғыз қазақ қана емес, жалпақ әлемнің жарымына тарыдай шашырап кеткен Түркі жұртының төл мейрамы – Наурыз тойы Қарағанды аймағында қалай өткерілді деген сұрақ кімді болсын мазалауы мүмкін ғой. Жайшылықта «той десе қу бас домалайды» дейтін елміз. Карантин болса да, ырымы жасалмай қалмағаны анық. Сол төңірегінде анық-қанығын білу үшін облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан ЖҰМАКЕНОВКЕ хабарласқан едік.

Еркебұлан мырза, биылғы Наурыз тойына карантин талаптарының кедергісінен бастасақ?

 – Карантин жағдайы Наурыз тойын кең көлемде атап өтуге өз кедергісін келтіргені рас. Қазіргі уақытта той тойлаудан гөрі адамзаттың амандығы бірінші орында. Өздеріңізге мәлім, бір жылдан астам уақыт болды, тек біздің елімізде ғана емес, әлем короновирустан зардап шегуде. Қандай жағдайда да мәселенің оң шешімін табуға болады. Былтырдан бері біздің мәдениет ошақтары, оның ішінде кітапханалар, музейлер, театрлар онлайн жұмыс жасауды жақсы меңгерді. Бүгінде барлық мекеменің әлеуметтік желіде өз парақшасы бар. Бұрынғыдай кітапхана оқырмандары, тұрақты көрермендер шараға келіп қатыса алмаса да, тікелей эфир арқылы қонақ бола алады. Әрине, театрға барып сахнадан тамашалаған қойылымның жөні бөлек екені рас. Бірақ, тығырықтан шығатын жол іздеу, біздің міндетіміз. Елдегі жағдайға қарай оңтайланып жұмыс істеу қажет.

Көшеге шығып, той тойлаған халық болған жоқ қой?

 – Наурыз – жыл сайын ондаған мың қарағандылық пен қала қонақтарының басын қосатын ұлы той. Алайда, мереке қарсаңында Қарағанды облысы «сары» аймақта болды. Облыстың бас санитар дәрігері карантиндік шараларды күшейтуге қатысты жаңа қаулы шығарды. Қаулыға сәйкес мереке күндері көп адам жинап конференциялар, көрмелер, форумдар, ойын-сауық, сондай-ақ адамдар көп жиналатын отбасылық, салтанатты, мерекелік жиын-тойды, басқа да іс-шараларды өткізуге тыйым салынды. Біз, әрине, дәрігердің талаптарына қарай жұмысымызды оңтайландырдық. Наурыз мейрамына арналған «Жаңа күн» театрландырылған мюзиклінің телевизиялық нұсқасын дайындадық. Мюзикл С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ академиялық драма театрының сахнасында түсірілді. Театрландырылған іс-шараға кәсіби әртістер, театр актерлері және қазақстандық эстрада жұлдыздары қатысты. Мюзикл 21 және 22-наурыз күндері жергілікті телеарналардан көрерменге жол тартты. Мюзиклдің сюжеті Наурыз мейрамының тарихы және дәстүрлерімен танысуға мүмкіндік береді.

– Әйтсе де шын мәніндегі жаңа жылға (Наурыз) халықтың ықыласы бұрынғыдан анағұрлым ауа бастаған сыңайлы ма, қалай?

– Әрине, Ұлық мереке Наурызды тойлаудың маңызы жыл сайын артып келеді. Наурыз мейрамының негізі мақсаты – Қазақстан жерінде бейбітшілік пен достықты нығайту, ұлттық бірегейлікті сақтау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыру. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Наурыз мейрамын тойлаудың тұжырымдамасын жасауды ұсынды. Биыл тұжырымдама бекітіліп, соған сәйкес мерекені 14-23 наурыз аралығында әр күнді өз ерекшелігіне сай атап өттік. Он күннің әрқайсына ерекше атау берілді.

– Карантиндік талаптарды ескергенде биылғы Наурыз мейрамына қанша ақша жұмсалды? Нақты сомасын айта аласыз ба?

– Биыл Наурыз мейрамының аясында 3 үлкен шара өткіздік. Оның біріншісі – сұқбат барысында атап өткен «Жаңа күн» театрландырылған мюзиклінің телевизиялық нұсқасы. Мюзиклді дайындауға толығымен 23 миллион теңге қаражат жұмсалды. Одан бөлек біз облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы, «Арқа» айтыс ақындары мен жыршы-термешілер мектебінің ұйымдастыруымен Алашорда көсемі Әлихан Бөкейхановтың – 155, мемлекет және қоғам қайраткері, математикадан тұңғыш қазақ профессоры Әлімхан Ермековтің – 130, Алаш арысы, қайраткер Жақып Ақбаевтың 145 жылдығына арналған «Армысың, әз Наурыз» атты дәстүрлі облыстық ақындар айтысын С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында өткіздік. Облыстық жыр додасына Қарағанды, Теміртау, Сәтбаев қалалары мен Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра аудандарынан 6 жұп қатысты. Айтысқа 2 млн. 500 мың теңге қаражат жұмсалды. Осы тұста айта кету керек, алдыңғы жылдарға қарағанда биыл ұлттық өнеріміз айтысқа бөлінген қаржы екі есеге өсті.

Сондай-ақ, 10-ақпан мен 10-наурыз аралығында онлайнформатта, Instagram әлеуметтік желісінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Сарыарқаның жаңа есімдері» атты облыстық көркемөнерпаздар халық шығармашылығының онлайн байқауы өткізілді. Байқау мақсаты – Қазақстан халқының мәдени мұрасын насихаттау, халық шығармашылығының түрлі жанрларында жаңа таланттарды анықтау және шығармашылық қабілеттерін дамыту; патриоттық сезімге, туған жерге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу. Вокалдық ән айту (соло, вокалдық топтар); хореография (халық биі, заманауи би); аспаптық (жеке аспапта немесе топпен орындау); көркем сөз (мелодекламация, шығармадан үзінді, Stand Up); оригиналдық жанр (фокус, акробатика және т. б) бойынша жүйріктер анықталды.

Байқауға жасы 7-ден асқан 708 өнерпаз қатысты. Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Жаңаарқа, Қарқаралы, Нұра, Осакаров, Ұлытау, Шет аудандарының және Балқаш, Жезқазған, Қарағанды, Қаражал, Саран, Сәтбаев, Теміртау, Шахтинск, Приозерск қалаларының көркемөнерпаздары мен ұжымдары өнер көрсетті.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі наурыз айының 19-шы жұлдызында Сәкен Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрында офлайн форматта өткізілді. Облыстық көркемөнерпаздар халық шығармашылығының онлайн байқауын өткізуге 6 млн. 400 мың теңге қаражат жұмсалды.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Әңгімелескен: Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button