Еріктілер дайындықты бастады
«Астанада ЭКСПО-2017 еріктілер қызметінің қатысушыларын дайындау бойынша бағдарлама басталды. Тыңдаушылардың бірінші тобы қақтығысты жағдайларды шешу бойынша тренингтен өтті» деп хабарлайды ресми дерек көздері.
Алдағы жылы 4500-нан астам еріктілердің дайындықтарын шыңдауы қарастырылған. Көрме аумағында адамдар ағынын реттейтін еріктілер келушілерге көрме инфрақұрылымы нысандары мен элементтерінің орналасу орны туралы ақпарат беруді қамтамасыз етуі тиіс. Еріктілердің міндетіне сондай-ақ, билет алу мәселесін шешу, жоғалған жеке заттарды іздеуге көмектесу, медицина тіректерімен үздіксіз байланыста болу және сол секілді басқа да көптеген қажеттіліктер жатады.
Бүгінгі күні 3000 ерікті іріктеліп алынса, олардың басым дені – ЖОО студенттері. Көрмеге барлығы 4500 ерікті көмекші тарту жоспарлануда, олардың негізгі бөлігі өңірлер мен Алматы қаласына тиесілі.
ЭКСПО-2017 көрмесінде ерікті көмекші болуға ниет білдірушілер көрме ұйымдастырушысының expo2017astana.com. сайтында сауалнама толтыруына болады.
Өз тілшімізден.